130-дан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін бас қалаға жіберуде. Жеткізілген азық-түлік тауарлары елорданың 44 сауда нүктесінде тұтынушыларға ұсынылады.
Облыс Нұр-Сұлтан қаласына 11 мың тонна ет және ет өнімдерін жөнелтіп отыр. Макинск қаласындағы құс фабрикасының өзі 25 мың тонна құс етімен қамтамасыз етуде. Ал, сүт және сүт өнімдері бойынша елорда тұрғындарының қажеттілігін 34 процентке қанағаттандырып отыр.
– Облыстың ірі құс фабрикаларынан жыл сайын 800 миллион жұмыртқа жіберіледі. Сұраныстың 94 процентін біз өзіміздің өніммен қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі Ботагөз Біркенова.
Астықты өңір елордалықтарды ұнмен де, көкөніспен де қамтамасыз етуде. Бүгінде аймақта көкөніс сақтайтын 56 қойма бар. Бас қалаға қоймалардағы картоптың 90 проценті жөнелтілуде.
– Өнім түрлерін көбейту мақсатында жаңа жобалар іске асырылуда. «Гормолзавод» серіктестігі түрлі йогурттарды әзірлеу үстінде. Шелектеп, килограмдап сататын балмұздақтарды енді олар арнайы пакеттерде, түрлі дәмдеуіштер қосып, балмұздақ үлгілерін көбейтпек, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі Ботагөз Біркенова.
Біржан сал ауданында қатты және жұмсақ ірімшіктерді әзірлейтін жоба іске асуда. Олар ірімшіктің 20-дан астам түрін өндіріп, елордаға жіберуді жоспарлап отыр.