Көпшілік балаларды сақтандыру тек аса белсенді немесе кәсіби спортпен айналысатындарға ғана керек деп ойлайды. Алайда тәжірибе көрсеткендей, балалар түрлі қауіпті жағдайға күнделікті өмірде көбірек ұшырайды, деп жазады Egemen.kz.
Бала роликтен құлап, жаттығу кезінде жарақат алып, батутта секіріп жүріп қолын сындырып алуы немесе демалыс кезінде ауырып қалуы мүмкін. Кей жағдайда қарапайым қызудың өзі асқынып, балаға шұғыл медициналық көмек қажет болады. Мұндайда ата-аналар тек баланың жағдайын емес, емделуге кететін шығынды да ойлауға мәжбүр.
Мемлекеттік медицина белгілі бір көмекті өтегенімен, ақылы тексерулер, оңалту, қосымша ем-дом және жедел қабылдаулар көбіне отбасы бюджетіне салмақ түсіреді. Сондықтан көптеген ата-ана сақтандырудың маңызын қиын жағдайға тап болғаннан кейін ғана түсінеді.
Астанада балаларды қорғау күніне орай 100-ге жуық іс-шара өтеді
Мамандардың айтуынша, мұндайда ең тиімді шешімдердің бірі – жазатайым оқиғалардан сақтандыру. Бұл полис жарақат алу, ауруханаға жатқызылу, күйік шалу және басқа да түрлі жағдайларда өтемақы төлеуді қарастырады. Кейбір сақтандыру түрлері тіпті ата-ананың бала күтіміне байланысты уақытша еңбекке жарамсыз болуын да қамтиды.
Алайда сақтандыру рәсімдеу кезінде маңызды жайттарды ескерген жөн. Мысалы, барлық полис спорттық жарақаттарды автоматты түрде қамтымайды. Егер бала футбол, хоккей, жүзу, гимнастика немесе жекпе-жек секілді спорт түрлерімен айналысса, сақтандыру келісімшартында бұл тармақ нақты көрсетілуі тиіс. Кей арзан полистер спорт кезіндегі жарақаттарды мүлде өтемейді немесе төлем көлемін шектейді.
Жаз мезгілінде тәуекел одан сайын артады. Өйткені балалар лагерьлерге, спорттық жиындарға, экскурсиялар мен жорықтарға жиі қатысады. Осындай кезде күтпеген жағдайлар да жиілей түседі.
Көп ата-ана лагерь ұйымдастырушылары барлық жауапкершілікті өз мойнына алады деп есептейді. Бірақ тәжірибеде ұжымдық сақтандырудың қамту аясы шектеулі болуы мүмкін. Кейде сақтандыру тек лагерь аумағында ғана жарамды болып, жолдағы немесе көшпелі іс-шаралардағы жағдайларды қамтымайды.
Жазғы демалыс кезінде балалар қауіпсіздігі қалай қорғалады?
Сарапшылар ата-аналарға сақтандыру шарттарын мұқият оқып шығуға кеңес береді. Әсіресе спорттық жарыстар, белсенді демалыс және сапарларға қатысты тармақтарға назар аудару маңызды.