Брюссель мен Берлин арасындағы ұзақ талқылаудан кейін германиялық Lufthansa әуе компаниясына 9 млд еуро көлемінде көмек көрсетіледі деген келісімге келді. Бұл әзірге COVID-19 пандемиясы кезінде мемлекет тарапынан бөлінген ең үлкен көмек болып отыр.
Осындай қолдауы үшін Германия компанияның 20 пайызы мен бақылау кеңесіндегі екі орынға қол жеткізеді. Компания басшылығы Германия мен Еуропа Одағының бұл қолдауын қабылдағанын сенбі күні ресми түрде мәлімдеді. Онымен қоса Франкфурт пен Мюнхен сияқты ірі қалалардағы әуежайлардың ұшып-қону жолақтарын да қолдаушыларға өткізуі мүмкін екендігін хабарлады. Мұндай келісім Германия үкіметін компанияның ең үлкен үлескері етЕді.
Шешім қабылданғанымен, нақты бекітілген жоқ. Қос тарап 25 маусымда қайта кездесіп, жалпы отырыс өткізеді. Құрамында Бельгия, Аустрия, Швейцария әуе компаниялары бар Lufthansa тобы коронавирус пандемиясы кезінде 1 млн еуродай шығынға ұшыраған. Компанияның директорлар кеңесінің басшысы Карл-Людвиг Клей «Бұл Lufthansa үшін қиын әрі ауыр жол. Германияның федералды үкіметімен бірге әлемдік әуе көлігі индустриясындағы алдыңғы қатардағы орнымызды сақтап қалуды негізгі мақсатымыз ретінде белгіледік», деді. Ал атқарушы директор Карстен Шпор қиын күндерде компанияға адал қызмет еткен қызметкерлер мен басқа да үлескерлерге ризашылығын білдірді.
Бұған дейін әуе көлігінің алыбы үкіметтің қолдауын қабылдамайтынын айтқан болатын. Олар Еуроодақтың талаптары тым қатал болып, компания жұмысы мен беделіне әсер етеді деп қорыққан-ды. Ал Германия үкіметі компания пандемияға дейін жақсы табыс тапқанын, алайда қазіргі жалғыз шара осы екенін жеткізді. Дегенмен, үкіметтің әуе көлігі секторына көз тіккенін басқа құрылымдар сынға алды. Бұл келісімге келу де ұзақ уақытты талап етті. Өйткені Германияның Брюссельмен келісімі оңайға соққан жоқ. Канцлер Ангела Меркель компанияға қатысты федералды бақылауды азайтуды сұраған болатын.