Еркебұлан Әкімқожаұлы Алматы облысы Іле ауданының Н.Тілендиев ауылындағы мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Ауыл мұғалімі біз көтеріп отырған осы бір көкейкесті мәселеде кедергі ретінде ең көп айтылатын жалақы жөніндегі уәжге нүкте қойғандай. Өйткені оның еңбекақысы қазіргі таңда 400 мың теңгеден асады. Осы деректі келтіргенде, сонау 90-жылдардан бері санаңызға сіңіп қалған көзқараспен «Мүмкін бе?» деп сұрақты төтесінен қоятын шығарсыз. Әлбетте мүмкін. Ал мұндай мүмкіндік бола тұра, берік бекеттің бір бұрышы бұзылса да ер мұғалімдердің саны неге күрт көбеймейді? Енді нендей тосқауыл тежеп тұр?
Жалақыдан да құнды дүние бар
Осы мақаланы жазбас бұрын аздаған журналистік зерттеу жасап, қоғамның мәселеге қатысты ойын біліп алу мақсатында сауалдама жүргіздік. Сонда жауаптардың 70-80 пайызында жалақы мәселесі айтылды, тіпті арасында «250 мың теңге айлық төлесе, мектепте сабақ беруге барар едім» деп жазғандар болды. Әрі осылай жауап бергендер арасында мұғалім болып жұмыс істеуге мүмкіндігі бар және дипломы сай келетін жандар да кездесті. Содан сенімді дереккөздерін табуға тырысып, мұғалім болып еңбек ететін таныстармен тілдестік. Басым көпшілігі сауалдамаға жауап берушінің арманындағыдай, кейбірі тіпті одан да жоғары жалақы алып жүр.
Соның бір дәлелі Еркебұлан Әкімқожаұлы ауылдық елді мекенде тұрып, нан табамын деп қаншама мың шақырым жердегі қалаға сабылған көп жұмыскерден 2-3 есе жоғары жалақыға қол жеткізіп отыр. Біраз адам сене қоймас, бірақ ол екі жерде емес, бір ғана мектепте 1,5 мөлшерлемемен 400 мың теңгеден аса айлық алады. Әрине, тек қана сағатпен мұндай жалақыға жету мүмкін емес, бұл да еңбек. Еңбекақысының өсуіне (жаратылыстану пәндерін 3 тілде оқыту бойынша) информатика пәнінен ағылшын тілінде сабақ бергеніне, педагог-модератордан бастап педагог-шеберге дейінгі біліктілік санаттарының ішінде зерттеуші деп аталатын санатына қосылған үстемеақысы сеп болды. Демек, педагог өзін дамытып, жетілдірген сайын оның жалақысы да жоғарылап отырады. Осы тұста біз байқаған бірінші кедергі – құндылықтар өзгере бастаса да, біржақты көзқарастардың көкейде қағылған қазықтай қатып қалуында секілді. Өйткені ақпарат көздерінен мұғалімдердің жалақысы өсіп, түрлі санаттар бойынша үстемеақылардың қосылатыны туралы деректер таратылса да санадағы сенімсіздік кейін тартады. Әйтпесе талай адам педагогикалық мамандықты бітіріп, 70-100 мың теңгеге ғимарат күзетіп, не еден жуып жүрер ме еді...
Алғашқы кедергіні айқындадық, алайда біз байқаған керітартпа көзқарас пен көпшілік айтқан жалақы жайынан да маңызды мәселе бар екен. Мұны қазақ «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деп бір ауыз сөзбен жеткізген. Ал кейіпкеріміз Еркебұлан Әкімқожаұлы: «Мен 16 жылдан бері мектепте жұмыс істеп келемін. Өз жүрегіммен қалап келген кәсібім болғандықтан, барлық жағдайға төтеп беріп жүрмін. Ең алдымен, мұғалімдіктен қашатындар – дипломды кездейсоқ алғандар, мамандықты амалсыз оқығандар. Одан кейін жоғары жалақы бар проблеманы шешіп тастайды деп ойлайды. Өкінішке қарай, қазіргі қызметінен екі есе жоғары еңбекақы тағайындап тұрса да, тартыншақтайтындар бар. Неге? Себебі мұғалімнің мәртебесі әлі де болса төмен. Әбден жауыр болған жайт деуге де болады. Дегенмен, бұл – ең негізгі кедергілердің бірі. Иә, заң қабылдадық дерсіз, бірақ мәселе – заңның қабылдануында ғана емес, оның орындалуында. Керек десеңіз, орындалуынан да маңыздысы – оны керек, мұқтаж жанның қолдануында. Бір ғана мысал, мұғалімдерді міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды заңмен шектеді, ал осы талап толығымен орындалып жатқан жоқ. Себебі неде? Өйткені оның орында- луын жанын салып қадағалап жатқан органдар жоқ, яки бақылаушылар білек сыбанып тұрса да құқығын қорғауға қолданып жатқан мұғалім жоқ», деп түсіндірді. Иә, шынында мәртебесі биік мамандықтарға бүйрегіміздің бұрып тұратыны, бағалауға келгенде де кәсіптің нәсібімен емес, қоғамдағы беделімен өлшейтініміз рас. Олай болмағанда әріптесіміз бен ауылдасымыз секілді қызметінің әшейін аты мен мекеменің атауына бола 100 мың теңге жалақыға жұмыс істемес еді.
