• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 01 Маусым, 2020

Жетім бұрыштағы жеті нота

818 рет
көрсетілді

Домбыра

Дойыр қамшы­сымен домбыраны қағып жіберді. Қа­сиетті тоғыз перненің үк­ілі басына жуан өрім сарт ете түсті... Ақ­қудың қанатына сабақ­талған салтанатты ән сап тыйылды. Әбес қылыққа пұшайман қошеметшіл алқа сілтідей тынған. Ұзаққа созылған ұғынықсыз үнсіздікпен бірге асқақтаған дауыс аулаққа сіңіп жоқ болды.

 

Сол қысастан кейін әлгі жәрмеңкеге ешкім ән баптамады. Жағасына қара құндыз ұстартқан оқалы шапандар мундирлерге ауысты, сәнді пәуескелер пушкаларға айналды.

Жоқ, ән салынбай қалған жоқ, тек сәнді сахналар дабыра даңғазаларға толды. Домбыраны дорба-дорба ақша ығыстырды. Жансыз дауыстар жұрттың алдын кес-кестеді.

Әлемге әйгілі америкалық рок-музыкант Ронни Джеймс Дио бір сұхбатында фонограммамен ән айтатын «жасанды жұлдыздарға» ыза болып: «За пение под фонограмму нужно платить ксерокопиями денег», депті. Дионың ойын одағайлап, әдейі орыс тілінде бердік. Қазекем де дәл тауып айтады ғой: «Ерінбеген етікші, ұялмаған әнші болады».

Дойыр қамшы доғарған ән ендігі жерде Арқаны әнмен қырған сал-серілердің көмейінен емес, «жасанды жұлдыздардың» жарқ-жұрқ еткен альбомдарынан естіліп жатты.

Әлбетте бір парасы жерасты жолдарында, базарлардың қақпаларында булығып тұратын...

 

Гитара

Жерасты жол­да­рындағы қайнаған өмір жиырма төрт сағат бойы ешқа­шан үзілмес еді. Қал­жы­раған қала қайтсе де қалғып кетуі мүм­кін, алайда жерасты жолдарында тіршілік кешіп жатқан ха­лық­тың көз ілгенін көрмейсіз.

Еш жерде жазылмаған заңдарды іздесеңіз де, ешқайда шырқалмаған әндерді есіңізге алсаңыз да, мұқтаж жандарға созылған мейірімді қолдарды қысқыңыз келсе де, адал еңбектің маңдайынан аққан тер мен бір-біріне пана қоғамды көргіңіз келсе де сол жерасты жолдарына бағыт алар едіңіз.

Жерасты жолдарында бәрі бар: жоғалған тілдер, айналымнан баяғыда шығып қалған ескі ақшалар, әлдеқашан сәннен алынып тасталған жұпар әтірлер, ең ғажайып гүлдер, ең қымбат кітаптар, ең ізгі әндер, ең тәтті тоқаш­тар, тіпті ең арзан шұлықтар.

Сеңдей соғылысқан сол нөпірдің арасында кетіп бара жатқан ол әнеу бұрышта алты шекті гитарасын асынып алып, қазақтың қоңыр әнін қою кешке араластыра шырқап тұрған жас әншіге жалт бұрылды!

Көліктерден шыққан шулы дауыстардың арасымен, теледидарлардан естіліп жататын арзан әзілдердің үстімен, әлеуметтік желілерден желдей ескен ащы сөздердің желкесін шарпи көтерілген жаңа дауысқа, өзгеше өрнекке, бөлек мақамға мойын бұрмай өту мүмкін емес еді.

Тыңдаушының көзінен ыстық жас ыршып кетті. Булыққан ыза мен кекті есенің көз жасы бетін жуды. Талант пен тағдырға деген туыс көз жасы көкірегінен ақтарылды. Қазақша ән айтпақ түгілі, қазақша сөйлеуге ұялатын зәулім-зәулім сәнді кеңселер мен қалың әлеумет сапырылысқан көшелерде жетімсіреген ана тілінің өгейден тартқан азабын арқалаған көз жасы лықсыды.

Жас өнерпаз «Жайлаукөл кештерін» шырқап тұр. Алтыгенінен (гитарасынан) кеңістікке шашыраған шуақ жүрегіңізді қапсыра құшақтағандай жып-жылы сезіледі... Кіріспесі ғашық түйсікпен орныққан дауыс қайырмасын сондай мұңды түсірді.

Әншінің алдында айқара ашық жатқан гитара қорабына өткен-кеткен жүргіншілердің ілтипаттары, ықыластары, лебіздері, қошеметтері сылдыр-сылдыр етеді...

Содан кейін жас әншіні ешкім көрген жоқ. Бір досы оны «қу тірлікке бағынбай, гитарасының алты шегінен қазақ үшін шуақ аулап басқа жаққа кетті» дейді, бір досы оны «костюм-шалбарлы шенеунік қоғам» бүйірінен солқ еткізіп іреп тастады дейді...

Ол әлі де біз көрген жерасты жолында «Жайлаукөл кештерін» шырқап тұрғандай.

 

Аккордеон

Ескі базардың шы­ғыс қақпасынан шыққан ерекше әуен­ге әлбетте жақын өтер едіңіз. Сырлы сыр­­найдан төгілген әннің қасынан бей­ғам өтіп кету тіпті мүмкін емес. Иә, қалтаңызда қалған соң­ғы тиынды зағип аккордеоншының темір қалбырына қаң­ғалақтата лақтырасыз. Сіздің сұлу әнді қаншалықты бағалағаныңызды әлбетте ол тиын-тебен өлшемейтіні белгілі. Ондайда ғаріп өнерпаз да сізге ризашылығын білдірген кейіппен бірқалыпты ойнап тұрған әнін жұл­қып кеп қалады. Онысы сіздің әлгі «мейірімді» моне­таларыңызға білдірген маэстроның мезіреті.

Соқыр аккордеоншыға ақын жазған өлең өңешіңізге тығылады.

«Өтеді жүргінші жұрт тиын тастап, Бұтына қысып алар қалбырына» (Серік Сағынтай).

Алайда аккордеоншы сол жігіт екі мыңыншы жыл­дардың басынан кешеге дейінгі қаншама жас ұрпақты есті әндерімен тәрбиелеп келгенін ешқандай кабинеттер білген емес. Зағип таланттың әні қазақтың бейнет басқан қабағын бүгінге дейін бағып келгенін ешкім түсінген емес.

Тіпті, оның сергек те қырағы әндері бізді қазір де қалт жібермей қадағалап, байқатпай сыртымыздан күзетіп тұрғандай.