Қазақстанда ағымдағы жылғы қаңтар-сәуір айларында 113 мың отбасыдан 586 мыңға жуық адамға жалпы сомасы 19,6 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды және төленді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 586 мың адамның 561 мыңы ТЖ кезінде мемлекеттік инстанцияларға жүгінбей, II тоқсанда АӘК-ті автоматты түрде алған. Оның ішінде 25 мың адам АӘК алу үшін алғаш рет жүгінген.
«Жәрдемақы ең алдымен құрамы, тұрғылықты мекенжайы және табыс деңгейі өзгермеген отбасыларға тағайындалды. Ол үшін ақпараттық жүйелерден алушылардың деректерін тексеру жүзеге асырылды, атап айтқанда, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, жылжымайтын мүлкінің, көлігінің болуы, кірістері және басқасы тексерілді. Барлық ақпарат, сондай-ақ хабарламалар, электронды пошта және мессенджерлер арқылы жіберілді. АӘК көрсетудің жаңа тетіктері шеңберінде табысы аз отбасылардағы балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Кепілдік берілген әлеуметтік топтама жас санаттары бойынша 2 түрге бөлінеді: 1-ден 6 жасқа дейінгі және 6-дан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік және тұрмыстық химия заттарының жиынтығы қарастырылған», дейді министрлік өкілдері.
Азық-түлік жиынтығына түрлі жарма, шырындар, сүт және т.б. кіреді. Тұрмыстық химия жинағы тіс пастасы, балаға арналған щетканы, кір жуатын ұнтақты, шаруашылық және иіс сабынды және т.б. қамтиды, ол тоқсанына 1 рет ұсынылады. Сонымен қатар, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектепте тегін тамақ беріледі, қоғамдық көлікте оқу орнына дейін жеңілдікпен жүреді, мектеп формасымен және мектеп керек-жарақтарымен жылына 1 рет қамтамасыз етіледі.