Ер мұғалімді жұмысқа алу керек
«Мектепте ер мұғалімдер санын көбейту үшін не істеу керек?» деген сауалымызға екі адам бірдей: «Ер мұғалімді жұмысқа алу керек», деп жауап беріпті. Алғашында қабылдай алмадық. Себебі жауап емес секілді. Ал тереңіне бойлай білсек, біршама кедергінің бетін ашады екен. Айталық, мектеп басшылығына ер мұғалімді тарту да түйткілге айналып отыр. Себебі көбіне әйел адамдардың кандидатурасы қабылданып кетіп жатады немесе басымдық беріледі. Мұның маңызы неде? Егер оқу ошағының басшылығына ер адам келсе, ер мұғалімдер де өздігінен тартыла түседі. Оған жақында ғана бас басылымға шыққан «Кабинетін мұғалімдерге босатып берген директор» атты мақаламыздың кейіпкері айқын дәлел бола алады. Еліміздегі ең жас мектеп директоры, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Шәкәрім Сейсембай: «Мен келгелі ер мұғалімдердің саны артты. Десе де түпкі ниетіміз ондай болмаған. Ер мұғалімдерді мақсатты түрде іздесең де таба алмайсың. Өйткені Қазақстанда олардың саны аз. Меніңше, бұған мектепке ер кісінің директор болғаны әсер етті», деп еді. Иә, негізінен директордың ер болғаны да септігін тигізетін шығар. Дегенмен, әйел адам басқарса да ер мұғалімдерінің үлесін тым болмағанда 25%-ға жеткізуге мүдделі болғаны абзал.
«Ер мұғалімді жұмысқа алу керек» деген қарапайым қағида сынды жауаптың астарындағы екінші жайт қызметкерді жұмысқа алатын, кадрлық құрамды жасақтайтын кей директорлардың ер мұғалімді жұмысқа емес, жұмсауға алғысы келетінінде болса керек. Өйткені «барып кел, шауып келге» жүгіртетін жұмысшыға бөлек жалақы бергеннен гөрі мұғалімге жүктей салу жеңілдеу әрі қалтаға тиімдірек қой. Міне, осы себепті ер адамдар мұғалімдіктен қашады, өйткені басшылардың қолжаулығы болғысы келмейді. Әрі бас тартуды, құқығын қорғауды басшылыққа бағынбау деп түсінетін директорлармен тәжікелесіп, жүйкесін жұқартудан қашады. Бұл ретте сауалдамамызға қатысқан педагог Сандуғаш Алиманованың: «Директордың орынбасары болып істейтін жап-жас қыздар шкаф көтерісу, стенд ілісу, т.б жұмыстарға ер мұғалімдерді зіркілдеп жұмсап жатқанда қарадай ұяласың. Әкесіндей адамды оқушының алдында жер қылады. Ер адамды әуелі әйел және қыз мұғалімдер сыйлап, оқушыға үлгі көрсетуі керек. Онсыз басқаның бәрі бос сөз», деген пікірін қоса кетпеске болмас.
Міндетін білмеу де міндетті көбейтеді
Адам кәсібіне қатысты өз міндеттерін білмесе де жұмысы көбейеді. Бұл ой тағы да сол жоғарыдағы қоғамдық пікірден туды. Бізді ойлантқаны «Мектептегі қағазбастылықты жою керек, әйтпесе ер мұғалімдер таусылмайтын есептерді толтырып отыруға шыдамайды» деген мазмұндағы пікірлерді сол салада жұмыс істейтін педагог қызметкерлердің айтқаны болды. Неліктен? Себебі біз бас басылымда «Мұғалімнен артық есеп сұрамаңыз» тақырыбымен түйткілдің түйіні тарқатылғанын хабарлағанбыз. Біраз БАҚ өкілдері Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қажетсіз есеп беру мен өздеріне тән емес міндеттерден босататын бұйрыққа қол қойғанын, аталған құжатта 2020 жылғы 6 сәуірдегі №130 бұйрықта орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізімі көрсетілгенін жарыса жазды. Мәселен, пән мұғалімі күнделікті екі құжатты – сынып журналы мен сабақ жоспарын толтырады. Ал оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды жазып, әр тоқсан соңында критерийалды бағалау бойынша құжаттарды әзірлейді. Осыдан өзге есеп талап етілмейді. Бұл бұйрық, жағымды жаңалық педагогтердің құлағына жетпеді ме, әлде педагогтердің басшылары құлақ аспай ма? Біздіңше, мұғалім өз міндетін анық білсе, міндетіне жатпайтын жүктемені арқалап жүрмейді. Демек, артық есеп пен қағазбастылық – жойылған, педагог санасынан да жойылуы тиіс кедергі.
Түйін
Ер адам – бәрінен бұрын отбасының асыраушысы. Ал ер мұғалімі жоқ білім ұясы асқар таудай әкесінің төбесі көрінбей кеткен шаңырақ секілді, орны ойсырап тұрады. Озат оқушыны ғана емес, табанды, жігерлі, бүгінгідей алма-кезек заманда, сын сағатта сынып кетпейтін, рухы биік ұрпақты тәрбиелеуде ер мұғалімдердің аздығы, кей мектептерде тіпті жоқтығы білініп-ақ жүр. Сондықтан ұрпақ жайына алаңдаған әр адам, әсіресе жоғарыдағы жауаптылар мен елдің жайын мінберлерде көтеріп жүрген азаматтар бұған бей-жай қарамас деп сенеміз.