• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Маусым, 2020

Ауыз судың бағасы аспандап тұр

1155 рет
көрсетілді

Қостанайда бір текше ауыз судың бағасы – 76 теңге 78 тиын. Ал облыс орталығынан шалғай жатқан Жангелдин ауданына қарасты шағын ауыл – Аралбайда құбырдан келетін қара судың құны бұдан 10 есе қымбат. Ауыл тұрғындары үйге су тартылғалы әр текшесіне 3 жыл бойы 1000 теңгеден төлеп келген.

Бірақ былтыр жазда су ақысы едәуір «арзандап», 705 теңгеге түсіпті. Осылайша қалтасының жұқалығына қарамастан ауыз суға африкалық тарифпен ақы төлеп отырған ауылдағы ағайын «ойма тазға – он теңге, қырма тазға – қырық теңгенің» күйін кешіп отыр. Бүгінде Аралбайда 70 шақты үй түтін түтетеді. 2017 жылдың аяғында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша әр үйге су құбыры тартылып, шағын ауылдың тұрғындары тайлы-таяғы қалмай мәре-сәре болысып қуанып қалған. Бұрын суды өгіз арба, трактормен тасып ішетін қараша жұрт иінағаштан, өгіз арбадан құтылып, көзі ашылғандай болып еді.

– Үйді-үйге су кіріп тұр. Бұрын мұндай түсімізге де кірмеп еді. Бірақ пайдаланған судың әр текшесіне 1000 теңге төлейміз. Қыстың күні жұрт малын суарады. Қазір бау-бақша егуді де мүлде доғардық. Немерелерімізді аптасына бір рет моншаға түсіріп аламын, кірді жетісіне бір рет жуамыз. Жұрттың көбі бір зейнетақыға қарап отыр. Ауылдағы жұмыстың жайы белгілі. Мұнда мұғалім, дәрігер мен әкімдік қызметшісінен басқа ешкім айлық алмайды. Топты баланың аузынан жырып, суға айына жоқ дегенде 5-6 мың, болмаса 15-17 мың теңге төлеп отырмыз. Осыған ішіміз ашиды, – деп налиды зейнеткер Сәбира Шайзадина.

Үйді-үйге су тартылып, дер­бес есептегіш құрылғы ор­на­тылған соң, оның ай­лық бағасынан бейхабар тұр­ғын­дар алғашқыда күнара кір жуып, күніне ғұсыл алып, суды емін-еркін пайдаланыпты. Бір ай өткен соң біреуге 17 мың, енді біреуге 21 мың теңге қарызсың деген тілдей қағаз келгенде, жағасын ұс­та­­ған жұрт коммуналдық шаруа­­­шы­лықтың сұрағанын амал­­сыз төлеген. «Аузы күй­ген үріп ішедінің» кебін киген арал­бай­лық­тар содан б­ері судың кранын абайлап ағы­зу­ды үйренді.

– Үйге су кіргелі кір машина­мыз­ды қосып отырмыз, үйде жуы­намыз, әжетханамыз да үйде. Жасы 70-тен асқан мен сияқты қарт адамға ың­ғай­лы. Әрине мемлекеттік бағ­дар­ламаның игі­лі­гін мүлдем көрмей отырмыз деу күнә болар. Бірақ іргеміздегі Ақ­шы­­ға­нақ, Албарбөгет, Көкалат, Торғай ауылдары суға небәрі 30-ақ теңге төлейді. Біз 4 жылдан бері қарай 750-1000 теңгеден төлеп келеміз. Алғаш қуанышымызда шек болмады. Он шақты күннен соң, Назымбек Байділдин деген жігіт келіп, ауыл адамдарын жинап, судың текшесіне 1000 теңгеден төлейсіңдер деп бағасын қойып кетті. Біз мыналарың өте қымбат қой деп едік, тыңдамады. Келісімшартқа қол қойыңдар деді, бірақ мен оған қол қойған жоқпын.

– Өзге ауылдың жұрты текше­сі­не 30 теңгеден төлейді, біз 1000 тең­геден төлейміз. Бұл қалай? Мұн­дай бағаны қайдан алып отыр­сың­дар? – деп едім, жауап болмады.

Одан кейін бірнеше рет жиын өтті. Аудан әкімі келді. Судың бағасын әне төмендетеміз, міне төмендетеміз деп жүр­ген­де екі жыл өтіп кетті. Со­ны­мен былтыр маусым айында 705 теңгеге түсірді. Оны да түсінбедік. Одан кейін күзге қарай қыркүйек, қазанға дейін 30 теңгеге түсіреміз деп еді. Содан әлі жоқ. Бірнеше рет аудан әкіміне бардық. Ауыл әкіміне де айтып жатырмыз. Ешқандай өзгеріс жоқ. Содан биыл сәуір айында 30 теңгеге түсіреміз деп еді, одан да хабар жоқ. Өзім соңғы айда 6 мың теңгедей төледім. Өйткені трактор, арба бар, суды піләкпен тасып аламын. Ел ең аз дегенде бір айда 3 текшесіне су пайдаланады. Суға кететін төлемақысының алды 16-17 мың теңгеге дейін жетеді, – деді ауыл ақсақалы Хамит Аңсағайұлы.

