• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Мамыр, 2020

Тараз: Сапасыз салынған жолдардың мәселесі өзекті

580 рет
көрсетілді

Тараз қаласындағы «Арай» тұрғын үй алқабының тұрғындары өткен жылы төселген асфальттың сапасыздығын айтып, шағымданған болатын.

Өткен жылы ғана аталған тұрғын үй алқабында бірнеше көше асфальтталғанымен, оның сапасы көңіл көншітпейтін деңгейде болып тұр. Биыл жеті бірдей көшедегі жол жабыны желініп, жарыла бастаған. Сондай-ақ аталған аудан тұрғындары кейбір кәріз люктердің асфальт астында қалғанына да наразылық танытуда.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы мәселеге орай, «Арай» тұрғын үй алқабының тұрғындарымен кездесті. Әкім тұрғындарға жағдайдың реттелетінін, шешімін табатынын жеткізді. Мердігерлердің жұмысын сынға алды. «Қала тұрғындары жол жөндеу жұмыстарының барысын мұқият қадағалап отырады. Егер олқылықтарды байқаса, оларды шешуге тырысып, әлеуметтік желілерге жариялайды. Бұл біздің қоғамдық бақылауымыз. Осылайша олар жұмыс сапасы мен мердігерлердің іс-әрекеттерін бақылауға көмектеседі. Сонымен бірге, техникалық қадағалау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мамандары неғұрлым белсенді жұмыс істеп, жұмыс сапасын тиісті деңгейде қадағалауды қамтамасыз етуі керек. Мердігерлер өз кезегінде, кез-келген кемшіліктердің өз есебінен түзетілетінін түсінулері тиіс», деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы Қойгелді, Абай, Ниетқалиев, Комратов, Сыпатай батыр және басқа да көшелерді аралады. Мұнда жылу магистралін қайта жаңартуға байланысты жол төсемі бұзылған болатын. Алайда, жұмыстар аяқталғаннан кейін жол жабыны тиісті түрде қалпына келтірілмеген. «Жолдарды қалпына келтіру сапасы нашар. Мердігерді және техникалық қадағалаушыларды шақырып, барлық олқылықтарды жою үшін қажетті шаралар қолдану керек. Мұндай деңгейдегі жұмыстарды қабылдау мүмкін емес», деді ол. Жалпы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында облыс орталығында жол құрылысы бойынша 100 жоба жүзеге асырылуда. Ол бойынша Тараз қаласының 130 көшесі қамтылады. Сондай-ақ, 88 шақырым автожолдар мен тротуарлар салынып, жөнделеді. Бұл жұмыстарға барлығы 3,3 миллиард теңге бөлінген. Жұмыстың басым бөлігі бұған дейін асфальт төселмеген көшелерде орындалады. Биылғы жылы жөнделмеген көптеген көшелерде қиыршық тас төсеу жоспарлануда. Сондай-ақ ағымдағы жылы 163 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылады. Аулалардың көпшілігінде жұмыс қазірдің өзінде басталып кетті. Мердігерлер асфальт төсеп, пайдалануға жарамсыз суару науаларын ауыстырып, шағын сәулеттік формалар мен ойын алаңдарын орнатуда.

 

Жамбыл облысы