• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Маусым, 2020

Университет студенттері енді жеке қалашықта тұрады

513 рет
көрсетілді

Бұйырса, алдағы бірер аптада Тал­дықорған қаласындағы «Қа­ра­тал» шағын ауданы аумағында Студенттер үйінің есігі айқара ашыл­мақ. Қазір бұрынғы «сақал­ды» құрылысқа айналған қонақүй ғимараты толықтай қайта жаң­ғыртылып, керемет кампусқа ай­налды. Жаңа нысанның қолда­ныс­қа­ берілуі қалада білім алатын 288 сту­денттің жатақхана мәселесін бірден шешпек.

Жалпы, Алматы облысында студент жастарды жатақханамен қамту ісі Елбасының «5 әлеуметтік бастама»­ бағдарламасы жария болғаннан кейін қолға алынған болатын. Шын мәні­сін­де облыстағы оқу орындарында сту­денттердің жатын орны өткір мәселеге айнал­ғаны жасырын емес еді. Мәселен, аймақтағы Жетісу университетінің күндізгі бөлімінде 3 мыңнан астам студент оқыса, оның бес жүзге жуығының ғана жатақханада тұруға мүмкіндігі бар екен. Университеттің 2 жатақханасы болғанымен, орын саны шектеулі-тін. Ал Талдықорған, Талғар қалалары мен Қаратал ауданындағы кәсіптік білім беретін арнаулы оқу орындарының білімгерлері де жатын орын тапшылығын әлі де сезінуде. Есесіне, облыс билігі де қол қусырып отырған жоқ. Жастарды тұрғын жаймен қамтуға білек сыбана кірісіп кетті. Биыл облыста жалпы саны 968 орындық 10 жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Оның сегізі колледж оқушыларына арналған екен. Ал Талдықорғанда ашылатын студенттер кампусы Жетісу университетінің иелігіне беріледі.

 Енді Қаратал өзенінің жағалауына жа­қын тұрған, заманауи үлгіде жаң­ғыр­ған 9 қабатты еңселі нысан тек жа­тын­ ор­ны ғана емес, жастардың жеке қала­­шығына айналмақ. Мұнда 96 бөлме жасау,­ жабдығымен дайын тұр. Ғимарат ішін­де жастар талғамынан шығатын кітапха­на, клуб, кафе, шағын кино-театр, ком­пьютер орталығы және бар. Ал кам­пус маңында спорт алаңдары мен серуен­деуге арналған гүлзар, субұрқақ орналасқан.

– «Болашақ – жастардікі» дегенді біз тек сөз жүзінде ғана айтпауымыз керек. Жас ұрпақ мемлекеттің қамқорлығын сезінуі тиіс. Әсіресе жоғары білім алып жүрген жастардың алаңсыз оқуы үшін қолдан келген игілікті жасау біздің парызымыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «5 әлеуметтік бастама» туралы мәселе көтергенде біздің алдымызға осындай міндет қойды. Жастардың ертең елге қалтқысыз қызмет етуі үшін, отан алдындағы парыз бен қарызды әркез салмақтай білу үшін оларға тиісті қолдау мен қамқорлық көрсетуді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та күн тәртібінен түсірген емес. Осы мақ­сат бойынша Жетісудағы студент жастардың жағдайына көңіл бөлуді үнемі жалғастырып келеміз. Соның бірі жатақхана мәселесін дер кезінде шешіп, жастарды баспанамен қамту жайы. Талдықорған қаласынан ашылатын Студенттер үйінің құрылысына баса назар аударып, барлық талапқа сай болуын үнемі назарда ұстап отырдым. Бұл жерде тек жатын орын ғана емес, жастардың өміріне қажетті заманға лайық жағдай жасауды мақсат еттік, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов өз ойымен бөліскенде.

Жастар демекші, Жетісуда жаңа буын­ның жағдайына ерекше көңіл бөлініп отыр.­ Әсіресе жастарды жұмыспен қамту ісі­не басты назарда тұр. Мәселен, «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша еңбек на­рығындағы сұранысты реттеу үшін ай­мақтағы тұрғындардың тізімі жа­сал­ған болатын. Анықталған 13 334 адам­ның қатарында отызға дейінгі 3 228 жұмыс­сыз жас бар екен. Қазір бұл жастарды жұмыспен қамту бірінші кезекте жүзеге асып жатыр.