Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі бүгінде бұқаралық сипат алып, қарапайым көпшіліктің айтулы мейрамына айналды. Мереке күні түс ауа ұйымдастырылған «Менің Туым, менің Отаным!» атты патриоттық шара аясында Қостанай қаласының орталық көшелеріне орналасқан көпқабатты он шақты үйдің терезесінен жүздеген Ту желбіреп, тұрғындар балконда тұрып Әнұран орындады.
Көпшілік қосыла шырқаған асқақ әуен ырғағымен тербелген көк байрақтың кербез келбеті де зәулім үйлерді одан сайын биіктете түсіп, әр қостанайлықтың көңіл түкпіріндегі елшілдік рухын оятқандай әсер қалдырды.
– Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен мызғымастығын, біртұтас бірлігін бейнелейтін басты нышандарымыз. Біздің үйде 150-ден астам отбасы тұрады. Ішінде қазақ, орыс, татар, украин, белорус, неміс, поляк ұлтының өкілдері бар. Түріміз, тіліміз әр түрлі болғанымен, тілегіміз бір. Қазақстанымыздың жылдан-жылға қуаты артып, еліміздің болашағы баянды болсын. Тілегіміз, көк байрақты көкке желбірететін, Отанын шын сүйетін патриот жастарымыз көп болсын! Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын! – дейді Абай көшесіндегі №62 үйдің тұрғындары.
Ел жүрегіне елшілдік дәнін себетін мерекелік шараны қалалық Ішкі саясат бөлімінің мамандары ұйымдастырыпты.
– Біз қала тұрғындарынан мұндай белсенділікті күткен жоқ едік. Алғаш тұрғын үйлердің балкондарына 70 шақты Ту ілеміз деп жоспарлағанбыз. Кейін туымыз жетпей қалып, тағы сатып алуға тура келді. Тұрғындар екі-үш күннен бері: «Бізге Ту беріңіздер, немесе қай жерден сатып алуға болатынын айтыңыздар» – деп қоңырау шалып жатқандар көп. Мұның сыртында, атаулы мерекеге орай үшінші маусым күні кешкілік автошеру өтті. Бұл акцияны қаланың белсенді жастары ұйымдастырды. Жастар көліктеріне Ту, жалаушалар іліп, қала көшелерімен жүріп өтті. Басты мақсатымыз, мемлекеттік Туды кеңінен насихаттау және қала тұрғындарын отансүйгіштікке үндеу. Мемлекеттік туымыздың әр қоғамдық орындарда, туристік нысандарда, сауда орталықтарында, орта және жоғары оқу орындарында ілініп тұруы, жүрекке патриоттық сезім ұялатады, – деді Ішкі саясат бөлімінің басшысы Әсем Есжанова.
Қостанай