Жыл сайын өртенетін қоқыс алаңы тағы да түтінге оранды. Өткен түнде сағат шамамен 3:30-да тұтанған жалын қоқыс алаңының 100 шаршы метр аумағын шарпыды. «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің мамандары өртті бүгін таңғы сағат 7:00-дің шамасында сөндірді.
– Өрт туралы қалалық әкімдікке, төтенше жағдай департаментіне, табиғат қорғау прокуратурасына хабарланды. Серіктестіктің 15 жұмысшысы өртті сөндіруге жұмылдырылды. Сондай-ақ, 6 самосвал, 2 тиегіш, 2 су шашатын техника тартылды. Осылайша, өрт ауыздықталып, үлкен аумаққа таралған жоқ, -деп хабарлады «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің мамандары.
Атырау қаласынан бес шақырым қашықта орналасқан қоқыс алаңына 1977 жылдан бері түрлі қалдық төгіледі. Оның жалпы аумағы 35 гектарды құрайды.