Уақытша үзіліске шыққан «Формула-1» жарыстары шілде айынан бастап қайта өткізіле бастайды. Маусымның алғашқы жарысы Аустриядағы екі Гран-при бәсекесінен бастау алмақ.
Ұйым таратқан мәлімет бойынша Шпильбергтегі Red Bull Ring тасжолында 5 және 12 шілде күні өтетін автожарыс көрермендердің қатысуынсыз ұйымдастырылмақ. «Формула-1» спортшылары және командалар Аустрияға кірерден бұрын коронавируске тест тапсырады. Сондай-ақ жарыс күндері командалар бөлек-бөлек қонақүйлерде орналасады.
22 кезеңнен тұратын Гран-придің биылғы маусымы 15 наурыз күні Мельбурнда басталуы керек еді. Осы аралықта коронавирус пандемиясына байланысты Аустралия, Нидерланд, Монако, Франция, Бахрейн, Қытай, Вьетнам, Испания, Әзербайжан және Канададағы жарыстар өтпейтін болды.