Биыл қала бойынша 9299 түлек 11 сыныпты аяқтағалы отыр. Олардың 545-і «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер. Оларға «Аттестат тапсыру» рәсімі 3-4 маусым күндеріне жоспарланған. Қала әкімдігінде өткен брифингте Алматы қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева Ұлттық бірыңғай тестілеуге тіркелу online режимінде өткізілгендігін, ал тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында дәстүрлі нысанда өтетіндігін мәлімдеді.
«Тестілеуге қатысуға барлығы 14 972 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 9047 өтініш жалпы білім беру ұйымдарынан болса, 5925 орта арнайы оқу орындарының түлектері. Биыл кез келген адам ҰБТ Digital Agent қосымшасы арқылы бақылай алады. Егер ҰБТ өткізу ережелерін бұзу фактісі анықталса, Digital Agent арқылы фото/бейне жазбаны тікелей жібере алады немесе 1414 және 1424 телефондарына хабарласа алады. ҰБТ-ның өткізілуін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топтың мүшелері қадағалайды», – деді Гүлнар Ермекбаева.
Ескерте кетсек, тестілеуге кіру кезінде тапсырушы түлекте тыйым салынған заттар, яғни смартфон, қарапайым телефон, гаджет, шпаргалка табылса, ол тестілеуге жіберілмейді әрі биыл ҰБТ-ны ақылы негізде тапсыру құқығынан айырылады.
Брифинг кезінде спикер Ұлттық бірыңғай тестілеу медициналық-санитарлық нормалар ережелерін толық сақтай отырып өткізілетінін айтты. Сондай-ақ карантиндік жағдай мен оның талаптарын ескере отырып, ата-аналарға қарата «түлектермен бірге ілесіп келмеулеріңізді сұраймыз» деп өтініш жасады.
Естеріңізге салсақ, 6 сәуірден бастап республика бойынша карантин уақытында мектептер дәстүрлі оқытудан қашықтан оқытуға ауыстырылған болатын. Соған орай педагогтарға сапалы жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалғанымен, қиындықтар туындағаны жасырын емес.
«Мектептер бірінші рет стандартты емес оқыту формасымен бетпе-бет келгендіктен, қиындықтар болды. Қашықтан оқытуды ұйымдастыру мәселелері бойынша ата-аналардан 50-ден астам өтініш келіп түсті. Ол сұрақтар мен өтініштер бойынша Департамент уақытылы түсіндірме жұмыстарын жүргізді», – деді Г. Ермекбаева.
Карантин жағдайында қашықтан білім алуға орай мектептер оқушылар мен мұғалімдерге 10 000 астам компьютерді уақытша пайдалануға берген. Ал 1469 отбасыға демеушілердің қолдауымен компьютер сыйға берілген. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 27 мамыр күні өткізген кеңесте белгілі болғандай, 2025 жылға дейін білім саласына 6 есе, ғылым саласына 7 есе қаражат бөлінетіні айтылды.
«Президент білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсіну үшін бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асыруда 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны қайта зерделеу қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, Тіл комитетін Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізіп, қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеуге және үйретуге мүмкіндік беретінін атап өтті», – деді Г. Ермекбаева.
Сөз соңында спикер Алматы қаласы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі биылдан бастап Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі функциялар жүктегенін айтты.