• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Мамыр, 2020

Қоғамда қайырымды жандар көбейіп келеді

1352 рет
көрсетілді

Атқарушы биліктің назарынан тыс қалған шетін мәселелерді шешуде және көмекке зәру, шарасыз қалған тағдыры қиын жандар мен отбасылардың басындағы ауыртпалықты жеңілдетуде, оларға қуаныш сыйлауда қайырымдылық қағидаттары негізінде амал жасап жүрген отандастарымыз, Құдайға шүкір, көбейіп келеді.

Өзгенің бақыты үшін алаңдау ізгілікті жанның бір сипатын білдірсе керек. Ал осындай адамдардың ортамызда көптеп кездесуі біздің имандылыққа негізделген қайырымды қоғам құруға бет бұрғанымызды көрсетеді. Жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу қарға тамырлы қазақтың қанында бұрыннан бар жақсы қасиеттердің бірі.

Жеке басының қамынан гөрі өзгенің жай-күйін, мәселесін жоғары қоя алатын жастарымыз желкілдеп өсіп келе жатқаны қуантады. Қазіргі таңда еліміздің ақпараттық кеңістігінде қайырымдылықтың неше атасын, неше түрін көрсетіп жүргендер туралы жағымды хабарлар тұнып тұр. Дертіне шипа іздегенге, баласының ем-домына көмек сұрағанға қоғамның лайықты жауап беруінен бастап, үйсіз-күйсіз жүрген түрлі санаттағы отбасылардың баспана мәселесін шешіп беруге дейінгі көптеген қайырымдылық шаралары халқымыздың келешекке деген сенімін нығайтып, ізгілікті қоғам құруға деген ұмтылысын оятуда маңызды құрал болып отыр.

Соңғы кездері, басқасын айтпағанда, өз еріктерімен қаржы жинап, баспанаға мұқтаж жандарға жаңа үй салып беру, сатып алып беру үрдісі кеңінен етек алып келеді. Мұндай игілікті істерді еліміздің барлық өңірлерінен кездестіруге болады. Мәселен, «Егеменде» жарияланған «Қазақы болмыс қағидаты» атты мақалада (13 мамыр, 2020 ж.) Атырау облысына қарасты Құлсары қаласында Диас Ибатаев деген жігіттің өз достарымен бірлесіп, жұртшылықтан қаржы жинап, Бақытгүл есімді көпбалалы анаға жаңа, көлемі 120 шаршы метрді құрайтын баспана салып беруді жөн көргені туралы жазылды. Жесір ана жақында жаңа үйге қоныстанбақ. Сол сияқты газетімізде жарияланған «Кәсіпкерлер көпбалалы анаға баспана сыйлады» (25 мамыр, 2020 ж.) деген мақалада көрсетілгендей, ҚМДБ тарапынан жүзеге асырылып отырған «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Тараз қаласында тұратын көпбалалы ана Айна Жайткеноваға 2 бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Бұл сауапты іс әулиеаталық кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен жүзеге асқан.

Жалпы, азаматтық танытып жүрген қайырымды жандардың оң іс-қимылдарына қарап отырып, мемлекет атқаруы тиіс кейбір мәселелерді азаматтық қоғам, оның ішінде жастар таза жүрекпен, шынайы пейілмен, өз еріктерімен атқарып жатыр. Осындайда қоғамға жол көрсетуі тиіс атқарушы билік әлі дами қоймаған деп саналатын қазақстандық азаматтық қоғамнан үлгі алуы қажет деген ойға келесің. Атқарушы биліктің, оның ішінде жергілікті мемлекеттік органдардың жүрегі таза, өзгеге көмектесуді азаматтық борышы санайтын, өздерін дәлелдеген жандармен әріптестік орнатуға, яғни биліктің ел ішіндегі елшіл, айналасына жанашыр жандарға назар аударуы қажет. Сонда ғана қоғамымыздағы ерікті, сыбайлас жемқорлықтан ада күштер ықпалын арттырады. Халыққа керегі де осы.

Қалай десек те, өзін қайырсыз қоғамның бір мүшесі ретінде сезініп, еңсесі түсіп, енді қайттым деп жүрген жетім мен жесірдің, мұқтаж жанның көз жасы Алланың құдіретімен, жанашыр ағайынның себімен әп-сәтте құрғап, жүзі жайнап шыға келсе, бұл аз қуаныш емес. Сондай қуанышқа кенелгендер өз орта­сының қолдауын сезініп, еліне, жеріне деген сүйіс­пеншілігі оянады. Демек, кімге болса да көр­сетілген көмектің арғы түкпірінде баға жет­пес рухани қолдау жататыны сөзсіз. Бұл қол­дау біз сөз етіп отырған қайырымдылық амал­дың нағыз өзегі екені шүбәсіз. Демек, қайы­рым­дылық жасау – қоғамды сауықтырушы амал.

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмін бауырының осы дүниедегі бір уайым-қайғыдан құтылуына себепкер болса, Алла тағала оны қиямет қайымның қайғы-мұңдарының бірінен құтқарады. Кімде-кім қарызданып қысылған адамға түсіністікпен қарап, ісін жеңілдетсе, Алла тағала оның ісін екі дүние­де де жеңілдетеді. Кімде-кім мұсылман ба­уы­рының айыбын жасырса, Алла тағала екі дү­ниеде де оның айыбын жасырады. Сондай-ақ Алланың құлы мұсылман бауырына жәрдем етуін тоқтатпайынша, Алла тағала да құлына жәрдем етуін тоқтатпайды» (Муслим, зикр 38) делінген. Бізге осы айтылғандарды қаперде ұстайтын қоғам керек. Оны құру өз қолымызда.