Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2020 жылғы қаңтар-мамырдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.
Экономикалық белсенділікке – ерекше назар
Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, Қаржы министрі Е.Жамаубаев, өнеркәсіп және энергетика секторындағы жағдай туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов пен Энергетика министрі Н.Ноғаев, агроөнеркәсіп кешеніндегі ахуалды Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, өңірлердің даму барысын Алматы облысының әкімі А.Баталов, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов баяндады.
Р.Дәленов есепті кезеңде байқалған оң трендтерді атады. «Өндірістік секторда өсу жалғасуда. Қызметтер секторы мамырдан бастап серпінді қалпына келуде. Сонымен бірге сауда балансының сальдосы жоғары өсуді көрсетті. Өндірістік сектор бойынша құрылыста – 5,9%-ға, кен өндіруде – 5,2%, өңдеу өнеркәсібінде – 4,9% және ауыл шаруашылығында 2,2%-ға өсу байқалды», деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі таңда қызмет секторларында, соның ішінде көлік қызметтерінде – 14,1%-ға, саудада – 12,3%, жылжымайтын мүлік операцияларында – 4,8%, әкімшілік қызметтерді көрсетуде – 3,8%-ға төмендеу болды. Байланыс қызметтері қаңтар-мамырда 9,2%-ға артты.
Карантиндік шектеу шаралары жеңілдеген мамырдан бастап, қызметтер секторы жекелеген салаларда қалпына келе бастады. Атап айтқанда, сауда 28,3%-ға, соның ішінде бөлшек сауда – 34,2%, көтерме сауда 26,1%-ға өсті. Көлік қызметтері – 20,7%-ға, оның ішінде жолаушылар айналымы – 41,5%-ға, жүк айналымы – 5,7%-ға артты. Ал тамақтану бойынша қызметтер 10,8%-ға өсті. Осылайша мамырда қызметтер саласында өсудің қалпына келу серпіні тіркелді.
Р.Дәленов атап өткендей, экономикалық белсенділікті одан әрі күшейту мақсатында 20 мамырда 2020 жылға арналған кешенді жоспар қабылданды. «Кешенді жоспар қолданбалы сипаттағы нақты шараларды қамтиды. Бұл – Өнеркәсіпті дамыту қорын құру. Өңдеуші кәсіпорындарға 3%-дық жеңілдетілген мөлшермен кредит беру көзделіп отыр», деді министр.
Ұлттық банк бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы» шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қызмет түрлері кеңейтілуде. Несиелеу ресімдері жеңілдетіледі. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасында бизнес үшін микрокредиттерді субсидиялауды қарастыратын жаңа «Микрокредиттеу» бағыты іске қосылады.
Бұл шаралардың барлығы сыртқы сын-қатерлердің теріс салдарын азайтуға бағытталған. Сондай-ақ Кешенді жоспар экономика салаларындағы жедел мәселелерді шешуге, ішкі өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдауға мүмкіндік береді. Жалпы, кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін 49 заңнамалық актіге түзетулер енгізу жоспарлануда.
Қаңтар-сәуірде сыртқы сауда айналымы 28,2 млрд долларды құрады. Экспорт 18,4 млрд, импорт 9,8 млрд доллар болды.
Инвестициялар бойынша 15 өңір өсу көрсетті. Түркістан облысында инвестиция 2 есеге жуық ұлғайды. 2 өңірде төмендеу тіркелді, бұл Қызылорда мен Атырау облыстары. Жалпы, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі – 0,1%.
Сондай-ақ Р.Дәленов 6 экономикалық көрсеткіш бойынша жалпы жағдайды атап өтті. Олар – өңдеу, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, инвестициялар және инфляция. «Өңірлердің көбінде жақсы динамика байқалады. Барлық 6 көрсеткіш бойынша 4 өңірде өсу байқалады. 5 көрсеткіш бойынша – 6 өңірде, 4 көрсеткіш бойынша – 4 өңірде өсім бар. Ал Маңғыстау облысы 2 көрсеткіш бойынша жақсы нәтиже көрсетті», деді министр.
