• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Сұхбат 02 Маусым, 2020

Ғарифолла Әнес: Арыстарымыздың сүйегін қорламайық!

1079 рет
көрсетілді

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басшысы, «Жаңалық» саяси қуғын-сүргін музейінің аға ғылыми қызметкері, профессор Ғарифолла Әнеспен әңгіме

– Ғарифолла аға, Алаш қайрат­кер­лерінің мұрасын зерделеуді мұ­рат тұтқан «Арыс» және «Әділет» қо­­ғам­дық қорының жұмысы бүгінде Сая­си қуғын-сүргін құрбандары му­зе­йін­дегі жұ­мыстармен астасып жа­тыр. Осы орай­да Жаңалықтағы қо­рым­нан та­был­ған репрессия салда­рын зерт­теу­дегі жұмыстар қалай жүзе­ге асуда?

– Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі құнды жәдігерлерді сақтайтын орын ғана емес, осы бағытта іргелі жұ­мыс­тар жүргізетін ғылыми-зерттеу орта­­лығы десем, артық болмас. Музей ашы­лған уақыттан бергі аралықта тағ­ды­ры беймәлім болып келген көптеген боз­дағымыздың есімдері анықталды. Жаңа­лық қорымынан табылған 4 мыңнан астам құрбанның есімі музейдің бір бөл­месінде гранитті қабырғаға қа­шал­ды. Жаңалық жайы – кім-кімнің де жүрегін ауыртар, қазақтың қара таң­балы, қаралы тарихының басты беттерінің бірі ғой. 1995 жылдары Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Жаңалық пен Іленің Әли ауыл­да­рының шекарасындағы бос жатқан жер­лерден алматылықтарға саяжай үшін деп телімдер бөлініп берілген. Бірақ ол жерлерді игеруден саяжай ие­ле­рі түгелдей бас тартады. Өйткені то­пы­рақты аударса, адам сүйегі шығады. Ана жерден де адамның бас сүйегі, мына жерден де адамның бас сүйегі... әрі бас сүйектердің бәрінің шүйдесі тесік, атылған оқтың ізі бар. 2018 жылдың 28 маусымында Жаңалық ауылындағы Рахимов көшесі, 1-ші үйден құбыр арнасын қазған кезде көптеген адам сүйегі табылғаны белгілі. Осы орайда Алматы облысы Талғар ІІБ қызметкерлері қыл­мыс­тық іс қозғап, сүйектерді Сот-сарап­та­ма институтына тапсырды. Жарты жыл тексерістен кейінгі сараптама актісі бүгінде музейімізде сақ­тау­лы тұр. Шамамен 3х3 метр болатын қазан­шұңқырдан (мүмкін бейбақтардың өз­деріне қаздырған болар) 163 адамның сүйегі табылған. Сараптама нәти­же­сі­не сәйкес олардың жартысынан көбі өз қандастарымыз, бесеуі әйел екені анық­талды. Ол мүрде қалдықтары өткен жылы Аза күні қарсаңында жер қойнына тап­сырылды. Шірімей, сақталған заттары (гильза-оқтар, көзәйнек, тиындар, мүш­тек, аяқкиім қалдықтары) музейге экс­понат ретінде қойылды. Осылайша Жа­ңалықта бір сәтте 163 адамды қойша тізіп атса, бұндай жағдай сан мәрте қай­та­ланбады деп кім айта алады?.. Осыған қа­рап құрбандар санын шамалай беруге болады.

– Жаңалықтағы Саяси қуғын-сүр­гін құрбандары музейін тарихи, мә­де­ни, ағартушылық бағыттағы меке­ме деңгейіне көтеру мәселесі жиі ай­тылып жүр. Осы бағытта қандай жұ­мыстар жолға қойылған?

