• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Маусым, 2020

Алтай Көлгінов елордадағы ҰБТ тапсыру тәртібін түсіндірді

252 рет
көрсетілді

Биыл ҰБТ-ға қатысуға 7154 елордалық түлек өтініш білдірді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Үкімет отырысында елордадағы ҰБТ тапсыру тәртібі туралы айтып берді.

«Ағымдағы жылы ҰБТ-ға қатысуға 7154 түлек өтініш білдірді. Оның ішінде елорда түлектері – 6255 және Ақмола облысының маңайындағы елді мекендерден 897 түлек. ҰБТ қаладағы үш университет базасында өткізілетін болады. Атап айтқанда, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2888, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетте 2119, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде 2147 оқушы тапсырады», - деді Алтай Көлгінов.

Бүгінгі таңда ҰБТ-ға қатысатын түлектердің деректер қоры қалыптастырылған. Идентификациялық кодттар тағайындау бойынша шаралар өткізілді.

«ҰБТ өткізу құралдары барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ұйымдастыру шаралары университет ректорларымен талқыланды. Бекітілген жоспар-тапсырмаға сәйкес ҰБТ өткізу орындарында әкімдік тарапынан келесі жұмыстар жасалатын болады: Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция қызметкерлері және арнайы машиналар, медициналық қызмет көрсетуге медициналық қызметкерлер және жедел-жәрдем машиналары, ғимараттардың өрт қауіпсіздігін сақтау үшін өрт қауіпсіздігі қызметкерлері және арнайы машиналар. Қажетті қуатпен және үздіксіз электрмен жабдықтау үшін 15 қызметкер және 3 арнайы машина жұмылдырылады», - деді қала әкімі.

Оның айтуынша, эпидемиологиялық талаптарға сәйкес инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында ҰБТ тапсыратын аудиториялардың саны 30-дан 40-қа дейін ұлғайтылды.

«Егер бұрын бір аудиторияда бір уақытта 50 оқушы болса, биыл олардың саны 20-ға дейін азаяды. ҰБТ тапсыратын түлектер кезекті бір-бірлеп тексерілмес үшін бір мезетте 50-60 адамды тексеретін мүмкіндігі бар стационарлық-тепловизорлық және дезинфекциялық туннельдер орнатылады. Түлектерді университетке жеткізу үшін арнайы автобустар ұйымдастырылады. Ата-аналар онлайн қарайтын болады», - деді Алтай Көлгінов.