Қазақстанның авиациялық өнеркәсіпті дамыту және әуе кемелерін өндіру, техникалық қызмет көрсету және жөндеу нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылған «Қазақстан авиациялық индустриясы» ЖШС заманауи авиациялық кәсіпорны 2016 жылы іске қосылған болатын.
Кәсіпорын алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – мемлекеттік авиацияның әуе техникасы жарамдылығын қалпына келтіру бойынша мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау. Бұл міндеттерді әскери ұшақтарды пайдалануда тәжірибесі мен дағдысы бар мамандар, сондай-ақ еліміздің және шетелдердің бейінді оқу орындарында білім алған жас инженерлер мен техниктерден тұратын жоғары білікті қызметкерлер орындайды. 2018-2020 жылдары Қазақстан аумағында алғаш рет отандық кәсіпорын Ан-72, Су-25, Су-27, С-295 ұшақтарында регламенттік жұмыстарды орындады. Соңғы жылдары кәсіпорынның штаттық қызметкерлері 2 есеге, яғни 200 адамға дейін артты.
Биыл еліміздің мемлекеттік органдарын қамтамасыз ету үшін тиімділігі жоғары көпфункционалды ұшқышсыз ұшатын аппараттарды құрастыратын өндірісті ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар кәсіпорын алдында авиациялық қызметтердің азаматтық нарығына, оның ішінде экспортқа шығу мақсаты тұр. Бұл шаралар болашақта өңірлік көпфункционалды сервистік авиациялық орталық мәртебесіне үміткер болуға мүмкіндік береді.