– Бұл маңда 2002 жылы ескерткіш орна­тылып, оған Тұңғыш Президент – Елба­сының өзі қатысқаны белгілі. «Әділет» қоғамы сан жылдан бері би­лік­ке өтініш жасауының нәтижесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Алматы облысының әкімі А.Баталовтың бас­тамасымен Жаңалықтағы мемориалды кешенді абаттандырып, музей салу ісін қолға алды. Осы орайда облыс әкі­мі­нің сауапты бастамасын жеріне жет­кізіп, музейдің қазығын қағып, ірге­сін көтеруге атсалысқан азамат Ақан Әб­дуә­лидің еңбегі зор. Осылайша 2019 жылдың наурызында ашылуы жос­пар­ланған музейдің құрылысы 2018 жыл­дың күзінде аяқталып, Тәуелсіздік күні ашылды. Бұл сары күзден қарлы қыс аралығында 2-3 ай ішіндегі жанталасқан шы­ғармашылық жұмыстың жемісі болатын. Музей саласының шебері Шәміл Қожахановтың тұжырымдамасымен, М.Тынышбаев атындағы Алматы облыс­тық тарихи-өлкетану музейінің басшы­ла­ры Р.Аязбаева, К.Исабекованың қа­жыр­лы еңбегі арқылы аз-кем уа­қытта заманауи жаңа музей дүниеге келді. Әрине, айтуға оңай. Еліміздегі әрбір музейді Алтын адамның алтын алқасының бір ұшығы, рухани таспиғымыздың бір-бір тасы деп баға­ласақ-дүр. Сондай-ақ «Әділет» қоға­мы төрағасының орынбасары жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев, Қоғамның атқа­ру­шы директоры Сәуле Ходжикова му­зей­дің безендірілуіне, тақырыптық-экс­по­зи­циял­ық түрленуіне қомақты үлес қосты. Ал осы маңдағы 17 га жер болашақта мемо­риал­ды кешен тұрғызу үшін арнайы актімен 1996 жылы Қазақстанның тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының меншігіне берілді.

– Жаңалықта мүрдеханаларды ашып, жерлеу, зерттеу жұмыстары қа­лай жүргізіледі?

– Менің соңғы екі-үш жылым осы аймақта, музейде өтіп келеді. Әлі де ауыл аумағында адам сүйектері жатқаны белгілі. Бұл маңға қоныстанғандар тапқан сүйектерді құран оқып, адам аяғы бас­пайтын жерге көмген. Ауылда ешкім тұрмай, бос қаңырап тұрған «аруақты» үйлер де бар. Ең сорақысы – кейбір мүрделер күре жолда, адам аяғы мен жүйткіген көліктердің астында тапталып жатыр. Алайда кімнің сүйегі екені беймәлім. Мүмкін А.Байтұрсыновтікі, Т.Рысқұлов, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттікі  болуы да әбден мүмкін. Мен осы орайда бас көтерер ел азаматтарына, тіптен сол маңға зәулім-зәулім тойхана салып жатқан қалталыларға «Әділет» қоғамына қар­жылай қолұшын созыңыздар де­мек­пін. Арыстарымызды ажалдан сақтай алмадық, ең бол­маса сүйегін қорламайық! Небір жау­гершілік за­манда намысты ата-бабала­рым­ыз «Жа­уыма сүйегімді қорлата көрме» деп Жаратушыға жалбарынады екен. Ең болмаса бас бармағын туған топы­рақ­қа табыстауды аманаттаған. Ойсыз, парықсыз тойлардан кейінгі ойланатын жайымыздың бірі осы болса керек.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жер­ле­рі» жобасы қолға алынған тұста республикалық тізімге ең алдымен Жа­ңалық мемориалды кешенімен қатар, Алматыдағы А.Байтұрсынұлы музей-үйінің де енгені белгілі. Бүгінде атал­ған музей жұмысын жетілдіруде қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Осы тұста анау бір жылдардағы оқиғалар еске түсіп отыр. Қайта құру жыл­­дарымен тұспа-тұс келген заман. Аманқос Мектептегі екеуміз қалада жиыр­мадан астам ға­рыш­­кер атында көше барын анықтап (Гагарин, Береговой көше­лері әлі де бар), «Космонавтар» деген көшені ұлт ұстазы Ахаңның атына алу үшін біраз жүгірдік. Ахаңның қызы Шолпан апай отбасымен сонау 1930 жылдары, ұмытпасам нақты мекенжайы Космонавтар көшесіндегі 60-шы үйде тұрды. Революцияға дейін бұл ғимарат Никольск шіркеуінің бас попына арналып ағаштан қиылып тұр­ғы­­зылған екен. Шолпан Ахметқызы жұ­байы, қызы Айманмен, жалпы осы ғимаратта сегіз отбасы қысылып-қым­ты­рылып өмір сүрген. Асүй ортақ, дәлізде керогаз. Айдаудан келген Ахаң мен Бадриса апай, қолдарында бала Самұрат бар, мұнда тұрақтамаса да аядай бір бөлмеге келіп-кетіп жүргені белгілі. Бізге мәлімі, Алматы шәріндегі Ахаңдар отбасы тұрған үйлер: бірі – қазіргі Аэровокзал орнындағы қос қабатты Қартқожаның үйі, екіншісі – қазіргі Туберкулез аурулары ғылыми-зерттеу институтының ауласындағы жатаған үй – бүгінде бұзылып кеткен... Қайта құру мен тоталитаризмнің тоңын жібіткен Желтоқсанның арқасы шығар, Космонавтар көшесінің аты өзгерді. Осы кездерде мен «Арыс» қорын құрдым. Бірінші шаруамыз – Жазушылар одағы­ның кіре берісінде әлі күнге дейін тұр­ған репрессияға ұшыраған қалам қай­рат­керлеріне арналған ескерткіш-тақта бо­латын. 1988 жылдың желтоқсан айы­ның соңында ғана «ақталған» Ахмет Бай­тұрсынұлының 125 жылдық мерейтойын атап өтетін тұста үкіметтік комиссия құрылып, қаулы қабылдады. Орайы келіп тұрған сәтте жаңағы үй түгел босатылып, музейге айналатын болды. Ол кездегі Оқу, денсаулық және спорт ми­нистрі Қырымбек Көшербаевтың нұс­қауымен «Қазреставрация» мекемесі жөндеу жұмыстары жүргізіп, «Арыс» қоры музейді жабдықтап шықты. Сон­да жертөледен сараптама қоры­тын­дысы бойынша сонау 1918-1919 жылдары өлтірілгендігі анықталған адам сүйегінің табылғаны есте. Осы күндері А.Байтұрсынұлы музей-үйі мен аулаға қойылған мүсіннің ашыл­уы өтті. Қазақстандағы Алаштану ғы­­лы­­мының тұсауы кесіліп, алдынан даң­ғыл жол ашылды. Десек те менің жү­ре­гімді ауыртатыны – ширек ғасыр­дан бері А.Байтұрсынұлы музей-үйінің меншіктік мәселесі шешілмей, мемлекет қарауына алынбауы, айтуға ұят дау-да­май­дың нысанына айналуы.