Ауыл әкімінің айтуынша, ауыл­­да су құбыры бұрын да болған. – 2017 жылдың 1 жел­тоқс­анында соны қайта қал­пына келтіріп, елдің игілігіне бердік. Кейін тарифті белгілеу, меншік құқығын анықтау сияқты жұмыстар жүргізілді. Реконструкция аяқталғаннан кейін нысан аудандық ком­му­налдық шаруашылық бө­лі­мі­нің балансына берілді. Көп ұзамай аудандық ТКШ басшысы бастаған топ келіп, ауыл тұрғындарымен жиын өткіздік. Сол жерде тұрғындардың келісіммен ауыз судың тарифы 1000 теңге болып белгіленді. Біз бұл бағаны қайдан алдық? Бұрын ауыл азаматтары суды ашық көздерден трактормен таситын. Сол бағаға! Яғни тұрғындар үш текше суды 3000 теңгеге сатып алады. Сол жолғы жиында қаулы қабыл­данып, уақытша баға бекі­тіл­ді. Тұрақты бағаны табиғи монополияларды реттеу депар­та­менті бекіткенше, осылай бола тұрады деп халыққа түсін­дір­дік. Мұнымен қазір тиісті орындар айналысып жатыр. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияға іліксек, су бағасы реттеледі, – деді ауыл әкімі.

Аудан басшыларының ай­туынша, ауызсу тарифін бекіту мәселесі қазір табиғи мо­но­по­лия­лар­ды реттеу және бәсе­келестікті қорғау депар­та­ментінде қаралып жатқан көрінеді. О баста су тарататын кешенді ұстап тұру керек болған соң, тариф бағасы ауыл тұрғындарының келісімімен 1000 теңге болып бекітілген.

– Бұл бекітілген тариф. Мем­лекет бекіткен. Біз табиғи мо­но­­­полияларды реттеу де­пар­­та­мен­ті­не тапсырдық, сон­да­ғы мамандар өздерінің арнайы формуласына салып, есептеп берді. Осы өңірдегі бар­лық ауыл дәл осындай қым­батшылықтан өткен. Бұған бірден қол жеткізу қиын. Ол үшін кәдімгідей субсидия бөлі­ніп, суға жұмсалатын шы­ғын­ның басым бөлігі мемлекет тарапынан төленуі керек. Яғни бұл министрлікте шешілетін шаруа. Біз бұл мәселені көптен бері бақылауда ұстап отырмыз. Амандық болса, осы жылы шешіледі. Тек шы­дам­дылық таныту керек. Созылып кет­кені рас, иә. Бірақ біздің қо­лым­ызда тұрған шаруа емес қой. Осындай Аралбай ауы­лын­дағыдай жағдайға жете алмай жатқан елді мекендер бар. Сужарған, Шеген ауыл­дарына әлі су кірмей тұр. Қазір жобалық сметалық құжат­тарын жасап жатырмыз. Келесі жылы ұсынбақпыз. Биыл «Жұмыспен қамту» бағ­дар­ламасы арқылы Ақкөл, Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарына су құбыры тартылады. Таяуда ғана мердігер анықталды. Көлқамысқа су тазарту құрылғысы орнатылады, деді аудан әкімі Шота Оспанов.

Облы­стық табиғи моно­по­лия­лар­ды рет­теу және бәсе­ке­лес­тік­ті, тұты­ну­шы­лар­дың құқы­ғын қорғау депар­таментінің өкіл­де­рі был­тыр Аралбай ауылы тұр­ғын­дары­мен жария тыңдау жиынын өткіз­генін айтты.

– Табиғи монополияларды реттеу туралы Заңда жазылған та­лап­тар бойынша біз былтыр 21 маусым күні Аралбай ауы­лы­ның тұрғындарымен жария тың­­дау жиы­нын өткіздік. Бізге аудан­дық тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық бө­лімінен су бағасын бекі­ту туралы өтініш берген. Біз сол баға бекітілмей тұ­рып ха­лық­пен жариялы түрде кезде­суі­міз керек. Ондағы мақсат, та­риф­тің құ­рамына қандай шығындар кіреді, соны ха­лық білуі керек. Олардың да пікірі ескерілуі тиіс. Кәсіпорын бізге 1991 теңге кө­ле­мін­де тариф жобасын ұсынған. Біз кә­сіп­орын тапсырған есеп-қи­саптарын тү­гел тексеріп, тарифті 1000 теңгеден 705 тең­ге­ге түсірдік. Енді ауылдағы су ба­ғасын арзандату үшін тағы бір қадам жа­салуы тиіс. Суб­сидия мә­се­лесі осы са­тыда қара­лады. Сон­­­дықтан Аралбай ауы­лының тұрғындарына сәл шыдай тұру­ла­рына тура келе­ді. Оған біраз уақыт керек, – деді Табиғи монополияларды рет­теу департаментінің бас ма­маны Азамат Сабыржан.

 

Қостанай облысы