Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының хабарламасына қарағанда жыл басынан бері облыс жолдарында жол қозғалысы ережелерінің 13 мың 789 бұзушылығы тіркелген екен. Барлық 74 жол-көлік оқиғасының салдарынан 12 адам көз жұмып, 102 адам жарақат алған.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов бұл туралы солтүстікқазақстандық спорттық автоклубтардың қатысушыларымен болған кездесуде баян етті. Бұл клубтар «JZ», «Mersedes», «BMW» және «Subaru» сияқты шетелдік автокөліктердің атауларымен аталған. «Біздің басты міндетіміз бұзушыларды тоқтатып, жауапқа тарту ғана емес. Тап қазір сіздердің бастарыңызды қосып, барлық түйткілді мәселелердің басын ашып алған жөн деп санаймыз, ал сіздер басқа авто әуесқойларға кездесу қорытындыларын, бұзушылық үшін көзделген жауапкершілік жайында айтып жеткізеді ғой деген сенімдеміз», - деп атап өтті Айдын Байматов.
Кездесу барысында спорттық машиналардағы шу басқыш ретінде пайдаланылатын тюнинг атрибуттарын пайдалануға қатысты мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды. Полицейлер көлікті заңсыз қайта жабдықтау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы бойынша жауапкершілік жүктейтінін ескертті. Осы баппен ондайларға 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Кездесуде қайта жабдықталған көлік құралдарының қатты дыбысы тыныштықты бұзатыны және бұл бұзушылыққа жататыны ескертілді. Егде жастағы қала тұрғындары, сәбилер түнгі уақыттағы күшейе түсетін шудан зардап шегеді.
Автоклуб мүшелері де көкейлерінде жүрген сұрақтарын жаудырды. Айтылған ұсыныстар полицейлердің назарынан тыс қалған жоқ.
ПЕТРОПАВЛ