• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Маусым, 2020

Қырық сегіз адамды қызыл жалыннан құтқарған

1510 рет
көрсетілді

«...Алаңсыз ұйықтап жат­қанымда орындығымның асты жып-жылы болып кетті. Көзімді ашсам, астымда от жанып жатыр. Бірден жүргізушіге жүгіріп барып, автобуста өрт шыққанын ха­барлап, көлікті тоқтатуын сұ­радым. Бірақ ол менің сөзіме сен­бей қойды. Ал екінші жүргі­зуші шырт ұйқыда. Көп кідіруге бол­майтындықтан оны оятуға тура келді. Осыдан кейін ғана ол автобусты тоқтатты. Ал қай­тадан орныма келсем, қызыл жа­лын біршама жерді шарпып үлгеріпті. «Жанып жатырмыз» деп айқайласам адамдар үн қатпайды. Сөйтсем автобустың артқы бөлігінде отырғандардың көбі көк түтінге уланып үлгерген екен. Ал кейбірі не болғанын түсінбей, аңырып қарап отыр. Тіпті жүргізуші автобустың есі­гін де ашпады. Содан кейін екі есік­ті тепкілеп, итеріп жартылай­ аштым. Алдымен балаларды да­лаға шығардым. Көтеріп алып, бірі­нен кейін бірін лақтыра бер­дім. Өйткені өрт күшейіп барады. Ал жүргізуші өрт сөндіру құ­ралымен тілсіз жауды сөндіріп жат­ты. Бірақ қызыл жалын дес берер емес...».

2018 жылдың тамыз айының 4-інде «Семей – Новосібір» ба­ғытындағы автобуспен жолға шы­ғып, түнгі сағат 4 шамасында көлікте тұтанған тілсіз жаумен арпалысып, небәрі 1 минут 45 секундта 48 адамды құтқарған семейлік Ержан Омарханов оқыс оқи­ғаны осылай еске алады.

Бір қорқыныштысы, автобус небәрі 4 минуттың ішінде ж­анып кеткен көрінеді. Ал Ер­жан Омарханов құтқарған 48 жо­лаушының 12-сі бала екен. Ав­тобус ішінде 3 айлық сәбиден егде тартқан зейнеткерге дейінгі санаттағы адамдар болыпты.

Кейіпкеріміз Ресейге көлік са­тып алу мақсатында жолға шық­қан екен.  Алайда «байтал түгіл бас қайғы» дегендей, автобустағы өрт кезінде адамдарды сыртқа шығарып, жан алысып, жан бе­рісіп жүргенде құжаттары мен 1 миллион, 400 мың теңге көле­міндегі ақшасынан айырылады.

Автобус Семейдегі «Сұлу» авто­бекетінен шығыпты. Кейін Ержан автобекеттің басшы­лы­ғына хабарласып, адамдардың өмі­ріне немқұрайлы қарауға бол­майтынын айтқан. Бірақ авто­бекеттегілер автобустың Ре­сей еліне тиесілі екенін, бар­лық арыз-шағымды соларға ай­ту ке­рек екенін жеткізіпті. «Қоғам­дық көлік Семейге келген соң техникалық тексеру жүргізілуі керек. Мен осыны айтқанда автобекет басшысы телефон тұтқасын қоя салды. Содан бері жауаптан қашып жүр. Кейін маған мәс­кеулік заңгер автобус жолға шық­­пас бұрын Қазақстанда тек­се­рілуі керек екенін айтты. Бір­неше күн өткен соң жанып кет­кен ақшамды өндіріп алу үшін автобус иесін іздедім. Оны дос­тарымның көмегімен таптым. Бірақ ол маған тек 150 мың рубль ғана қайтарды» дейді бейбіт күн­нің батыры.

Осы оқиғадан кейін Ержанның ерлігіне сүйінген халық оны тө­бе­сіне көтеріп, алғыстарын ай­тып, ризашылықтарын білді­ре­ді. Семейлік жерлестері аты­­­нан жергілікті кәсіпкер, «Гор­дор­строй» ЖШС директо­ры Бауыр­жан Қайрамбаев 1 миллион теңге та­быстайды. Жақында көп жылдан бері пәтер жалдап тұратын кейіпкерімізге «Ланкастер» атты алматылық компанияның басшылары Семей қаласынан үй алып бергенін естідік.

Ержан Омарханов – 4 баланың әкесі. Негізінен кәсіпкерлікпен шұғыл­данса да, бір тиын алмас­тан грек-рим күресінен жат­тықтырушы ретінде шәкірт тәр­бие­леп, жарыстарға апарады. «Семейдің іргесінде Бобровка деген саяжайлы ауыл бар. Тұр­ғындары жан-жақтағы ауылдар­дан келген. Осы ауылдағы мек­тептің спорт залында 2013 жылдан бері балаларды күреске бау­лып жүрміз. Өзім осы күрес түрі­мен 12 жасымнан бастап айналысқанмын. Бізде 107 бала бар. Мен Әли Советханов деген бапкермен бірлесе жұмыс істеймін. Арнайы спорттық бі­лімім жоқ. 1990 жылдары білім алу­ға мүмкіндік болмады. Негізгі жұ­мысым – Ресей мен Қазақстан арасында көлік әкеп сату» дейді Ержан. 

Қуаныштысы сол, қайсар ж­і­гіт 2019 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшін­­­ші кезеңінде жеңімпаз атан­ды.­

Сол кезде тілсіз жаудың құ­ры­ғынан аман шыққан жолаушылар әлі күнге дейін Ержанға хабарласып, жағдайын біліп тұрады екен. Айтпақшы, бейбіт күннің батырын былтыр Ресейдің танымал тележурналисі Андрей Малахов өз бағдарламасына қо­­нақ­қа шақырғаны да бел­гілі. Бі­рақ кейіпкеріміз бұл ұсы­ныс­тан бас тартыпты. «Ресей тіл­шілерінің арасында сол күні «Жолаушыларды басқа адам құтқарды» деп ақпарат тарат­қандары да кездесті. Маған еш­қандай да атақтың қажеті жоқ. Еш­уақытта біреуге хабарласып: «оларды мен құтқардым» деп жар салған емеспін. Бәріне бір Ал­ла куә ғой. Өтірік ақпарат тарат­қандарды өз ұяттарына қал­дырдым» дейді ол.

Көрші елге жиі қатынап тұ­ратын оны ресейліктердің көбі жақсы біледі екен. Барған жерінде танып, келіп, ризашылықтарын білдіріп, суретке түсетін көрінеді. Айтпақшы, дағыстандық саясаттанушы, журналист Руслан Курбанов өзінің инстаграммдағы парақшасында: «Егер бұл жерде ресейлік болғанда баяғыда-ақ ха­лық қаһарманы қылар едік. Ал шағын ғана шаһардан шыққан бұл қазақ ешқайда барып, ерлігін бұлдап жүрген жоқ. Оның еңбе­гін ескермедік. Ұмыттық» деп жазыпты.

Десек те, Ержан Омарханов­тың ерлігін туған халқы біле­ді. Сол үшін де құрметтеп, қадірлей­ді.

 

СЕМЕЙ