Жаз басталып, карантиннің құрсауынан босаңсыған теңіз жағалауының тұрғындары айдынға барып құрыс-тырысын жаза құлаштай жүзіп, рахаттана демалуды бастап кетті.
Алайда Түпқараған ауданында болған тосын жайт тұрғындарды тосылтып әрі таңырқатып қойды.
Теңізге демалуға барған бес адамды – үлкені 1999 жылы туған жігіт пен ең кішісі 2013 жылы туған балаларды итбалықтар тістеп алған.
Түпқараған аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне екі баланы жедел медициналық жәрдем бригадасы жеткізсе, қалған үшеуі өздері барып дәрігерлерге қаралады. Дәрігерлер балаларда сол білек пен оң жақ білектің тістеуін анықтады. Кішкентай науқастарға алғашқы хирургиялық өңдеулер мен құтырмаға қарсы вакцина егілген, одан кейін олар үйлеріне қайтарылған. Ауруханаға жатқызу қажеттілігі болмаған.
Алдағы уақытта медициналық көмектің қажеттілігі болса, мекенжайы бойынша жалпы тәжірибелік дәрігерді үйге шақыртып, әрі қарай ем-дом шараларын алады. Ал медицина қызметкерлері оқиғаға орай суға шомылу маусымы кезінде сақтық шараларына көбірек көңіл бөлуге шақыруда.
Итбалық – момын сипатты жануар. Көнекөздер де, эколог мамандар да олардың адамға шабуылдауын бұрын-соңды естімегендіктерін айтады.
– Итбалықтар адамға тиіспейді, керісінше алыстан көрген сәтте қашады. Дегенмен бала кезімде үлкендер «теңізге адам бар жерден түсіңдер, әйтпесе итбалық тістеп алады» дейтін. Биолог маман ретінде айтарым – итбалықтар адамға екі жағдайда шабуыл жасауы мүмкін. Біріншісі – қорқу сезімі әлі қалыптаспаған жас итбалықтар ойнау мақсатында тістеуі мүмкін, екіншісі – құтырма сияқты ауруға шалдыққан жануарлар болуы мүмкін, ал оларда қорқу сезімі мүлде болмайтыны түсінікті. Сондықтан теңізге түскенде итбалық көрсеңіз ұялы телефонға суретке түсіру сынды қызығушылықпен оған жақындауға болмайды, тезірек жағаға шығып, алыстан бақылап, қызықтаған жөн. Егер тістеп алған жағдайда дер кезінде дәрігерлік қызметке жүгінген абзал. Сондай-ақ итбалықтарды аштықтан шабуылдады деуге келмейді, себебі олар судағы балықтармен қоректенеді, – дейді эко-амбассадор, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы Әділбек Қозыбақов мәселеге орай пікірлескенімізде.
Қақаған қыста – ақпан айында сарышаян шаққан маңғыстаулықтар енді итбалықтардың адамға шабуылдауын түсіне алмай отыр...
Маңғыстау облысы