Елімізде бұдан 11 жыл бұрын, яғни 2009 жылдары болған қаржылық дағдарыс кезінде ең алғаш рет қабылданған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы оң нәтиже бергенін іс басында жүрген азаматтар жиі айтып жүр.
Пандемия салдарынан бұрын-соңды болып көрмеген жойқын дағдарыс тұсында бұған дейінгі тәжірибеде өзін-өзі толығымен ақтаған бағдарламаның екінші тынысы ашылып отырғаны қуанышты жайт. Әрі 2020-2021 жылдары тұрғындарды жұмыспен қамтуда әлеуметтік маңызы өте жоғары іске республика бойынша табаны күректей 1 трлн теңге бөлінгені де атап айтуға тұрарлық мәселе.
Ал Ақтөбе облысында қайтадан жаңғыртылған жол картасына сәйкес бөлінген қаражаттың мөлшері 46,3 млрд теңгені құрайды. Бұл қомақты сома әр түрлі сипаттағы 302 жобаны жүзеге асыруға негіз қалайды. Әрі шамамен 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуына септігін тигізбек. Мұны аз деуге де, көп деуге де болмайды. Белгіленген жұмыс орындарының басым көпшілігі уақытша болса, оның белгілі бір бөлігін тұрақты жұмыс орындары құрамақ.
Қазіргі таңда көрсетілген 302 жобаға түгелге дерлік конкурс жарияланған. Соның ішінде 262 жобаның мердігерлері анықталыпты. Ал 202 жоба бойынша жұмыс басталып кеткен. Сонымен бір мезгілде 680 жұмыс орны ашылып, жұмыссыз жүрген тұрғындардың қабағына қуаныш ұялатқан. Бұл жөнінде газет тілшісіне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров айтып берді. Осылайша, таяу уақытта 12 мыңға жуық адам белгіленген жұмыс түрлеріне толықтай тартылып, оны жыл соңына дейін атқаратын болады. Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында 500 жұмыс орны тұрақты түрде сақталып қалады деді облыс әкімінің орынбасары.
Бүгінгі күні өңірде тұрғындарды жұмыспен қамту мен жаңа жұмыс орындарын ашу ісі жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің біріне айналып келеді. Аудандарда және ауылдар мен ірі елді-мекендерде тұрғындардың жаңа кәсіптерді игеруіне тиісті жағдай туғызу, нарықтық қарым-қатынастар талап еткен мамандықтарға қайта әзірлеу, ауыл және аудан әкімдеріне жауапты міндеттер жүктейді. Олардың қызметі алдағы уақытта аталған істі қаншалықты деңгейде ұйымдастыра білуімен бағаланбақ.
Облыс аудандары экономикасының басым бөлігін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Әрі бұл саланы бизнесті дамытудың бір көзі деп қарастыруға да болады. Осы орайда бұл секторды одан әрі дамытуға салдыр-салақ қараған, әрі ауыл шаруашылығы өндірісінің ұйымдастыру ісінде біліктілік пен кәсібилік таныта алмаған әкімдердің өз орындарын босату ықтималдығы жоғары. Бір сөзбен айтқанда, аудан және ауыл әкімдерінің қызметі жаңа жұмыс орындарын құра білуімен өлшенбек. Міне, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің бұл бағыттағы басты ұстанымы осындай болып отыр.
Ақтөбе облысы