StopMusor – дәл осындай атаумен Нұр-Сұлтан мен Алматы шаһарларында экологиялық жоба қолға алынады. Оның негізгі мақсаты – тұрмыстық қалдықты жинауда халықтың мәдениеті мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыру. Қоқысты сұрыптау арқылы еліміздің азаматтарын қайта өңдеу саласына жұмылдырып, «жасыл экономика» тұжырымдамасын дамыту көзделген. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы Айгүл Соловьева айтты.
Экологиялық бастаманы көтерген қоғам белсенділері бұл жұмысты іске асыру үшін алдымен қажетті инфрақұрылымды дамытып, инвестициялық шығындарды оңтайландыру керектігін жеткізді.
«Биыл Давоста өткен дүниежүзілік экономикалық форумның басты тақырыбы экология мәселесіне арналды. Біздің қауымдастық адам баласы сапалы қоршаған ортада өмір сүруге құқылы деген ұстанымда. Еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында ұйым бастамасымен StopMusor жобасы қолға алынады. Ол 2021 жылға дейін жалғасады. Басымдық Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына беріледі. Осы ретте Қазақстан халқын әлеуметтік жауапкершілікке шақырып, баршамызға ортақ экологиямызды таза қалпында сақтауға күш біріктіруге шақырамыз. Ата-аналарымыз бала кезден «Мәдениет тазалықтан басталады» деп бекер үйретпесе керек. Сондықтан осы акцияның көмегімен қоғамның назарын аталған мәселеге аударып, экологияға қатысты күрмеулі проблемалар шешімін табады деген үмітіміз басым», деді Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы А.Соловьева.
Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақановтың айтуынша, қалдықты сұрыптау мәдениетін қалыптастырмайынша, қайта өңдеу саласын дамыту қиынға соғады.
«Сыртта жүргенде шөлмек, пакет және тағы да басқа қалдықтар көзге жиі түседі. Сол себепті Халықаралық қоршаған ортаны қорғау күні аясында осындай акцияны бастауды құп көрдік. Әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, ұсақ тұрмыстық қалдықтың 80%-ы қоғамдық орындарындағы арнайы жәшіктерге салынбайды екен. Төтенше жағдай және карантин режімінде қоршаған ортаға бейқам қарамайтын адамдар бар екені қуантқаны рас. Осыған байланысты зерттеу жүргізілді. Нәтижесін кейін ұсынатын боламыз. Сауалдамаға қатысқандардың басым бөлігі қоғамдық орындарда ұсақ қоқысты байқайтындарын жеткізді» деді Е.Абақанов.
Қоғам белсенділері акцияның негізінде бейнелеу өнері өкілдерін тарту арқылы шығармашылық жобаларды жүзеге асыру жоспарланғанын айтты.