Арыстарымыздың ақталуын қолдаймыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясаты аясында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен принциптерінің негізінде бұл үндеу дәл уақытында шықты деп ойлаймын. Мемлекет басшысы өзі айтып өткендей, тарихи әділдікті орнату маңызды.
Зиялы қауым өкілдері бұл мәселені қашаннан көтеріп жүр. Дегенмен бұл саладағы зерттеулердің әлі де толық емес екенін ескерген жөн. Қазақстандағы қуғын-сүргіннің ерекшелігі толыққанды анықталмаған. Яғни толық зерттеу мен сараптама жасалмаған. Біздің елге тән ерекшеліктері бекітілмеген.
Біз қуғын-сүргінге ұшырағандардың жалпы тізімін біліп, соларды ғана ақтап алумен шектелмеуіміз керек. Сотсыз, нақты қылмыстық іс жүргізілмей, атылған азаматтар қаншама. Олардың саны туралы дерек те жоқ. Ал дінін, ділін қорғаймын деп жазықсыз құрбан болған арыстарымыз көп.
Елден қуылған азаматтарды да ақтау керек. Ұжымдастыру салдарынан туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған азаматтарымыз ұмыт қалды. Сол жылдары көбі шекарадан жаяу өткен, азапты жолда қайтыс болған жандар да көп. Қазақстанға жер аударылып келгендер ақталды да, ал елден кеткендер әлі ақталған жоқ.
Тәуелсіздік үшін күрескен қаһармандарымызды да ақтау маңызды. 1993 жылы қабылданған заңда олар туралы айтылмаған. Тәуелсіздік үшін күрескендердің талайы «тыңшы», «халық жауы» деген жала жабылып, сотталып кетті. Бұл жерде оларды саяси тұрғыда ақтап алудың маңызды екенін ескеруіміз қажет. Республиканың түкпір-түкпірінде қудалауға ұшырағандар көп екені белгілі. Аймақта болғаннан кейін көпшілігінің есімдері белгісіз қалып қойды.
Ел Президентінің үндеуін оқыған зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысына разылығын білдіріп жатыр. Ең бастысы, саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының «өшкені жанып, өлгені тірілгендей» қуанышты күйге бөленді. Олар үнемі тәуелсіз Қазақстанның мүддесі, жері үшін күрескен аталарымыз қашан ақталады деп ренжитін. Енді қазақ халқының азаттығы жолында құрбан болғандарды ақтау жүйелі жұмыс істеуі керек.
Сабыр ҚАСЫМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті