ҰБТ тапсыру қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді.
Биыл ҰБТ қағидаларына бірнеше жаңашылдықтар енгіздік. Атап айтқанда, ҰБТ-ға қатысу үшін кіру кезінде бет-әлпетін тану Face ID көмегімен тұлғаны сәйкестендіру алғаш рет қолданылады. Жылда берілген қағаз сертификаттың орнына биыл ҰБТ электронды сертификаты және білім беру грантын тағайындау кезіндегі электронды куәлікті енгіздік», - деді министр.
Оның атап өтуінше, халықаралық тестілердің балдарын ҰБТ ұпайына аудару шкаласы енгізілген. Сондықтан мұндай халықаралық сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ тапсырудан босатылады және білім беру грантын тағайындау конкурсына осы ауысқан балдары арқылы қатыса алады.
«Академиялық кезең аяқталғанға дейін қабылданған ҰБТ шекті балын жинамаған тұлғалар енді жыл бойы ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие. Педагогикалық мамандықтарға түсу үшін талап күшейтілуде. Бұл туралы Президенттің тапсырмасы да бар. Мәселен, педагог болу үшін шекті балл алдыңғы жылы 50-ден 60-қа көтерсек, биыл оны 70 балға дейін көтеріп отырмыз», - деді Асхат Аймағамбетов.
Талапкерлерден тиым салынған заттар табылған жағдайда немесе бейнежазбасын қарау кезінде анықталған болса, онда ҰБТ нәтижесі және білім беру гранты жойылады.