• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Маусым, 2020

Бір үміт алға жетелеп...

351 рет
көрсетілді

Тағдырдың салған ісін кәтепті қара нардай көтеріп, еменнің иір бұтағындай мықтылық танытатын қайраты кемел, қажыры мол адамдарды көргенде қайран қалатының рас. Он екіде бір гүлі ашылмаған, мүгедектер арбасына таңылып отырса да, онлайн саудамен айналысып қарекет етіп жүрген қаршадай қыздың ерік-жігері жалпақ жұртқа жақсы өнеге.

Өнегесі несі дерсіз? Біз бұл арада ең алдымен кейіпкеріміздің бойындағы алапат қайсарлықты майдан қыл суыр­ғандай етіп айта отырып, жабыққан жан­ның жарасын жазатын құдіреттің ең­бек екендігін еске салғымыз келгені. Жасыратыны жоқ, он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін азаматтар да айдың-күннің аманында өмірге өкпелеп жүр емес пе? Қазір құлақ сарсытатын себеп – жұмыстың жоқтығы. Сол жоқшылық боркеміктердің ерік-жігерін бордай тоздырып, етегінен тартып-ақ келеді. Ал айтпай келген апаттан мүгедек болып қалғанымен, көкірегіндегі «мен адам­мын, кәдімгі адамша өмір сүремін, ешкімнен кем емеспін» деген сенімді көргенде сезімің селт ете түспей ме?!

Бәрін басынан баяндайықшы. 2015 жылдың қоңыр күзі еді. Дала шіркін алтын жалатқандай жалт-жұлт етіп тұр. Қолдың саласындай аққайыңдардың жапырағы сары бояумен боялып, соңғы биін билеп тұрғандай. Көркем сурет көңіл арбап, қойнауына шақырмай ма? Бір топ құрбы Бурабайға бет алған. Апат айтып келе ме, өрекпіген көңіл сап басылып, қырсық көлденеңнен кездесті. Көлікті тізгіндеген Айғаным Сұлтанова соққыны жүргізуші отырған жақтан алды. Әдетте, мұндай жол-көлік оқи­ға­сында жүргізуші ішкі түйсікпен, еш ой­ланбастан жолаушы жағын тосар еді. Ал Айғаным қасында отырған құр­бысын төтеннен келген апаттан сақтап қалды. Көліктегі қыздардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Ал мұның төрт бірдей омыртқасы опырылып, оң жақ қолы мертікті.

Екі жылға жуық төсек тартып жатуға тура келді. Алғашқы ота сәтсіз болды. Кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы дәрі­гер­лердің көмегіне жүгінген. Үкідей үлбіретіп, желге, күнге тигізбей бағып отыр­ған қыздарының қамын ойлаған ата-ана Ресейге де апарған. Сөйтсе күн­дердің бір күнінде аяғынан тұрып кетуі өзінің ерік-жігеріне байланысты екен. Төсек тартып жатқанында қазбауыр бұлт­тай қалың, найзағайдың отындай санасын күйдіріп өтетін небір ойлар тұмшалаған.

Қайран жастық, қандай әдемі еді. Жас көңілде алаң жоқ-тұғын. Облыс орта­лығындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мем­лекеттік университетінің қаржы факуль­тетіне түскен. Тәжірибеден өтуге банкке жіберді. Әркімнің көңілі құлаған шаруасы болады емес пе, Айғаным да кіш­кентай кезінен сауда-саттықты ұна­татын. Мына жердегі қарбаласқан тір­шілікті көрген соң жұмыс істеуге ұм­тылған. Банкте бір жыл қызмет етіп, сәл-пәл тәжірибе жинақтаған соң сауда саласына ауысты. Алматы мен Бішкектен тең-тең киім-кешек тасыды. Әкелгені іркіліп жатып қалмай, тез өтетін. Бәлкім, саудагерлер көп айтатындай қолы жүрді ме, әлде тауарының үстіне үстемеақыны көп қоспағандықтан ба екен, әйтеуір, қаржы жылдам айналды. Барлығы оңы­нан оралып келе жатқанда жол апа­тының тағдырын тас-талқан еткені...

