Көктем мал төлдеп, қорада шу болатын қарбалас шақ. Осы арада Ақтөбе облысындағы қой өсіруге қатысты кейбір мәселелерді ортаға салғанды жөн көрдік.
Қой өсімтал түліктің бірі. Алынатын өнімі де көл-көсір екені ешқандай талас туғызбайды. Бұл ретте ең алдымен айтайын дегеніміз облыстағы Ырғыз, Ойыл, Байғанин және Шалқар аудандырының табиғи-климаттық ерекшелігі, мұндағы түгін тартса, майы шыққан шұрайлы далалық алқаптар қой шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы екені. Кеңестік кезеңде өңірдегі қой отарлары дәл осы аумақтарға шоғырланыпты. Бұған дейінгі қой өсіру дәстүрі мен тәжірибесі аталған аудандар аумағында жаңаша көзқарас жағдайында жалғасын тауып келеді. Бүгінгі кезде аймақта асыл тұқымды қой өсіруге бағыт ұсталып отыр. Өйткені 4-5 бас жайдақ малдан гөрі бір бас асыл тұқымды мал ұстау – әлдеқайда тиімді екендігі тәжірибеде толық дәлелденген. Бұдан алынатын өнім сапасы жоғары болатыны да бесенеден белгілі. Тағы бір атап өтерлігі, ежелгі қой шаруашылығымен айналысып келген аудандарға қоса облыс орталығынан аса қашық емес Қобда, Алға және Мұғалжар секілді аудандарда да асыл тұқымды қой өсіретін агроқұрылымдар көбейіп келеді.
Тұтастай алғанда өңірдегі қой өсіру ісінің басым бағытын жартылай қылшық жүнді және қылшық жүнді қой тұқымдары құрайды. Бұған қоса ұсақ малдың тағы бір асыл тұқымды түрі – цигай мериносын өсіруге де көңіл бөлінген. Соңғы жылдары республикамыздың көптеген облысында еділбай қойын өсіруге де сұраныс күрт өсіп келеді. Өйткені еділбай қой етінің сапасы өте жоғары екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Екіншіден, оның қатаң табиғи климаттық жағдайларға төзімді келетіні, бап талғамайтыны, жылқы секілді қыс кезінде де тебіндей жүріп, қардың астынан өз азығын өзі тауып жейтіні оның өзге тұқымдастарынан артықшылығын көрсетеді.
Асыл тұқымды қойдың бұл түрі облыстың Ырғыз ауданындағы «Алтын Әсел» ЖШС мен Ойыл ауданындағы «Данагүл» және «Толғанай» атты шаруа қожалықтарында өсірілуде. Әрине, кез келген шаруа иесі ең алдымен өзі өсіріп отырған малдан пайда тауып, қажет болған жағдайда оны экспортқа шығаруға қам жасайтыны хақ. Мамандардың мәлімдеуінше, еділбай қойының құйрығы экспорттық өнім қатарына кірмейді екен.
Түлік – өзінің төлі есебінен өседі. Бұл үшін облыстағы қой өсірушілер табиғи және қолдан ұрықтандыру арқылы оның санын өсіруге қам-қарекет жасап жүр. Ақтөбе облыстық ауылшаруашылық басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрлыбек Әлімбековтің айтуынша, облыстағы аналық саулық қойдың 90-95 пайызы қолдан ұрықтандырылады. Яғни әр отарға қошқарлар жіберіліп, күйектен өткізіледі. Сонымен бірге өңірде «Алтын Әсел» ЖШС секілді он мың бастан асатын қой өсіретін агрокәсіпорында қолдан шағылыстыру қосындары жасақталған. Мұнда негізінен жартылай қылшықты жүнді қойлар күйектен өтеді екен. Күйек маусымы өңірде әр жылдың 11 қарашасы мен 15 желтоқсаны аралығына орайластырылған.
Қазіргі күні малды өз төлі есебінен өсіру ісінде бұрынғыдай әр 100 саулықтан 120 немесе 130 қозы алу деген секілді лепірме жоспар, социалистік міндеттемелер мен асқақ ұрандар келмеске кеткен. Фермерлер әр жүз саулықтан 85-90 қозы алса, қанағат тұтады. Басты мәселе төлдің көптігі емес, саны аз болса да сапалы болып, тез ширығып өсірілуінде.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасынан алынған соңғы деректер бойынша, 2020 жылдың 1 мамырына дейін өңірдегі шаруашылықтарда 391 287 қозы алынғаны айтылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 11 мың төлге артық екенін айтады Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.
– Бұл негізгі әрі соңғы көрсеткіш емес, төлдеу мерзімі әлі аяқталған жоқ. Ауыл әкімдері малдың, соның ішінде қой-ешкінің санына жылына екі рет санақ жүргізіп отырады. Сол кезде біраз өзгерістер енгізілетініне сенім мол, – деді ол.
Қазір сақманның нағыз қызған кезі. Кеңес дәуірінде қой төлдету науқанын тиімді әрі шығынсыз өткізу үшін оған жан-жақтан адамдар тартылатын.
Бүгінгі жағдай бұдан бөлектеу. Шаруалар келісімшарт арқылы бос жүрген ауыл адамдарын уақытша маусымдық жұмысқа қабылдау арқылы мәселені шешіп отыр дейді ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Нұрлыбек Әлімбеков.
Қазіргі күні бұрынғы ұғымдағы айдаладағы қаңыраған қара қыстау мен ескі қора-қопсылар, көптен бері жөндеу көрмей, сылағы түсе бастаған тоқал тамдар мен малшы шопандардың жадағай жазғы лашықтары келмеске кеткен. Бүгінгі заманауи қой шаруашылығы кешендерінде 2 мыңнан 10 мың басқа дейін қой бағылады. Мұның жарқын мысалдары бүгінгі әңгімеміздің басты қазығына айналып отырған Ақтөбе облысында да айқын көрінетінін айтудың өзі бір мерей.
Сөз соңында бүгінде Үкімет асыл тұқымды қой өсірушілерге ұдайы қаржылай қолдау көрсетіп келе жатқанын айта кетейік. Бұл орайда меншік иелері шығарған шығынның белгілі бір бөлігін жабу үшін әр бас асыл тұқымды қойға субсидия түрінде 8000 теңге бөлінген. Бұл есепке селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті мемлекеттік жәрдемақы төлемі кірмейді. Қаржылай көмектің бұл түрі өзге есептер бойынша қарастырылған.
Сонымен бірге биылғы жылы өңірде мал шаруашылығы саласын субсидиялау үшін облыстық бюджеттен қосымша 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Соның елеулі бөлігі қой өсірушілердің еншісіне тиді. Қысқасы, облыста қой өсіріп, пайда, табыс табамын деушілерді қаржылық жағынан қолдауда кідіріс жоқ деуге әбден болады. Бұл жайт ежелден бергі ата кәсібіміз – қой шаруашылығының одан әрі дамуына алғышарт болатыны анық.
Ақтөбе облысы