СҚО полицейлері жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы бойынша 769 адамды жауапқа тартқан. Бұл бап «Тыныштықты бұзу» деп аталады. Адамдардың демалысы мен тыныштығына түнгі сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн кедергі келтіргендерге жаза ретінде 5 АЕК көлемінде айыппұл салуға негіз болатын осы бап. Бір жылдың ішінде бұзушылық қайталанса 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді.
Соңғы тәуліктердің бірінде Петропавл қалалық Полиция басқармасының бөліністері 23 сағаттан кейін тыныштықты бұзу фактісі бойынша 8 шақыртуды тіркеді. Полиция қызметкерлері барлық бұзушылықтарды қасақана бұзған деп санауға болмайтынын айтады. Осындай жағдайлардың бірі шамамен түнгі сағат 1-лерде Астана көшесіндегі үйде болған. 30 жастағы азамат балконда тұрып досымен сөйлескен. Олардың сөйлескен даусынан оянған көршісі полиция шақыратынын айтып, ескерту жасаған. Тыныштық бұзған азамат көршісінен кешірім сұрап, жанжал сонымен доғарылыпты.
Кәмелетке толған қызының туған күнін атап өтіп жатқан жер үйдің тұрғындары да музыканың дауысын қатты шығарғандарын мойындап, өздерінің кінәсін түсінген. Көршілері баласын ұйықтата алмаған соң, түнгі 23-тен кейін полицияға хабарласқан. Т.Мұхамед-Рахимов көшесіндегі көршілердің көптеген шағымдары бойынша келген полицейлер мүлдем басқа көрініске тап болады. Пәтердің сынған терезесі мас жанжалқойдың іс-әрекетінің нәтижесі екенін бірден көрсеткен. Құқық бұзушы үй иесімен уақытша тұрып жатқан оның туысы болып шықты. «Пәтерді жалға алушылар мен отбасында жанжал шығарушылар тыныштықты көп бұзады. Олар айналасындағы адамдардың тыныштығы туралы ойламайды. Мұндайда пәтер бюроларының әкімшілерімен және жалға берілетін үйлердің иелерімен түсіндіру жұмысы жүргізіледі, шарт жасаған кезде олар клиенттерге тыныштық режімін сақтау керектігі түсіндіреді», дейді Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев.
ПЕТРОПАВЛ