Биыл аймақта автокөлік жолдарын жөндеуге жалпы көлемі 44,9 млрд теңге қарастырылып отыр. Мәселен, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 18,5 млрд теңге, ал «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 20,3 млрд теңге игерілмек. Сондай-ақ, «Ауыл – Елбесігі» арнайы жобасы шеңберінде 6,1 млрд теңге қарастырылып отыр.
Бүгін аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов қала және аудан әкімдерінің басын қосып, аталмыш жобаларды жүзеге асыру барысын пысықтады.
Жолаушылар транспорты және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиевтің айтуынша, биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 517 шақырым жолға жөндеу жүргізілмек. Бүгінге дейін «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 146 жобаға қатысты конкурс жарияланып, мердігерлер анықталған. Мұның сыртында «Ауыл – Елбесігі» арнайы жобасы мен жергілікті бюджет есебінен 98 жоба қолға алынып отыр. Басқарма басшысы, сонымен қатар «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 105 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары басталғанын айтты. Аталмыш бағдарлама 5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның жартысына жуығы еңбекпен қамту орталықтары арқылы орналасқан жергілікті тұрғындар.
Қостанай облысы