Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша мұндағы су құбыры күрделі жөндеуден өтіп, 107 үйге ауыз су жеткізіліпті.
Су құбыры құрылысының қайта қалыпқа келуіне республикалық бюджеттен 118,8 миллион теңге, облыстық бюджеттен 13,2 миллион теңге бөлініпті.
Әрине тұрғындар қуанышты. Мемлекеттік бағдарламалар шағын ауылдарға да жете бастады. Автобазалықтарға да аз қаражат бөлінген жоқ. Бұл әрине құптарлық жағдай. Бірақ осы ауылдың аты құлаққа ерсілеу естілмей ме?
Оңтүстікке барып, солтүстікке қоныс аударушыларға «Автобазаға көшіп келіңіздер» десек қазақтығының қаймағы бұзылмаған ағайындар түсінбей қалуы мүмкін ғой.
Сондай-ақ Автобазаға «жалғасқан» Башмачное, Веселая Роща, Лесной, Михайлов, Новомир, Озерный, Иртышск секілді ауылдық аумақ атаулары да өзгертуге сұранып тұрғаны талассыз. Жергілікті биліктің осы төңіректе ойланғандары жөн шығар.
Павлодар облысы,
Железин ауданы