• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Мамыр, 2020

Денің сау болсын десең, тәртіпке бағын

337 рет
көрсетілді

Облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұйымдастыруымен Көкшетау қаласындағы «Орталық базар» аумағындағы сауда орындарында карантин тәртібіне сай санитарлық талаптардың қаншалықты сақталатындығына рейд ұйымдастырылып, жеке кәсіпкерлермен түсіндірмелік жұмыстар жүргізілді. Осы бағытта арнайы құрылған мобильді топтар аудандарда да белсенді еңбек етуде.

Құрамында жоғарыда айтылған департамент өкілдері мен санитарлық эпидемиологиялық мамандар, полицейлер бар үш мобильдік топ «Троя», «Вавилон», «Рубин», «Орталық базар», «Азия» сауда үйлеріне, даладағы қоғамдық асханалар мен жайма базарларға барып, қазіргі карантин талаптарының жеңілдетілген кезеңінде сақталуы тиіс санитарлық тәртіп нормалары бойынша түсіндірмелік жұмыстар жүргізді. Журналистер қауымы бірінші топ құрамына қосылып, халықтың  көп баратын «Рубин», «Орталық базар» сауда орындарына болды.

«Рубин» сауда орталығындағы бірінші кірген дүңгіршектің ішінде төрт сатушы нан тағамдары мен тәттілер, сүт өнімдерін сатып тұр. Бұл дүңгіршекте санитарлық талаптар толық сақталады деп айта алмаймыз, іші де тар. Санитарлық-эпидемиологиялық мамандар тексеріс жұмыстарын жүргізіп, сатушыларға санитарлық тазалық жүргізу мен желдету тәртібін түсіндіріп, облыстың бас санитарлық дәрігерінің төтенше жағдай және карантин талаптары бойынша шығарған қаулылары мен тазалық сақтау ережелерін түсіндіріп берді. Сонымен бірге, балалар мен сәбилердің тағамдарын, ет,  сүт, сусын, ойыншық, мата сататын дүгіршектерге де кіріп, осындай санитарлық талаптардың сақталуын тексеріп, ескертулер жасады. Сатушылар маска мен қолғап кигенімен, антисептик құралдары тек өздеріне ғана қойылған. Біз кіргенге дейін қай дүңгіршек болсын, ондағы келушілер ешқандай әлеуметтік арақашықтық сақтамай, маскасыз, бесеуден артық жүрді. Бұл әзірше мобильді топтардың түсіндірмелік тексерістері. Енді олар алдағы күндері тексеріс жүргізуге ескертусіз шығып, талаптарды сақтамай, тәртіпке бағынбағандарға айыппұл салып, әкімшілік жауапқа тартады.

Мұндай жұмыстар Целиноград ауданында күшейтілген түрде жүргізілуде. Онда аталмыш департамент пен басқа да облыстың әкімшіліктерінен жіберілген мамандардан құралған үш бригада жұмысын жалғастыруда. Әр бригада 5 адамнан тұрады, оның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық мамандармен қатар полиция мен әкімдік қызметкерлері бар. Олар тұрғындар мен кәсіпкерлерге облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулыларының тармақтарын түсіндіріп, санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізуде.

Нақтылай түскенде, Қосшы ауылында коронавирус жұқпасының эпидемиологиялық жағдайының нашарлауына байланысты әр түрлі қызмет салаларындағы 309 кәсіпкерлік нысандарына күшейтілген тексеріс жүргізілді, әрбір үйдің ауласына барып, вирустық инфекциялардың түрлері, соның ішінде COVID-19 туралы жадынамалар таратылды. Сондай-ақ, бұл мобильді топтардың эпидемиолог мамандары коронавирус ошақтарын зерттеу жұмыстарына,  вирусты тестілеу жоспарларын құру, жұмыс істеп тұрған нысандар базасын құру және нақтылау бойынша іс-шараларға жұмылдырылды. Осылайша ондағы жұмысты күшейтуге іссапарға жіберілген қызметкерлер Нұресіл, Қабанбай батыр және Ақмешіт елді мекендеріндегі блок-бекеттерге бақылау жүргізді. Соңғы бірнеше күнде Талапкер, Қараөткел, Қосшы, Қоянды, Оразақ ауылдарында барлық санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларды аяқтады.

Мұндай ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар карантин режимі кезінде үзбей жүргізіліп тұрады дейді департамент мамандары.

 

Ақмола облысы.