– 2011 жылы шыққан «Азалы кітап. Жаңалық. Мартиролог» деген ір­гелі еңбектен «Жаңалықта 1937–1946 жылдары атылған 4121 адам жерлен­ген...» деген жантүр­ші­гер­лік деректер кездеседі. Алматы ма­ңында тағы басқа да жерлеу орында­ры бар ма?

– Бұл жерде де әлі басы бүтін ше­шіл­меген түйін көп. Қазіргі кезде «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес айтатын мә­се­ле жеткілікті. Атылғандардың са­ны – ресми мәлімет әрі Алматы қа­ла­­сындағы бұрынғы НКВД мекеме­сі­нің жертөлесінде «Үлкен террор» жылдары атылғандар. Осы тұста, олар біріншіден, «Жаңалыққа жерленді ме?» дегенге тоқталсам, сол «Үлкен террорда» бір күнде атылған 19 нарком (яғни үкімет мүшелері, министрлер) Боралдай маңында көмілген деп жүрміз. Сол жерге шағын ескерткіш те орнатылған. Бірақ бұл әңгіменің шындығына кім кепіл? Екіншіден, қаладан тым қашық, 35-40 шақырым жерге ол жылдары өлген адамдардың денесін жүздеп жеткізу де оңай шаруа емес. Олардың денесі неге Жаңалыққа жеткізілді? Әлде сол жылдары Жаңалық аумағы НКВД ведомство­­­сына қарасты болды ма (мәселен, оқ ату, жаттығу полигоны, болмаса подхоз аталатын шаруашылық орны, т.б.)? Бұл мәселеге қатысты туындайтын сұрақ көп болғанымен, жауап жоқ. Меніңше, сұрақтың жауабын НКВД мекемесінің мұрагері саналатын мекемелер беруге тиіс әрі архивтік құжаттар толық ашыл­уы қажет. Олай дейтініміз, НКВД-ның орталық ұйымы Мәскеудегі жазаланған адамдардың, мәселен Әлихан Бөкей­ха­нның, Нығмет Нұрмақовтың мо­ла­сының дәл орнын анықтап бермесе де, қайда жатқанын (Бутово полигоны, Коммунарка... дегендей) көрсетіп отыр. Жоғарыдағы 4121 деген адам санына алғашында менің де күмәнім болған.