Алғашқы кезде қайраты кеміп, жігері жасығаны да рас. Талай түнді ұйқысыз өткізді. Қабағы түйілсе, ата-анасының жаны шығып кете жаздайтын. Қарап отыруды жаны сүймейтін ежел­гі әдетімен төсек тартып жатса да бір нәрсемен шұ­ғылданғысы келді. Күн­дердің бір күнінде зейнеткер анасына өтінішін айтқан.

– Қыркүйек айындағы зейнет­ақы­ңызды маған берсеңіз, өз алдыма кәсіп іс­теп көрейін, – деген Айғаным.

– Ал – деген анасы,– бәрі сенің жолың­да­ садаға. Қарағым-ау, өзіңнен аяйтын не бар бізде?

Бұрын талай барған Алматы мен Біш­кекте көзтаныстары бар. Телефон ар­қылы хабарласқан. Төлемақысын алдын ала төлесе, тауарларын жіберуге дайын.­ Осы бір ұмтылыс сәтімен оралып, жұмы­сы жүріп берді. Құрқылтайдың ұясындай ша­ғын үй тауар қоятын қоймаға айналып кете жаздаған кезде әкесі есік ал­дынан дүкен салып берген. Адам ая­ғы сирек жүретін жер болғанымен, Айға­нымның көңілін көтеруге, кәсібіне қол­дау көрсетуге ниет білдірген сыныптас­тары мен жолдастары дүмеп келіп жатты. Олар бұл тауарлар өздеріне керек пе, жоқ па, ол жағы есеп емес, әйтеуір, бар тауар­ды пышақ үстінде бөлісіп алатын. Кейін ойлап қараса, жанын жүдетпей, мұңға батырып мүсіркемей көмек қо­лын созған түрлері екен. Бар шаруа оң­қай асықтай үйіріліп түсе бере ме, кей­де қолбайлау жайлар болып қалады. Сон­дайда қалта телефонымен хабарласса болды, достары бар мәселесін бір сәтте ше­шіп береді, әлі де солай. Дос көңілінің көк­тем райлы демі әз жанын гүлдендіріп жібереді емес пе.

Бірде орталықтағы «Береке» дүкені­нен бөлім ашқан. Бажайлап қараса, қа­сын­дағы екінші бөлім де бос тұр екен. Бірінде төсек-орын жабдықтарын сатса, екіншісінде корей косметикасын сата бас­тады. Бір ғажабы, сауданың салтымен бағасын тым көтерген жоқ. Өзінің айтуы­на қарағанда, негізгі мақсат қырып қаржы табу емес, бос отырмау үшін бір нәр­семен айналысу керек. Ал айналысатын нәрсе аз емес. Күнделікті жұмыстың ара-арасында бассейнге барады, теннис ойнайды.

– Су деген ғажап қой, аға,– дейді Ай­ға­ным, – қол-аяғың жеңілдеп, өзгеше әлем­де жүргендей боласың. Еркін, бос­тан қалпыңда. Тіпті шыққың келмейді. Көресіз күндердің бір күнінде аяғымды басатын боламын. Мен де ел қатарлы екі аяғымды тең басып, құрбыларыммен бірге ғұмыр кешемін.

– Айтқаның келсін!–дедім мен қар­­ша­дай қыздың қайратына сүйсініп. Бір үміт алға жетелеп, бақытсызбын деп баз кешпей, бойындағы бар қажыр-қай­ратын мынау жарық дүниенің қызыл­ды-жасылды қызығын екі аяғын тең басып тұрып көруге ұмтылып келе жат­қан қаршадай қыздың талпынысына таң­данып.

 

Көкшетау