Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Қарулы күштер әскери қызметшілері әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілерін құттықтады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отыра, Аягөз гарнизонының әскери қызметшілері Аягөздегі арнайы әлеуметтік көмек көрсету балалар орталығының тәрбиеленушілері үшін құттықтау, шоу-бағдарлама мен ертегі кейіпкелерінің қатысуымен ойын-сауық ойындарымен мереке ұйымдастырды.
Әскерилер балалар үшін спорттық жабдықтар, дидактикалық ойындар және тәттілерді де дайындаған.
Бұл мекемеде 100 тәрбиеленуші бар. Орталық тәрбиеленушілерінің көбісі бала кезінен мүгедек, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар да бар.
Аягөз гарнизонының әскери қызметшілері орталыққа үнемі келіп тұрады, барлық жағынан көмек көрсетіп тұрады. Атап айтқанда, гарнизон басшылығы карантин мезгілінде балаларымен бірге карантинде болатын қызметкерлерді 45 төсек орынмен қамтамасыз етті. Жыл мезгіліне қарай әскери қызметшілер мекеменің аумағын тазартуға және абаттандыруға, ойын алаңын жаңартуға көмек көрсетіп тұрады. Әр мереке сайын балаларға экскурсиялар мен концерттер, сонымен қатар спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұның бәрі жақсы дәстүрге айналып, жылдан жылға жалғасуда.