– НКВД үйі Саяси қуғын-сүргін құр­бандары қауымдастығына беріліп, музей ашу туралы жоспарлардың бол­ған­дығынан хабардар болған едік. Ке­йін­нен бұл іс те аяқсыз қалған сияқты.

– Бұл ­жерде үлкен сорақылықтың шеті шығады. Алматыдағы атышулы НКВД үйінің жартысы, бір кезде түрме болған, Алаш ардақтыларын азаптаған бөлігі Бекболат ақсақал Мұста­фин басқарған Саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығына берілді дегенде қатты қуанғанымыз рас. Түрме тарихи кадрларға азық, алапат залдары бар музей болады деп жоспарладық. «Әділет» қоғамы қолға іліккен барша жәдігерді жинақтап, музей ұйымдастырды. Музей екі жылдан астам жұмыс істеді. Күндердің-күнінде ол ғимаратты да жекешелендіріп алғандар тарихи объект – азаптау камераларын бұзып тастап, музейді тып-типыл етті. Өкініштісі, түпнұсқа экспонаттар жер астына түсіп кеткендей, зым-зия жоғалды. 4-5 жыл ғимаратты бұздырмаймын деп сонда «бекініп алған» қауымдастық басшысы Жұмабек Ашуев көшеде қалды. Жақында сол түрменің камера-кабинеттері сыңғырлаған қонақүй бөлмелеріне айналыпты дегенді естідік. Түрмені де, қонақүйді де жайына қалдырайық, бізге керегі – Алаш арыс­тары ұрпақтарының бүгінде өзі жоқ, көзі тірісінде өз қолдарымен тапсырған жәдігерлері еді. Олардың қайда екенін тиісті министрлік анықтап, жауап берер деген үміт бар.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі орналасқан аумақты аралай жүріп, жоспарда бұл маңның аспан астындағы музейге сұранып тұр­ға­нын байқағандаймыз. «Әділет» қо­ға­мы­ның меншік жері әрі қарай қандай мақсаттарға пайдаланылады?

– Жоғарыда атап өткенімдей, музей және саяси қуғын-сүргін құрбандары монументі орналасқан меншіктегі жердің бір гектарын музей салу үшін облыстық меншікке өткіздік. Қазіргі таңда ескерткіш кешен маңындағы 2 гектар жер Талғар ауданы меншігіне берілді. Ол жерді абаттандыру ісі басталып та кетті. Осылайша музей М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бір бөлімшесі ретінде қаржыландырылып, шаңырағын тіктеп келеді. «Әділеттің» қарамағындағы қалған 14 га аумаққа ұлттық Азалы Атабейіт жасау, М.Шоқай сынды көсемдеріміздің сүйегі мен кең-байтақ өз еліміздегі және әлемге тарыдай шашылған арыстарымыз жатқан жерлерден топырақ алып келу, кешенді ескерткіштер тұрғызу, советтік-коммунистік, сталиндік-тоталитарлық жүйенің геноцидтік саясатының құрбаны болған 4,5 миллион (!!!) қазақтың аты-жөнін мәрмәрға қашап жазып, өркениетті елдердің үлгісімен Аза қабырғасын тұрғызу сынды сауапты істер жоспарда бар. Меценаттардың жоқтығынан, еліміздің дағдарыстан көз ашпауынан бұл жоба-жоспарлардың қашан жүзеге асарын болжаудың өзі қиын. «Әділет» қоғамы мен музей ұжымы биылғы Аза күніне орай біршама ауқымды іс-шара­ ойластырған болатын. Мәселен, Боралдай кенті түбіндегі 19 тұңғыш халық комиссарының сүйегін және Қытаймен шекарадағы Райымбек ауданы Нарынқолдың Көрсайында пулемет оғының құрбаны болған мыңдаған қазақтың шашылып жатқан сүйектерін болашақта Атабейітке әкеліп жерлеуді жоспарлаған едік. Мүмкін болса ол са­­­уапты істерді 26 тамызда, Қазақ АССР-ның құрылуының 100 жылдық белесті датасына тураламақ ниетіміз бар.

– Қуғын-сүргін құрбандарын ұлық­тау кейде науқаншылдық сипат алып ке­тіп жатады. Белгілі бір күндерде ғана еске алып, жылдың басқа мезгілінде қайтадан тарих парақ­тарын жауып қою үрдіске айналып бара жатқандай кө­рінеді. Тарихтың ақтаңдақ беттерін келе­шек ұрпақтың білуі үшін қандай шаралар жасалуы тиіс?