Р.Дәленов қаржыландыру және кредит беру бойынша қабылданған шараларды ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар назары бірқатар міндетке шоғырлану қажет екенін атап өтті. Олар: 2020 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды уақтылы және тиімді іске асыруды қамтамасыз ету; Еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жобаларды іске асыру; «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы, «Қарапайым заттар экономикасы» және Шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген кредит беру бағдарламалары шеңберінде кәсіпкерлерді қолдау құралдарын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету; Жаңа экономикалық жағдай кезінде инвестициялық жобалардың өзектендірілген пулы шеңберінде инвестициялар тартуға жаңа тәсілдерді қолдану; Көрсетілетін қызметтер саласындағы серпінді өсуді қалпына келтіру үшін жағдайлар жасау.
«Жоғарыда аталған шараларды іске асыру экономикалық белсенділікті жедел қалпына келтіруге мүмкіндік береді», деп түйіндеді министр.
Депозиттер 3,3%-ға көбейді
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, биылғы мамырда жылдық инфляция 2020 жылға арналған 4-6% нысаналы дәлізден жоғарылап, 6,7% болды. Экономиканы қолдау шеңберінде Президенттің дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда.
Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 4 маусымда кәсіпкерлер 494,4 млрд теңге сомасына 2 041 өтінім берді, 197,6 млрд теңгеге 1 467 қарыз берілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биылғы 5 маусымдағы жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 305,1 млрд теңгеге 526 өтінім қабылдады, 210,4 млрд теңге сомасына 422 қарыз берді. «7-20-25» бағдарламасы бойынша осы жылғы 4 маусымда 216,5 млрд теңгеге 18 769 өтінім мақұлданды, соның ішінде 183,9 млрд теңге сомасына 15 556 қарыз берілді. «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 4 маусымда 244,4 млрд теңге сомаға 29 324 өтініш мақұлданды, 198,0 млрд теңгеге 24 277 қарыз берілді. Ал банктердегі депозиттер көлемі 3,3%-ға ұлғайды.
Кіріс жоспары 102,9% орындалды
Мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы баяндаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше биылғы бес айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 3 трлн 420 млрд теңге көлемінде кіріс түсіп, жоспар 102,9% орындалды.
Республикалық бюджетке 2 трлн 111 млрд теңге кіріс түсті, бұл жоспардың 94,4%-ы. Кірістер бойынша жоспар 125 млрд теңгеге орындалмады.
«Жоспардың орындалмауына сыртқы факторлар аясында төтенше жағдай кезеңінде бизнесті қолдау бойынша қабылданған шаралар әсер етуде», деді Е.Жамаубаев.
Салық түсімдерінің азаюы сәуір айынан басталып, мамыр айында жалғасты. «Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша кәсіпкерлік белсенділіктің ең көп төмендеуі көтерме және бөлшек саудаға тиесілі. Тауарларды өткізу бойынша айналымдар 2019 жылғы мамырмен салыстырғанда 54%-ға немесе 1,2 трлн теңгеге төмендеген.
Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж салығы бойынша жоспар 4 млрд теңгеге орындалған жоқ. Себебі сәуірде мұнайдың орташа бағасы барреліне 25 АҚШ долларынан төмен болды.
Жергілікті бюджеттердің өз кірістері 120,4%-ға атқарылып, 1 трлн 309 млрд теңгені құрады. Жоспар 222 млрд теңгеге асыра орындалды.
Мемлекеттік бюджет шығыстары 97,9%-ға, республикалық бюджет 98,9%-ға, жергілікті бюджеттер 97,2%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 5 трлн 620 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражаты 61 млрд теңгеге игерілмеді.
«Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық ресімдерді ұзақ және уақтылы өткізбеу, нақты көрсетілген қызметтер, атқарылған жұмыстар көлеміне төлеу, шарт жасасу ресімдерін ұзақ жүргізу, төлем бойынша құжаттарды ұзақмерзімді келісу», деп түсіндірді Е.Жамаубаев. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 2 трлн 606 млрд теңгені құрады. Игерілмеген қаражат – 75 млрд теңге.
