Еліміз бүгінде ет және сүт өнімдерін экспорттауда ТМД елдерінің арасында көш басында келе жатыр. Бүгінде 1 кг ірімшіктің бағасы 2000 теңге болса, 1 кг құрттың бағасы 1800 теңгеден басталады.
Әрине, қарапайым халық үшін қымбаттау. 2000 жылдардың орта тұсында үй аралап айран-сүт сататын апаларымыз көп еді. Қазір де таң бозарып атқаннан «Айран, молоко» деп айғайлап жүретіндер баршылық. Кейінгі жылдары дүкен сөрелерінде сүт өнімдері тіптен көбейіп, апаларымыздың литрлеп сатылатын ағарғанын сағынышпен еске алатын болдық.
Ғалымдар өңделмеген сүт өнімін тұтыну мәселесінде әлі күнге дейін дауласады. Бір жағы мұның зияны көп десе, керісінше екінші жақ пакеттелген сүт өнімдерінен қауіп көп дейді. Мыңдаған сиырдан сауылған сүт зауыттарында жалпы ыдыстарға құйылады. Мәселен, шыбынның сілемейлі шырынынан бір қасық балдың өзі бүлініп кетеді. Байқаусызда ыдыста беті ашық тұрған мол сүтке тамып кетсе, оның тигізер зияны айтарлықтай болады.
Сүттен көптеген сусын және тағам түрі әзірленеді. Солардың ішінде уыздың адам ағзасына пайдасы мол. Уыз құрамында антиоксиданттар өте көп. Ол ағзаның қорғаныш қасиетін арттырып, ас қорыту жүйесін ретке келтіреді. Бұл − жасарудың бірден-бір кепілі. Сондай-ақ антиоксидант жүрек ауруына, қатерлі ісікке, ерте қартаюға жол беретін химиялық элементтердің әсерін жоятын күшке ие деседі.
Уыздың бірнеше түрі бар: малдың бүйенінен жасалғаны, кептірілген түрі, балғын реңдісі болады. Жалпы, уыз сөзінің мағынасы кең. Мәселен, кедей адамды уызға жарымаған деп айтып жатады. «Қашпаған қара сиырдың уызынан дәметіп» деген де бар.
Халқымыз «ағы бардың, бағы бар» деп бекер айтпаған. Қорасында сиыры бар үйдің берекесі бар. Әттең, қазір ауылдағы ағайынның өзі де сиыр ұстап, сүт сауып, одан әртүрлі тағамдар жасауға ерінеді. Аққа жарып отыратын жағдайы бар болса да, айран-сүтті дүкеннен сатып алып ішеді. «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» деуші еді. Ауыл адамдарының заман ағымына ілескені жақсы, бірақ қолдағы бар нәрсені ұқсата білу де берекеге бастайтынын түсінетіндер азайып бара жатқан сияқты. Ендеше, таң бозарып атқаннан сүт сатып жүрген апалардың еңбегі еңбек-ақ қой, шіркін...