• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2020

Архимед Мұхамбетов Арқалыққа жұмыс сапарымен барды

723 рет
көрсетілді

Биыл Арқалық қаласының жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Мұның сыртында, мемлекеттік бағдарлама бойынша іске асырылып жатқан ауқымды жобалар қолға алынып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Арқалық қаласына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы алдымен шағын шаһардағы жылу энергетикалық компаниясында болды.

Бұған дейін қыстан мазутпен шығып келген Арқалықтың жылу жүйесін біртіндеп көмірге көшіру мақсатында бюджеттен 7,4 млн теңге бөлініп, «Арқалық қаласының жылумен жабдықтау жүйесін 2030 жылға дейін қайта жаңарту» жобасы қолға алынған. Бүгінде жаңа жылу көзінің құрылысы басталып та кетті. Бас ғимараттың астыңғы қабаты төселіп, табанына бетонды-ерітінді торап салынды. Енді 3 бу қазандығы және  сумен жылытатын 2 қазандық орнатылады. Нысанды  аралап көрген облыс әкімі мердігерге құрылыс-монтаж жұмыстарын уақтылы аяқтауды қадап тапсырды.

Одан кейін А.Мұхамбетов «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қолға алынып жатқан жобалар жайымен танысты. Аталмыш бағдарлама бойынша Арқалық өңірінде жалпы құны 1,1 млрд теңге болатын 10 жобаны жүзеге асырылып, нәтижесінде 250 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Облыс әкімі «Жігер» стадионына, №2 орта мектеп ғимараты мен Дала өлкесі тарихы музейіне барды. 1972 жылы ашылған аталмыш музейге соңғы рет 2016 жылы жеңіл-желпі жөндеу жүргізілген. Биыл 157,9 млн теңге қаржы бөлініп, мәдени нысанға толықтай күрделі жөндеуден өтпек. Соның арқасында 40 адам жұмыспен қамтылып отыр.  

«Жігер» стадионына «Алюминий құрылыс» ЖШС-і күрделі жөндеу жүргізіп жатыр. Жобаның құны – 58,1 млн теңге.  Қазір спорт залы  өзгертіліп, жаңа кейіпке енбек. Еңбекпен қамту орталығы арқылы 8 адам жұмыс  осы жерден жұмыс тауыпты.  Серіктестік жұмысты шілде айында аяқтауды көздеп отыр.

Ал орта білім беретін  №2 мектеп ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеуге 365,2 млн теңге бөлінген. Мердігер әкімге мектепті жаңа оқу жылы басталғанша тапсырамын деген уәдесін берді.

Жұмыс сапарының екінші күні аймақ басшысы таяуда ғана жұмыс істей бастаған «Арқалық – көмек алаңы» фронт-кеңсесіне бас сұқты. Бұл облыста ашылған 20-шы көмек алаңы. Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының жүзеге асуын ілгерілете түсетін мұндай кеңселердің саны жағынан  Қостанай облысы республика бойынша көш бастап келеді.

Мұнда тұрғындар үшін қажет қызмет түрлерін «бір терезе» арқылы алу мүмкіндігі бар. «Көмек алаңдары» заманауи байланыс және коммуникация құралдарымен қамтылған. Сондай-ақ, азаматтарды «опен спейс» форматында қабылдайтын арнайы бөлме де бар. Бұл бөлмеде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерге қатысты тиісті мемлекеттік орган өкілдерінен толыққанды жауап, я кеңес алатын болады.

 

Қостанай облысы