Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, өңірде 2019-2020 жылдарға жоспарланған 412 жобаның 305-і бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әлі дайындалмаған. Оның 56-сы күзге дейін мақұлданбақ. Жобалардың көпшілігі Тараз қаласында және Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарында жүзеге асырылмаған.
Бұл ретте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу шараларын жеделдетуді тапсырды. "Мен жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау барысы бес-алты жылға созылатындай ешқандай айтарлықтай себеп көріп тұрған жоқпын. Тек жергілікті жерлерде нақты жұмыс жүйесі қалыптаспаған", - деді ол.
Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев дайын типтік жобаларды қолдануды және бір үлгілегі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге артық ақша жұмсамауды да атап өтті. Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Алмас Мәдиевтің хабарлауынша, облыстық басқармалар, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері облыс әкімінің кейбір тапсырмаларын уақытылы орындамаған. "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асатын Мемлекет" тұжырымдамасы азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруді көздейді. Тұрғындардың мәселелерін шешу жолындағы мен жүктеген нақты міндеттер уақытылы орындалуы тиіс", - деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін облыстағы барлық мектептердің ғимарат ішіндегі жылы дәретханалармен және бейнекамералармен қамтамасыз етілу керектігі де айтылды.
Жамбыл облысы