Машина жасау өндірісі 18,5%-ға өсті
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 5 айөдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,8% өскенін айтты. «Машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп, өндіріс көлемі 18,5% өсті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және ашық тіркемелер шығару 47,1%, машиналар мен жабдықтар 6,7%, өзге көлік құралдарын жасау 125,2%, компьютерлер жасау 3,8%-ға өсті», деді министр.
Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларында 105,9%-ды құрады. Өсім еліміз бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын қайта жаңғыртуға байланысты құрылыс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етіледі.
5 айда 4 млн 75 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 88,4%-ға тең. Республика бойынша барлығы 33 479 баспана пайдалануға берілді.
А.Мамин: Салынған әрбір теңге пайда әкелуге тиіс
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, биылғы қаңтар-мамыр айларында ІЖӨ 2019 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 1,7%-ға төмендеді, бұл пандемиядан туындаған әлемдегі және аймақтағы іскерлік белсенділіктің күрт құлдырауына, сондай-ақ шикізат пен капиталдың халықаралық нарықтарындағы тұрлаусыздығына байланысты.
Сонымен қатар Үкімет қабылдап жатқан шаралар мен ұлттық экономикада қалыптасқан тұрақтылық экономиканың нақты секторының сенімді өсу қарқынын қамтамасыз етуге жол ашты. Тау-кен өнеркәсібінің көлемі 5,2%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 4,9%-ға, соның ішінде машина жасау – 18,5%-ға, фармацевтика – 21,2%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 10,8%-ға, құрылыс материалдарын өндіру – 12,3%-ға өсті. Құрылыс көлемі 5,9%-ға өсті, сауда балансының оң сальдосы қамтамасыз етілді.
Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2,2%-ға ұлғайды. Көктемгі егіс жұмыстары оңтайлы мерзімде аяқталды, олардың қорытындысы бойынша егіс алқабы 237,7 мың га ұлғайып, 22,5 млн гектарды құрады.
Халықты жұмыспен қамтуды қолдау шаралары белсенді түрде іске асырылып жатыр. Биыл жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша кешенді шаралармен 1,22 млн азамат қамтылады.
Карантин режімін кезең-кезеңмен жеңілдету аясында қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік серпінді түрде қалпына келтіріліп жатыр. Мәселен, мамыр айында сәуірмен салыстырғанда саудада, көлік секторында және халыққа қызмет көрсету саласында айтарлықтай өсім байқалды.
Осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға өсті. Сонымен қатар мамыр айында биылғы сәуір айымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 32%-ға артты. Оған қоса негізгі капиталға салынған жеке инвестициялар көлемінің өсімі 25,7%-ды құрады.
«Біздің міндетіміз – қысқа мерзімде экономиканың дағдарысқа дейінгі даму қарқынын қалпына келтіру. Бұған экономиканы қолдау және осы жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру бойынша біз қабылдаған шұғыл шаралар ықпал етуі тиіс», деді А.Мамин.
Негізгі көрсеткіштер бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың озық өсу қарқыны Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Қостанай облыстарында қамтамасыз етілген, орташа республикалық деңгейге Батыс Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Түркістан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қол жеткізілді, кейбір өңірде көрсеткіштер республикалық деңгейден төмен болды. Олар – Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы.
Үкімет басшысы өңірлердің Экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспары мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, отандық өндірісті барынша қолдау, инвестициялар тарту, экспортты ілгерілету, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтау және тұрақты жұмыс орындарын құру үшін барлық шараларды белсенді түрде қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Қазіргі жағдайда бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді жұмсау қажет. Әрбір теңге экономикаға пайда әкелуі тиіс», деді А.Мамин.
Премьер-Министр жарты жылдың қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмысының тиімділігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралатынын атап өтті.