Еркін күрестен Әзербайжан ұлттық құрамасының белді мүшесі, Олимпиада және әлем чемпионы Шариф Шарифовтың коронавирус жұқтырғаны анықталды.
Қазіргі таңда 31 жасқа толып отырған бұл балуан өткен жылы күзде күрес түрлерінен Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында күміс медальға қол жеткізіп, Токио олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған болатын.
Ол алғашында өзіне «тұмау тиген шығар» деген күдікпен дертке аса мән бермеген. Бірақ уақыт өткен сайын денсаулығы төмендеп, дене қызуы қалыпты күйін жоғалтқан. Қазір бұл спортты ем қабылдап жатыр. Жағдайы да жақсарып келеді.
Қызық болғанда, бұл азаматтың әулеті, яғни ата-анасы, апайы тағы басқа жақын туысқандары бірінен соң бірі барлығы дерлік індет жұқтырып үлгерген.
Алғашқы болып анасы «өкпеге суық тиді» деген анализбен Мақашқалада ауруханаға жатқызылған. Бірақ ол індетке айналып, нәтижесінде дерт барлық отбасы мүшелерін шарпаған.