Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың денсаулығын нығайту мен отандық медицинаны дамытудың маңызын айқындайтын бірқатар басты мәселелерді қозғады.
Бүгінде біз отандық медицинаны дамытуда үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Нормативтік-құқықтық дерекқор қалыптастырылды және денсаулық сақтау саласында мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Жыл сайын отандық медицина үшін қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғаюда. Атап айтқанда, халыққа мамандандырылған медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі көрсетіліп, медицина қызметкерлерін оқытуда, заман талабына сай медициналық мекемелер салынуда. Соның ішінде Ұлттық нейрохирургия және кардиохирургия орталықтары да бар. Олар отандастарымызды шетелге ем қабылдауға жібермей-ақ, елімізде күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік беретін медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуда.
Коронавирустық инфекция пандемиясы әлем елдеріне медицинаның жаңа бағыттары мен басымдықтарын айқындап берді. Осы жағдай өз шешімін табуды талап ететін мәселелердің бетін ашты. Қазақстанды алар болсақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, денсаулық сақтау саласында бірқатар мәселелер басты назарда. Оның ішінде медицина ғылымын, фармацевтикалық және медициналық өндірісті, цифрландыруды, биологиялық қауіпсіздік және санитарлық-эпидемиялық белсенділікті дамыту, аймақтардағы медициналық хал-ахуалды жақсарту, жаңа медициналық мекемелерді салу және тағы басқа.
Өз кезегімде, мен расында да медицина ғылымын дамыту мен медициналық қызметкерлердің ғылыми және клиникалық зерттеулерге қатысуына қолдау жасау отандық медицинаның жаңа бағыттарын, әдістерін және технологияларын дамытуға мүмкіндік беретіндігін атап өткім келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда бұл үшін барлық әлеует, күш-қуат жеткілікті, яғни жоғары мамандандырылған кадрлар бар. Біздің орталықта да ғылыми жұмыстар жүргізіледі. Мысалы, өткен жылы омыртқаны 3D үлгілеу туралы зерттеу жұмысы сәтті аяқталды, бұл дербестендірілген медицинадағы ғаламат сілкініс, жойқын жаңалық болды. Мұндай зерттеулер медицина және фармацевтика саласындағы отандық өндірісті дамытуға және оның көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қазір медицина саласында жүрген және болашақта осы салаға келетін дәрігерлерді ынталандыру үшін дәрігер беделін арттыру – өте маңызды фактор. Медицина мамандықтарына бөлінетін гранттарды көбейту қазіргі таңда өте өзекті.
Серік АҚШОЛАҚОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері, медицина ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы