• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2020

Жаңару дамудың даңғыл жолына бастайды

424 рет
көрсетілді

Шымкентте қордаланып қалған әлеуметтік түйіннің бірі – қоғамдық көлік мәселесі еді. Халқының жылдан-жылға көбеюіне байланысты қалада бұрыннан қалыптасқан қоғамдық көлік жүйесі сапалы қатынасты толық қамтамасыз ете алмайтын күйге жеткен. Соның салдарынан шаһарға қосылған елді мекендер мен шағын аудандардың біразына әлі күнге дейін автобус бармайды.

Қоғамдық көлік жүйесіндегі жаңғыру

Осы күрмеуі қиын мәселені шешу үшін әр жылдары жергілікті әкімдік тара­пынан бірқатар шаруалар атқарылды. Алай­да, бәрібір мегаполистің қоғамдық көлік­терін жаңартып, жаңа бағыттарды көптеп ашу ісі кешеуілдеп келді.

Осыдан біраз бұрын Шымкент қаласы әкімдігі шаһардағы қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын электронды форматқа көшіру туралы хабарлаған болатын. Қытайлық шағын автобустар мен ресейлік газельдерде қысылып-қымтырылған тұр­ғындар бұған әу баста сенімсіздік танытты. Енді осы жаңашылдық ақиқатқа ай­налатын күн алыс емес. Бұл туралы кейінірек тоқталамыз.

 Иә, қаладағы қоғамдық көлік жүйесі сын көтермейтіні рас. Алайда бұл ба­ғытта жұмыс мүлдем тоқтап тұр деп те ай­та алмаймыз. Қалай десек те, ескірген техникалар кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бүгінгі таңда, шаһарда 78 бағытта 25 көлік компаниясы жолаушы тасымалдаумен айналысады. Күнделікті 1 166 кесте бойынша 1 621 автобус жолаушы тасымалдайды. Оның 886-сы үлкен автобус болса, 280-і шағын автобус. Со­ның ішінде осы бағыттардағы 1 621 ав­токөліктің 708-нің пайдалану мерзімі 7 жылдан асып кеткен, яғни біршама ескірген.

Ел Үкіметі бекіткен «Автобустық тасымалдауды дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған кешенді бағдар­ламаcы» негізінде 2019 жылы «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы орташа сыйымдылықты, дизель отынымен жүретін (Евро V) отандық 300 автобусты лизингке алды. Автобустар «Shymkent Bus» ЖШС-на жалға бе­рілді. Соның нәтижесінде қаладағы жаңа автобустардың үлесі 7 пайыздан 25 пайызға дейін артты. Қоғамдық көлік­терді жаңарту ісі кезең-кезеңімен іске асы­рылып жатқанының жарқын бір мысалы осы.

Сонымен қатар шеткері аудандар тұр­ғындарының қатынасын жақсарту мақсатында әлеуметтік маңызы бар 28 маршрут ашылды. Бұл бағыттар Ақжар, Ақтас, Шапырашты, Өтеміс, Ялта, Жы­лан­бұзған, Айнатас, Абдулабад, Дос­тық, Алтынтөбе, Жаңаталап, Көкбұлақ және басқа шағын аудандарға қатынайды.

Биыл сыйымдылығы үлкен, газбен жүретін отандық 590 автобус алу жос­парланып отырғанын айта кетейік. Яғни жақын арада қала ішіндегі бағыттармен жүретін жаңа автобустардың үлесі 25-тен 55 пайызға дейін артатын болады.

Халық саны артқан сайын қалада қоғамдық көлік қатынасының өзектілігі де артатыны түсінікті. Былтыр Шымкентте жолаушылар көлігімен 1 667,6 млн жолаушы жүріпті, бұл көрсеткіш 2018 жыл­мен салыстырғанда жолаушылар та­сымалының көлемі 0,2 пайызға арт­қанын байқатады.

Бүгінгі таңда «Диспетчерлік қызмет орталығы» қаладағы маршруттарға дис­петчерлік қолдау көрсету бойынша ма­ңызды жұмыс атқаруда. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының және әлемнің өзге де әсем қалаларының қоғамдық көлік сала­сындағы озық тәжірибелерін енгізу мақ­сатында биылдан бастап аталған орта­лықты кәсіби мамандармен және мате­риалдық тұрғыда нығайту жоспарлануда.

Әкімдіктің салалық басқармасы тарапынан жолаушылар көлігінің қозғалысын бақылау үшін қоғамдық көлік порталы іске қосылғанын да атап өткен жөн. Бұл портал Open API қағидатына негізделген және Яндекс сервисімен біріктірілген, барлық дерек «Яндекс.Көлік» қосымшасы арқылы беріледі. Нақты бір уақытта қала бойынша жұмысқа жұмылдырылған қо­ғамдық көліктің жалпы саны, күткен автобустың қай маңда келе жатқаны, аял­дамаға шамамен қанша минутта келетіні сынды ақпараттарды жолаушылар осы порталдан қарап алуына болады.

Таяуда шаһар басшысы Мұрат Әйте­нов әкімдікте қоғамдық көлік жүйесіне өз­герістер енгізу туралы жиын өткізіп, нақ­ты жоба-жоспарларымен бөлісті. Ма­ңызды кездесуде «Astana LRT» компа­ния­сының жауапты өкілдері қала басшысына Шымкенттегі қоғамдық көлік кеше­нін модернизациялау бойынша жасалған тұжырымдаманы таныстырды. Тұжырымдамада қарастырылған жұ­мыстардың бір парасына тоқтала кетейік. Жалпы, қоғамдық көліктің жұ­мы­сын жақсарту бір бағыттан ғана тұр­майды, сондықтан қазіргі таңда саланы жан-жақты дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сол үшін қоғамдық көлікті жан-жақты модернизациялау, жолаушыларды тасымалдау қызметін жақсарту, қауіпсіздікті қам­тамасыз ету, көліктің ұтқырлығы күшей­тіледі. Биыл қолданыстағы маршрут­тар желісі жаңартылып, жолаушылар көлігін дамытудың кешенді кестесі әзірленді. Оны қазіргі таңда «Астана LRT» ЖШС жүзеге асыруда.

Жаңа жүйе бойынша қоғамдық көлік­тердің жұмысы жақсарып, тиімділігі арта­ды. Атап айтқанда, автобустарды мобильді қосымша арқылы бақылауға болады, жол ақысын электронды төлеуге мүм­кіндік туады, жаңа бағыттар ашылады, цифр­лы және интеллектуалдық жүйе енгізіледі.  

Қала әкімі Мұрат Әйтенов бұл тұжы­рым­даманы мақұлдап, жаңа жүйеге кезең-кезеңімен көшуді және белгіленген мер­зімде аяқтауды тапсырды.

– Бұл жүйе қала ішінде кептелістің азаюына, халықтың діттеген жеріне тез жетуіне, қоғамдық көлік жүйесіндегі жем­­қорлықтың алдын алуға, «Smart city» жүйесіне тезірек көшуге мүмкіндік бере­ді, – деді Мұрат Әйтенов. 

             

Аталған тұжырымдама тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлкен септігін тигізетінін айта кеткен ләзім. Енді жүргізушілер арнайы курстардан өтіп, кондукторлардың қызметі қатаң тек­серілетін болады.

Сондай-ақ диспетчерлік жұмыстардың жолға қойылуының нәтижесінде автобус­тар арасындағы жиілік сақталады, жүр­гізушілердің аялдамаға тоқтамай жүйткіп өте шығуына жол берілмейді. Бұдан бө­лек, сауда орталықтары, мектеп және бас­қа да адамдар көп шоғырланатын жердегі аял­дамалар реттеледі, шағын аудандарға қатынау жеңілдейді.

Жоғарыда айтқанымыздай, электронды билет беру көп ұзамай іске қосылуға тиіс. Қазіргі таңда оны «QazSmartTrans» ЖШС өзінің қаражаты есебінен жү­зе­ге асырып жатыр. Бұл жүйе шілде айы­ның аяғында іске қосылады.

Жалпы, электронды билеттің ар­тық­шылықтары аз емес. Айталық, осыған дейін жолаушылар тарапынан тасымалдаушы компанияларға қанша шағым айтылса да, заңды тұрғыдан белгілі шара қабылданған оқиғалар аз, оны жүзеге асыратын тетіктер қарастырылмаған. Жолаушылар шағым айтқан тасымалдаушылар жауапты мамандардың ескертуінен кейін де жұмысын түк болмағандай одан әрі жалғастыра береді. Ал субсидиялау енг­ізіліп, цифрлы жүйеге бет бұрғаннан кейін тасымалдаумен айналысатын ком­­­­панияларға қойылатын талап та кү­шей­мек. Олардың тәулігіне қанша адам тасы­­малдағанын арнайы база арқылы бақы­лап, жолаушылар тасымалы тарапынан түсіп жатқан табыс әділ, анық есеп­телмек.

Егер жолаушыларды тасымалдайтын көлік­тер субсидияланбаса, онда қо­ғам­дық көлік жүйесін жаңғыртуды жүзеге асы­ру мүмкін емес деуге болады. Қала әкімі­нің осы жұмысқа жауапты орын­баса­ры Махсұт Исахов пікірімен бөліс­кен еді.

– Жолаушы тасымалдаушы компания­лар қанша табыс табатынын білмейміз. Кезінде осы жаңа жүйені Алматы қала­сында іске қосқанда, бюджетке түсетін салық көлемі бір жылда 1,2 есеге дейін арт­қаны анықталды. Халықтың электронды төлемге қызығушылығын арттыру және ыңғайлы болуы үшін бір ерекшелік қарастырылған. Мәселен, картамен төлейтіндер үшін жолақы 70 теңге болса, қолма-қол ақшамен 100 теңге төлейді. Электронды түрде төлеудің де жеңілдіктері қарастырылған, – деді ол.

Көлік картасының бағасы – 500 теңге. Оның 4 түрі бар: жалпы пайдала­натын карта, оқушылардың картасы, студенттік карта және тегін жүру картасы. Осы жүйені енгізуді қолға алған «QazSmartTrans» ЖШС картаны Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапат­талған тыл еңбеккерлеріне, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төс­бел­гілерімен мара­патталғандарға мен І топтағы зағип жандарға тегін таратады. Электронды жүйенің жолаушыларға тиімді тағы бір тұсын айта кетейік. Жолаушы діттеген жеріне жету үшін екі автобусқа отыруы қажет делік. Картасы бар адамдар бір автобустан екіншісіне 40 минут ішінде ауысып мінетін болса, екінші мәрте жолақы төлемейді. 40 минуттық межені 1 сағатқа дейін ұзарту қазір талқыланып жатыр.

 

Өндіріс өрісі кеңейіп келеді

Соңғы жылдары мегаполисте өнер­кәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2019 жылы 562,3 млрд теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артқаны осы­ның бір көрінісі деуге болады. Атал­­ған саладағы үлесі 85,7 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 481,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 13,9 пайыз­ға артқанын да айта кетейік.

Жуырда шаһар әкімі Мұрат Әйтенов осы өңдеу өнеркәсібіндегі жетекші «Оңтүстік» индустриялық аймағына ба­рып, бірқатар кәсіпорындардың жұмы­сымен танысты. Ондағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау­ларды атап өтіп, іскер азаматтармен пікір алмасты.

2019 жылы аталған индустриялық ай­мақта құны 974 млн теңгеге 3 жоба іске қосылды. «Тассай» индустриялық аймағында 23,1 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылды, 312 жаңа жұмыс орны ашылды. Аймақтардағы жер телімдері 100 пайыз жобаларға толып, әрі қарай дамыту мақсатында 306 гектар жерге жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағын құру жұмыстары басталды.

Бүгінгі таңда 306 гектар жер телімін мемлекеттің қарамағына беру бо­йын­ша жұмыстар жүргізілуде. Жаңа ин­дустриялық аймақтың инфрақұрылым жүйесі 2 кезеңде жүргізілмек. І кезеңде – 76 гектар (2020-2021 жылдары), ІІ кезең­де – 230 гектар жер (2021-2022 жыл­дары) жаңа жобаларға беріледі. Соны­мен қатар аймақтың техника-эконо­микалық негіздемесі әзірленуде. Бұл жерде негізінен құрылыс, металлургия және жиһаз өнеркәсібін дамыту көзделген.

Кәсіпорындар экономиканы әртарап­тандыру ісінде тірек күшке айналу керек екенін айтқан қала басшысы өндіріліп жатқан өнімнің экспортын арттыруға басымдық беруді атап өтті. Сонымен қатар өндіріс көлемін ұлғайтуға және кәсіп­керліктің даму бағытына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Индустриялық аймаққа барған қала басшысы «Шымкент темiр» ЖШС-ның болат құю зауытының жұмысымен таныс­ты. 2018 жылы iске қосылған өндiрiстiң жалпы құны – 5,9 млрд теңге. Жылына 250 мың тонна өнiм шығаруға қауқарлы кәсiпорында 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Зауыт ТМД елдерiнде баламасы жоқ, заманауи құрылғылармен жабдықталған. Өндіріс ошағы толықтай қуатына көшкен кезде жылына 1 млн тонна өнiм шығарады, 2100 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Әкім танысқан тағы бір нысан – «Ferrum-Vtor» ЖШС-ның болат құю це­хы. Жобаның құны 1 млрд 244 млн тең­гені құрайды, онда 235 азамат жұмыс­пен қамтылған. Мұнда еуропалық стандарт­тарға сай және баға жағынан тиімді тот баспайтын болат металл шығарылады.

Бұдан бөлек, Мұрат Әйтенов алюминий сым шығаратын цехын, бетон құрылыс материалдарын өндіретін кәсіп­орындарды аралап көрді. Айта кетейік, «Оңтүстік» индустриялық аймағында осыған дейін жалпы құны 41 млрд теңге болатын 66 жоба жүзеге асырылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық айма­ғында орналасқан тағы бір ірі кәсіп­орын – «АГФ Групп» тігін фабрикасы. Аталған мекеме 1,5 млн-ға жуық өнімді экспортқа шығаратынын айта кеткен жөн. Фабрика ресейлік IKEA компаниясының дүкендеріне төсек жабдықтарын тігуде. Же­ңіл өнеркәсіп саласында 10 жылдан аса табыс тауып жүрген компания экс­портқа шығаратын өнім көлемін жыл са­нап арттыра түсуде.

2013 жылы өз өнімдерін экспорттай бастаған компания жасанды емес мата шығарады, табиғи материалдан комбинезон, мектеп формасы, әскери киімдер мен халат тігеді. Аймақтағы төсеніштер, жас­тықтар мен көрпелер өндіретін ең ірі тігін фабрикасы осы – «АГФ Групп».

Бұл кәсіпорын заманауи үлгідегі тігін машиналарымен, жапон және әлемдік брендтердің үтіктеу және кесу құрыл­ғыларымен жабдықталған. Қазір компанияны экспортқа бағдарланған деп атауға болады. Себебі, өндірілген өнімдердің 90 пайызы шетелдік тұтыну­шыларға жолданады.

Елімізде төтенше жағдай жарияла­нып, карантин режімі енгізілген соң мас­ка тапшылығын байқаған кәсіпорын бетпер­де тігумен айналысып, елдің сұра­нысын өтегенін атап өткен ләзім. Каран­­тин кезінде компания тұрғындарға 3 мың­нан аса масканы тегін таратты. Тігін фабрикасының басшысы Гау­хар Насырованың айтуынша, компания­ның жұмысы негізінен төсек-орын жаб­­­дық­тары мен киімдер шығаруға бағыт­­­талған. Өткен жылы бұл фабрика «Қазақ­­станның үздік тауары» көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алды.

Бүгінде елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы өрге басқанымен, тоқыма өндірісі­нің адымы өте баяу. «Оңтүстік» арна­йы экономикалық аймағында тоқыма өндірі­сіне қажет жіп иіру, киім тігу, өңдеу жұ­мыс­­тарының жаңа технологиясы енгі­зіле бастады.

Жалпы, индустриялық аймақта ісі іл­гері басқан кәсіпорындар көбейіп ке­леді. Алғашқыда әскери және арнайы киім тігумен айналысатындар көп болды. Ресейге мектеп оқушыларының киім­дерін экспорттады. Бертін келе фа­бри­ка табиғи шикізат – түйе жүнінен, қой жүні­нен жасал­ған көрпе-төсек бұйым­дарын тігуге кірісті.

– 2016 жылдан бастап, бізідің мекеме швециялық «Икея» компониясы­мен бірлесіп жұмыс істей бастады. Өні­міміздің 99 пайызы Ресейге, Еуропаға жі­беріледі. Өзіміздің брендті шығару жұмы­сымен айналыстық. Қазір «Аруа», және «Суаф» деген екі брендіміз бар, – дейд­і кәсіпорын директорының орынбасары Шолпан Оразова.

Бүгінде Шымкенттегі кәсіпорын Қа­зақ­стан бойынша конвейерлік ағында қол­данбалы материалдар шығаратын ең ірі тігін фабрикаларының бірі сана­лады. Кәсіпорында 250 адам жұмыс істей­ді. Бәрінің тәжірибесі мол, кәсіби шебер­лік­тері шыңдалған. Келешекте мақта клас­терін дамыту арқылы тоқыма өнер­кәсі­бін жетекші салаға айналдырсақ деген мақсаты бар.

 – Халыққа сапалы, қолайлы, бағасы қолжетімді бұйым шығару үшін бізде көп жағдай жасалған. Киімді пішу, тігу, сараптама, жинақтау операцияларының әрқайсысының сапа талаптары болады, – дейді технолог Әлима Серік.

Кәсіпорын толықтай Швецияның озық үлгідегі технологиясымен жабдық­талған. Соған сай өнім көлемі 3 есеге артып отыр. Фабрика алдағы жылы тағы бір өндіріс цехын ашуды жоспарлауда.

 

ШЫМКЕНТ