Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халық алдында есеп беру кездесуінде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен «Астана Опера» театры ТМД елдерінің үздік опера және балет театрларының ТОП-5 рейтингісінің қатарына енгенін айтты.
- 2019 жылы республикалық театрлар 1600 астам қойылым көрсетіп, 32 жаңа спектакльді жүзеге асырды. Олардың қатарында «Аттила және Аэций», «Құлагер» қойылымдарының, «Жизель» және «Болеро» балеттерінің тұсаукесері өтті. «Астана Балет» театрында «Кончерто Барокко», «Золушка», «Шопениана» балеттерінің премьерасы және «Серілер салтанаты» миниатюрасы қойылды. «Астана Опера» театрында «Дон Карлос», «Евгений Онегин», «Богема» операларының және «Жизель», «Коппелия», «Бетховен» балеттерінің премьерасын көрермендерге ұсынды, - деді Ақтоты Райымқұлова.
Сондай-ақ ол Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен «Астана Опера» театры ТМД елдерінің үздік опера және балет театрларының ТОП-5 рейтингісінің қатарына енгенін айтты. Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық-драма театры мен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрына Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен академиялық мәртебе берілді.