Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфирде індеттен жазылғандардың саны күн санап артып келе жатқанын айтты.
«Өткен тәуліктегі жағдай бойынша елімізде 11571 адам коронавирус жұқтырды. Өкінішке қарай, 41 адам көз жұмды. Күн сайын індеттен жазылғандар саны көбейіп келеді. Бүгінде олардың саны 5757-ге жетті. Ал қалған науқастар ем қабылдап жатыр», - деді Айжан Есмағамбетова.
Бұдан соң, ол әлеуметтік байланыстардың көбеюі инфекцияның таралуының өсуіне әкелетінін айтып өтті.
«Біз жұмысымызға қайта оралдық. Түрлі адамдармен байланыста боламыз. Көшеде жүріп-тұрамыз. Мұндай әлеуметтік байланыстардың көбеюі инфекцияның таралуының өсуіне әкелетінін ұмытпауымыз керек. Инфекция таралуының бақыланатын деңгейін сақтау көбіне тұрғындардың өздеріне байланысты», - деді ол.