Жыл басынан бері есірткі құралдарын ақпараттық-коммуникациялық жүйелер арқылы өткізудің 100-ден астам фактісі анықталып, жолы кесілді. Заңсыз жарнама орналастырғандар және синтетикалық есірткіні насихаттағандарға қатысты 20 қылмыстық іс қозғалды. Бұл мәліметтерді ҚР ІІМ Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиев баспасөз мәслихатында көпшіліктің назарына ұсынды.
Полиция өкілі синтетикалық есірткіге қатысты құқықтық шаралар енгізу олардың айналымына дер кезінде тосқауыл қоюға мүмкіндік бергенін мәлімдеді. 2019 жылы осындай 408 қылмыс анықталып, 11 келі синтетикалық психотроптық заттар тәркіленді. Бұған дейін жыл сайын 1 келіден аспайтын есірткі тәркіленді, 3 есірткі зертханасы анықталды. Осы жылдың 5 айында ІІМ қызметкерлері синтетикалық есірткі өткізу және дайындау бойынша 261 қылмыстың жолын кесті, 27 келі тыйым салынған заттарды тәркіледі.
Тәртіп сақшылары Ақтау қаласына синтетикалық есірткіні жеткізуді және өткізуді ұйымдастырғысы келген топты құрықтады. Осындай қылмысы үшін Жамбыл облысының 3 тұрғыны ұсталды. Ағымдағы жылдың сәуір айының соңында Степногорск қаласында ҰҚК қызметкерлерімен бірге жасырын есірткі зертханасы жойылды. 3 азамат ұсталды, олардан 4,5 келі дайын синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Мамыр айында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі есірткі зертханасы жойылды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі өз сөзінде синтетикалық есірткінің 1 граммынан 50 реттік доза жасалатынын атап өтті. Былайша айтқанда, 1 келі тыйым салынған дәрі-дәрмек – бұл 50 мың өмірді тұншықтыруға жететін есірткі. Синтетиканың таралуына коммуникациялық технологиялар – шетелде тіркелген әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен жасырын төлем жүйелері ықпалын тигізуде.
Берікхан Нұрғалиев сондай-ақ біздің елімізде есірткінің қайдан алынатыны туралы журналистің сұрағына жауап беріп, психобелсенді заттардың айналымына бақылауды күшейту туралы айтты. Қазір бақылаудағы тізімдерге жаңа препараттар мен формулаларды енгізу тетігі жеңілдетілді, бұл процесс 1-2 айда атқарылады.
Спикер брифинг барысында электрондық, коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып, есірткіні өткізу, оларды дайындау, тарту және есірткі тұтыну үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгенін еске салды. Бұл қылмыстарға ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады, яғни ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған. Сондай-ақ, есірткіні насихаттау және жарнамалағандарға қылмыстық жауапкершілік енгізілді.