– Сарапшылар пандемия біткен соң адам баласының құлқы өзгереді, сана-сезімі мен таным-түсінігінде жаңа бетбұрыстар болады деп болжап отыр. Осы орайда мен қазақ қоғамы гуманизмі мол адами құндылықтарды жаңаша бойына сіңірсе екен деймін. Өйткені жақсылық көрсең де өзіңнен, жамандық көрсең де өзіңнен. Жер бетінде әлі құрып-бітпеген алты мыңға жуық тіл бар деп есептеледі. Бұл осынша нәсіл, халық бар деген сөз ғой. Ал мемлекет саны 200-ге де толмайды. Меніңше, бұл 200 ғана ұлт бар дегенді білдірсе керек. Толыққанды ұлттық мемлекет құру қай заманда да адам баласы үшін алынбас асу болған. «Арыс» деп, «Алаш арыс­тары» деге­німіздің өзі ұлттық мемлекет құру жолында шейіт болғандығын ұлықтағанымыз емес пе? Алаш баласында алапат ашаршылықтың зардабын тартпаған отбасы, туғаны опат болмаған жан жоқ шығар. «Сауран айналғанды», «Ақтабан шұбырындыны» кім көрген. Кешегі Ұлы апатты қалайша ұмытуға, қырғынды қолдан жасағандарды кешіруге болады?!. Ол Айда болған жоқ, Африкада болған жоқ, біздің үйімізде, біздің төрімізде болды ғой. Алдындағы 40 миллион малынан, бар-байлығынан тышқақ лақ қалмады. Қазақ даласында 1929-1931 жылдары 250-ден астам халық көтерілісі, ашынғандардың толқуы болған, дейді тарихшы мамандар. «Созақта атқа қонған қазақтар, бес жүз-бес жүзден қырылған халық батырлары сол соңғы майдандарына сырт киімдерінің ішінен кебін киіп аттанған». Біз – солардың ұрпағы, сорлаған жұрттың сарқытымыз! Мақталып бауыздалғанша, датталып серпілейік те. Қайғы-қасірет қайталанбас үшін жылына бір күн – Аза тұту күні өлі тыныштықта өткенге көз салалық. Өткені бар, барын өшірмеген ұлттың ғана болашағы болмақ.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандары монументінің жанында жылда құран бағышталып, ас берілуші еді...

– Бұл күн атаулы мереке емес, Аза тұту күні. Сондықтан барынша өзім танып-білген шындық жайттарды айтып өтсем. Тәуелсіздік таңы атқан тұста Алматыда сол сұм заманды көзбен көрген репрессия құрбандары соншалықты көп емес еді, бүгінде олардың да қатары сиреп барады. Асылдың тұяғы Ілияс ақынның ұлы Саят Жансүгіров атамыз, профессор Құдайберген Жұбановтың кенжесі профессор Асқар Жұбанов ағаларымыз ортамызда. Бүгінгі «Әділет» қоғамының белсенді тобы негізінен Алаш арыстарының немере-шөберелері. Қайта-қайта телефон шалып, мазасызданып жатады. Талай жылдар сол жиындардың басы-қасында аяулы Гүлнар апамыз (Дулатова), Шолпан апамыз (Байтұрсынова), Бекболат Мұстафин, Мақаш Тәтімов ағаларымыз, «АЛЖИР»-ді алғаш жалаулатқан Армиял әріптесіміз, Рысқұловтың, Сейфуллиннің, т.б. атақтылардың ұрпақтары жиналушы еді. Алматыда ашаршылық құр­бан­дарына ескерткіш ашылып, екі жақ­тағы қаралы митинг бір мезетте өтетіндіктен, Жаңалыққа жол тартушылар саны күрт азайды. Осы тұста Алматы саябағы түбіндегі НКВД түрмесінде атылғандардың бәрі Жаңалықта жай тапқандықтан, алдағы жылдарда Алматы қалалық әкімдігінің басшылығына қасиетті Құран дұғасын тас ескерткішке емес, мыңдаған Алаш арыстарының сүйегі жатқан жерге барып бағыштаған орынды екендігін айтқымыз келеді. Өйткені бұл – ұлттық тақырып, ұлттық апат мәселесі.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»