Облыс бойынша тұқым шаруашылығы саналатын Сандықтау ауданындағы «Каменка және Д» серіктестігінің егіншілері дән сіңіру жұмыстарын агротехникалық шараларға сай екі аптаның ішінде аяқтады.
Мамырдың алғашқы аптасында алқап басына шыққан шетелдік 9 агрегат 16 мың гектар жерге дән сіңірді.
–Әр жылдың өз ерекшелігі бар. Биыл көктем ерте шықты. Сол себепті агрегаттарды құрғақ алқаптарға шығардық. Мол өнім дәнді дақылдардың сұрпына сайланысты. Биыл «Омск-28», Орал-Сібірлік «Любава-5» және «Боевчанка» бидай тұқымдарын пайдаландық. Олар біздің орманды өңірдің ауа райы үшін қолайлы, – дейді серіктестіктің бас директоры Алексей Джейранов.
Тұқым сеуіп біткен күннің ертеңінде серіктестіктің механизаторлары пар жыртуға кірісіп кетті. Бұл шара да болашақ мол өнімнің кепілі.
–Біз жыл сайын 5 мың гектардан астам жердің парын жыртамыз. Бұл жұмыс агротехникалық шараларды жасау мерзімінде өтуі тиіс. Тағы бір айта кететін жәйт, біз-екі үш жылдан бері химиялық тыңайтқышты азайттық, – дейді агроном Сергей Тюков.
Ауа райын болжаушылар бірер күнде жаңбыр жауады деген қуанышты хабар айтуда. Осы сөз диқан көңілін демдеп тұр.
Ақмола облысы