«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы биыл кеншілер қаласын абаттандыруға айрықша серпін берген. Бүгінде қала көшелері, тротуарлар, тұрғын үй шатырлары мен инженерлік коммуникацияларға қызу жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Лисаков қаласының әкімі Алмат Исмағұлов нысандарды аралап, мердігерлермен кездесті. - Жол құрылысына пайдаланылатын материалдар зертханадан өткізіледі. Себебі біз құрылыс жабдықтарының сапасын білуіміз қажет. Ең бастысы, сапалы жол салынуы керек, - деді қала әкімі.
Биыл жүзеге асырылып жатқан 27 жобаға 2,7 млрд теңге қаржы бөлінген. – Жөндеу жұмыстарына барынша отандық өндіріс материалдарын қолдануға тырысамыз. Екіншіден, қала тұрғындары үшін жұмыспен қамту орталығы арқылы 292 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді, - деді қала әкімі. А.Исмағұловтың айтуынша, нысандарды жөндеу жоспарын құру кезінде тұрғындардың әкіммен кездесу кезінде айтылған өтініш-тілектері де ескерілген. Шағын қалада келесі айдың аяғына дейін 200 мың шаршы метр жолға асфальт төселмек.
«Расымен де, бір жыл ішінде 27 нысанды жөндеу деген бұрын-соңды болған емес. Жалпы биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша барлық жерде рекордтық қаржыландыру бар. Енді жұмысты сапалы, уақтылы орындау міндеті тұр», - деді әкім.
Қостанай облысы