• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 03 Маусым, 2020

«Абай-Әйгерім» – Арқалық театрында

722 рет
көрсетілді

Әр театрдың тамырында шуақты, жарқын сәттер мен қиын-қыстау кезеңдер астасқан өзіндік қалыптасу, даму тарихы жатады. Арқалық қаласындағы қазақ жасөспірімдер театры да өз тарихында талай өткелден өтті.

Театр екі рет жабылып, үш рет ашылды. Алғаш жабылғанда, труппа бүтіндей Жезқазғанға кетті. Одан кейін 2000 жылы екінші рет жұмысын тағы тоқтатып, ұжым Қостанайға келіп, жаңа ашылған І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының іргесін қалады. Арқалық театры үшінші рет 2001 жылы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясымен шы­мыл­дығын ашып, күні бүгінге дейін өз көрермендерін сахна өнерінің кәусарынан сусындатып келеді.

2016 жылы республика бюд­жеті­нен бөлінген қомақты қаржыға театр ғимаратына күр­делі жөндеу жүр­гізілді. Бір жылдан соң Арқалық маңын­дағы Тасты ауылының жанына Кейкі Көкембайұлының күмбезді кесе­несі орнап, батырдың сүйе­гін туған жер қойнына тапсыру рәсімі өтті. Үкімет мүше­лері­нің қатысуымен өткен ауқым­ды шара Арқалық театрын­да жалғасын тауып, арты респуб­ликалық аламан айтысқа ұлас­ты. Мұның театр ұжымына да берері көп болды. Жарық бергіш, сахнаға сәуле түсіргіш сапалы құралдар мен музыкалық құрылғылар сатып алынды. Арқалық театрының қайта өрлеу дәуірі осы кезеңнен басталды десек болады. Бас-аяғы 20 шақты өнерпаз жұмыс істейтін шағын ұжым 2017 жылы Жезқазған қаласында өткен Жанат Хаджиев атындағы аймақтық театрлар фестивалінде Б.Есеналиевтің «Қанды азу» туындысын сахналап, «Үкілі үміт» номинациясы бойынша лауреат атанды.

Жасөспірім көрермендерге арнал­ғандықтан Арқалық театры көбіне балалар мен жастарға арналған спектакльдерге көп көңіл бөледі. Жылына төрт жаңа қойылым болса, соның екеуі міндетті түрде балалар мен жастарға ар­налады. Мә­се­лен, труппа былтыр Шың­­ғыс Айт­матовтың «Ақ кеме» туын­дысын сахналады. Осы және өзге де таңдаулы қо­йы­лым­дарымен Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау қа­лаларында болып, сырт кө­рер­меннің ыстық ықыласына бөленді.

– Ақмола облысының Есіл, Атбасар аудандары мен Қостанай облысының барлық аудан, қалаларын жыл сайын гастрольдік сапармен аралап тұрамыз. Мәселен, былтыр 175 қойылым қойдық. Есептеп отырсақ, біздің спектакль­дерімізді жалпы саны 42 мың көрермен көріпті. Әр театрдың жылдық жос­пары болады. Соны орындау керек. Әрине бүгінде жоспар орындау, театрға көрермен тарту деген қиынға соғады. Соған қарамастан межеленген міндетті асыра орындап келеміз. Қанша дегенмен, бұрыннан қалыптасып қалған өзіміздің тұрақты көрермендеріміз, оның сыртында Арқалықтағы мемлекеттік педагогика институты, 4 колледж бар. Көбіне осы оқу орындарында білім алып жатқан студенттер театрымыздың залын бос қалдырмайды. Жақсы нәтиже берген тың ізденістеріміз де мол. Биыл күзде Жезқазған қаласына гастрольдік сапарымыз бар. Қостанай қаласында өтетін «Тобыл жағалауында» атты Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры­ның 20 жылдығына арналған фести­вальға қатысу жоспарда бар, – дейді театр басшысы Нұрлыбек Қасжанов.

Театр биыл көктемде об­лыстық мә­дениет басқар­масы­ның қолдауы­мен Абай Құнан­байұлының 175 жылдығына орайластырып «Абай-Әйге­рім» дра­масын сахналап, ай­мақ­тағы барлық аудан, қала­лар­ға гастрольдік сапарға шық­­пақ ниетте еді, карантин кедергі келтірді. Осылайша мерейтойлық шара уақыт­ша кешеуілдеп, қыркүйек айы­ның ортасында өтетін болып бекітілді. Алай­да уақыт шегерілгенімен, дайын­дық тоқтаған жоқ. Театр ұжымы қол қусырып қарап отырмай, үйде әрқай­сысы жеке дайындық өткізіп, оны онлайн дайындықпен пысықтауды жөн көрген. Қазір жеке және хор ұжымымен бірге орындалатын Абайдың елге белгілі бірнеше әнін дайындап қойды. Олардың ішінде «Татьянаның әні», «Кө­зім­нің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Топайкөк», «Желсіз түнде жарық ай» сияқты әр қазақ сүйіп орындайтын танымал туындылар бар.

– Қойылымға ерекше сипат беру үшін хорды әдейі қосып отырмыз. Мысалы, бір әннің алғашқы шумағын Әйгерім бастаса, әрі қарай оған хор қосылып, бірнеше дауыста құбылтып ала жөнеледі. Осылайша Абай атамыз­дың әндерін бүкіл қазақ даласы шыр­қап жатқандай етіп, көрсетіп, тіпті көрер­мендердің өздері де қосылып кете­тіндей әсерлі етіп шығарғымыз келеді. Қазір екі айдың көлемі болып қалды, күнде хор, күнде би, дайындық қызу жүріп жатыр. Бұл лирикалық-драма негізі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан алынған Бикен Римова апамыздың дүниесі. Мұны кезін­де 1979 жылы Алматыда режиссер Жақып Омаров ағамыз қойды. Абайдың бейнесін Әнуар Боран­баев, Әшірәлі Кенжеев сынды дарынды актерлер сомдаса, Әйгерімді театр өнерінің хас шебері Торғын Тасыбекова ойнады. Бұл лирикалық драма бозбала Абай мен Әйгерімнің арасындағы сүйіспеншілікті арқау ете отырып, қазақ жастарын махаббат деп аталатын киелі ұғымды қас­терлей білуге, бүгіннің ең өзекті мәсе­лелерінің бірі болып табы­ла­тын тұрақсыздық, үйлене салып ажыраса салу сияқты келең­сіздіктерден сақ болуға шақыру деп түсінемін. Жастарға Абай мен Әйгерім сияқты бір-біріңе шы­найы сүйіспеншілікпен қараң­дар дегенді айтқымыз келеді. Аман­дық болса, ал­ғаш­қы қойы­лымды қыркүйектің 15-іне белгілеп отырмыз, – деді театр­дың бас режиссері Ербол Абжалов.

Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, аймақта Абай жылына арналып жоспарланған ауқымды шаралар елдегі ахуалға байланысты тамыздан әрі қарай басталады.

 

Қостанай облысы