Петропавлдың көшесімен түзу жүре алмай, бұралаңдап, соғылып қала жаздап, оның үстіне қатты жүріп келе жатқан автобус туралы дабыл полицияға шамамен түс ауып бара жатқанда түседі. Жедел бақылау орталығының қызметкерлері оқиға орнына патрульдік полиция батальонының автопатрульдерін жіберген. Автобус Т.Мұхамед-Рахимов көшесінде тоқтатылады. Ол «31 М» бағытымен жолаушылар таситын автобус еді.
20-30 адамды әкеле жатқан автобус жүргізушісінің аузынан алкогольдің иісі аңқып тұрған. Мұны жолаушылар да растап, жүргізушінің тап сау адам емес екенін сезіп отырғандарын айтып, шулап қоя берді. Жауап алу кезінде 54-жасар жүргізуші өзінің ішімдік ішкенін мойындайды.
Бұл төтенше жағдай еді. Масаң жүргізуші өзінің ғана емес салонындағы барлық жолаушылардың, қала берді көше бойындағы адамдар мен көліктерге мінген жандардың өміріне қауіп төндіргенін түсінбеген. Жасы біразға келсе де ол масаң күйде көлікке мүлде отыруға болмайтынын білмейтін секілді. Мұндай жүргізушілер бұрын еркін далада, ауылды жерлерде тұрып, кейін қалаға көшіп келгендердің арасынан ғана шығуы мүмкін. Ол жағы енді тексеріс барысында анықталады.
Сөйтіп, Петропавлдың сақшылары зардабы аса ауыр болып, бірнеше адамның өмірін қиюы мүмкін болған қатердің алдын алды. Бұл істе оларға жерлестеріне немқұрайлылық көрсетпеген көшедегі азаматтар көмектесті. Егер олардың дабылы болмаса бәлки автобус ЖКО кезінде бір-ақ тоқтатылар еді. Ал оның зардабын көзге елестетудің өзі қорқынышты.
Қазір полиция аталған факты бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабымен материалдар толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолдады. Бұл баппен жүргізуші 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы, сондай-ақ жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.
Сондай-ақ, осындай жүргізушінің жұмысқа шығуына жол берген автобус иесіне қатысты әкімшілік ықпал ету шараларын қабылдау үшін әкімшілік құқық бұзушылық материалдар Әкімшілік полиция бөліміне жіберілді.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, жүргізушінің масаң күйде болғаны туралы полицияға шұғыл хабарлаған жолаушылардың қырағылығы аталған фактінің қайғылы жағдаймен аяқталуын болдырмаған. Сол үшін полковник дабыл қаққан тұрғындарға алғыс айтатынын жеткізді.
ПЕТРОПАВЛ