Таяуда әлемдегі ең бойшаң баскетболшылардың тізімі жарияланды. Алыптар көшін әйгілі Александр Сизоненко бастап тұр. 1976-1986 жылдар аралығында қазіргі Санкт-Петербургтің «Спартак» және Самараның «Строитель» клубтарында өнер көрсеткен ойыншының бойы 245 сантиметр болған екен.
Александр Сизоненко
Бойының тым ұзындығының арқасында Украинаның Херсон облысында туып-өскен Александр Сизоненконың есімі төрткүл дүниеге мәшһүр болды. Спорттың бұл түрінде ол біраз табыстарға қол жеткізгенін көзі қарақты көрермендер ұмыта қойған жоқ. Александр өзі намысын қорғаған қос команданың да белді ойыншыларының бірі болды. «Спартактың» сапында айшықты өнерімен көзге түсіп, Одақ біріншілігінің күміс медалін иеленді. Бірақ КСРО құрамасы сапында ойнау бақыты оған бұйырмады. Кезекті бір бәсекеде жарақат алған Сизоненко 1986 жылы үлкен спортпен қош айтысты. Кейіннен түрлі ауруға шалдығып, жүріп-тұрудан қалды. 2012 жылы ол 53 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Сунь Минмин
36 жастағы Қытай баскетболшысы Сунь Минминнің бойы – 236 сантиметр. 2006-2014 жылдар аралығында өз елінде, Мексика, Жапония және АҚШ-та бақ сынаған оның Ұлттық баскетбол лигасында (ҰБҚ) да өнер көрсету мүмкіндігі болған. Алайда шамамен дәл сол тұста оның ми ісігі дертіне душар болғаны анықталып, Суньге өз арманымен қош айтысуына тура келді.
Георге Мурешан
Румыниялық Георге Мурешанның бойы – 231 сантиметр. Спорттық мансабын Клуж қаласындағы университеттер командасында бастаған ол 1993 жылы ҰБҚ-дағы «Вашингтон Буллетс» клубының жейдесін киді. Одан кейін «Нью-Джерси» және Франция чемпионаттарында айшықты өнерімен көзге түсті. Мурешанның есімі әлемдегі ең белді чемпионаттың ең бойшаң ойыншысы ретінде тарихта қалды.
Сондай-ақ әлемдегі ең бойшаң баскетболшылар қатарында Мануте Бол (Судан, бойы – 231 см.), Сулейман Али Нашнуш (Ливия, 230 см.), Славко Вранеш (Черногория, 230 см.), Яо Мин (Қытай, 229 см.), Шон Брэдли (Германия/АҚШ, 229 см.), Павел Подкользин (Ресей, 226 см), Сим Буллар (Үндістан, 226 см), Чарльз Невитт (АҚШ, 226 см), Марк Итон (АҚШ, 226 см.), Рик Смитс (АҚШ, 224 см.) және Бобан Марьянович (Сербия, 224 см.) сынды саңлақтар бар.
Байыптап қарасақ, бұл азаматтардың барлығының да тағдыры сан қилы екенін байқау қиын емес. Кейбіреулері айықпас дертке шалдығып, тағдырдың ащысы мен тұщысын молынан татса, кейбіреуі тамаша спорттық карьера жасап, бұл күндері бай-қуатты өмір кешуде. Тағы бір айта кетерлігі, сол алыптардың дені түрлі фильмдерге түсіп, актерлік кәсіпте де өздерін мойындатқан екен.
Әлемдегі ең бойшаң баскетболшылар жайындағы ақпаратты оқи отырып, сол тізімнен өзіміздің жерлесіміз Увайс Ахтаевтың есімін кезіктіре алмадық. Бәлкім, кезінде ондай алып адамның бұл жалғанда жер басып жүргенін шетелдіктер білмеуі де мүмкін ғой. Бірақ кезіндегі Кеңес Одағы мен Қазақстан халқына Ахтаевтың есім етене таныс. Чешенстаннан депортацияланып келген Увайстың бойы 236 сантиметр болған. 1947-1957 жылдар аралығында ол «Буревестниктің» (Алматы) сапында өнер көрсетіп, КСРО-дағы ең танымал баскетболшылардың біріне айналды. Осындай бойшаң ойыншыны бұрын-соңды көрмеген қарсыластары оған қарсы қандай тактика қолдануды білмей әбігерге түсетін. Сол алыптың өнерін тамашалау үшін спорт кешендеріне көрермендер көптеп жиналатын. Жанкүйерлер оны еркелетіп, «чешен Вася» деп атайды. Тағы бір айта кетерлігі, Увайс Ахтаевтың есімі екі қолымен допты ұстап, шығыршыққа үстінен салатын және алаңның бір шетінен екінші шетіне оп-оңай пас бере алатын тұңғыш баскетболшы ретінде ел есінде қалды.
Увайс Ахтаев
1957 жылы қант диабетіне шалдыққан Ахтаев баскетболшы ретіндегі карьерасын аяқтап, бапкерліктің қамытын киді. 1978 жылдың жазында КСРО мен Қазақстанның ең атақты баскетболшыларының бірі саналған ол 47 жасында жарық дүниемен қош айтысты.