• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 11 Маусым, 2020

Жаңа кодекс – экологиялық қауіпсіздік кепілі

1101 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда экологиялық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің бөлінбес бөлшегі. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған ел Конституциясының 31-бабында «Мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы жағдай туғызатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді» деп тайға таңба басқандай айқын көрсетілген.

Бұл тұрғыда елімізде бір­қатар мәселелер қолға алын­ғанымен, экологиялық ахуалды жақсарту ісінде шешімін таппаған түйін әлі де жеткілікті. Айталық 2019 жылдың орта шенінде Nonеws веб-сайтын­да Numbeo статистикасына сәй­кес қоршаған ортаның ластану деңгейіне қатысты әлем елдерінің рейтингі жария­ланды. Осы рейтингте Қазақ­стан әлемдегі 109 елдің ішінде 25-орынды қанағат тұтыпты. Бұл елімізде төмен экологиялық ахуал қалыптасып отырғанын көрсетеді. Мұның себебі неде? Бұған дейін жүргізілген зерттеулер еліміздегі шаруашылық жүргізуші субъектілер өз қызметтерін атқару кезінде экологиялық талаптар мен заң­ды­лықтарды орындауға ен­жар­лық танытып келгенін дәйек­тейді. Мұндай жағымсыз жайт өз кезегінде аталған мәсе­лені реттеудің төмен деңгейіне әкеліп соқтырған.

Сонымен бірге қоршаған ортаның ластануының жоғары деңгейіне қазіргі қолданыстағы Экологиялық кодекстің солқыл­дақтығы да ықпал еткені бай­қалады. Эколог-маман­дар­дың мәлімдеуінше, елдің басты экологиялық құжаты бір ғана «өзін-өзі бақылау» және «қал­дық қаржыландыру» қағидат­тарына негізделіп келді.

Осы жылдар ішінде аталған кодекске «әкімшілік кедергі­лерді азайту мақсатында» 64 рет түзету енгізілгені де еліміз­дегі зиянды қалдықтар шығара­тын ірі кәсіпорын иелерінің аяқтарын алшаң басуына қолайлы жағдай туғызды. Оның басым бөлігі 2015-2018 жылдар аралығында жасалған екен.

Бес жыл бұрын Кәсіпкерлік кодексі қабылданған кезде де экологиялық бақылау талаптары едәуір төмендетілген. Сөйтіп әлеуметтік-экология­лық маңызы жоғары шаралар субъектіге бармай-ақ бір ғана профилактикалық бақы­лау­лар жүргізумен ауыс­ты­рыл­ған. Осы уақыт аралы­ғын­да кә­сіп­керлерге салына­тын әкім­шілік айып­пұл мен арыз мөлшерін едәуір мөл­шер­де төмендету мәсе­лесі қайта қа­ралған. Бұған қоса айып­­п­ұл төлеуге жататын лас­­тау­­шы заттар тізілімі де қыс­қар­­тыл­ды. Осылайша, «әй дей­тін әже, қой дейтін қожа» бол­­ма­ған соң еліміздегі ауаны ла­с­тау­­шы кәсіпорын иелері эко­­ло­­гия­лық талаптарды белден басу­ды әдетіне айналдырды. Атал­­ған кереғар көріністің елі­­­міз­­дің жетекші индустрия­лы ай­мағы Ақтөбеге қатысы жө­­нін­­де облыстық экология де­пар­­­та­­менті басшысының орын­­ба­­сары Ерболат Қожықов жеткізді.

– Бұдан он жылдан астам уақыт бұрын, яғни 2008-2009 жыл­дары тек Ақтөбе облысы бойынша қоршаған ортаны ластағаны үшін жиналған тө­лем­дер сомасының көлемі ша­ма­мен 20 млрд теңгеге жа­қын­дап қалатын-ды. Әйтсе де 2019 жылы облыстық бюджет­ке түсетін айыппұлдар мен тө­лем­дер мөлшері екі есеге дейін төмендеп, небәрі 9 млрд теңгені құрады. Мұны та­би­ғат пайдаланушылардың эко­логиялық талаптарға нем­құрай­ды қарауының салдары десек, қателесе қоймаспыз, – деді ол.

Әрине, мұндай жағдай өңір­дегі ірі кәсіпорындарда қор­шаған ортаға эмиссияны азайту және өндірісті жаң­ғырту жұмыстары мүлдем жүр­гізіл­меген дегенді білдір­­мейді. Облыстағы ірі кәсіпорын­дар­дың бірі Ақтөбе хром қосын­дылары зауыты 2001 жыл­дың өзінде коммерциялық өнім­дерге арналған шикізат өнді­рудің тың технологиясын ен­гізген еді. Осылайша моно­хромит тұнбасын шламды то­ғандарға орналастыру­ды төрт есе азайтуға жол ашыл­ды. Сонымен бірге алты валенттік улы хром құрамы алты есеге дейін төмендетілді. Әрі ат­мос­фералық ауаға канце­роген­­ді қосылыстар мен кальций хром­дары шығарылуын бол­дыр­маудың таптырмас мүм­кін­дігі жасалды. Арада үш жыл өткен соң іргелі кәсіп­орын ISO14001 талаптарына сәй­кес­тік сертификатына қол жеткізді.

Мұндай оң мысалды Дөң тау-кен байыту комбинатына қатысты айтуға да болады. Мұнда артық және қуыс жы­­­ныс­тарды пайдаланылған каръер­­­лерге орналастыру техно­­ло­­­­гия­сы енгізілді. Оның көме­гі­­­­мен қор­шаған ортаға теріс әсер­­­ді едәуір көлемде тө­мен­­дету­­ге мүм­­кіндік туды. Сон­­дай-ақ өңір­де «Жасыл эко­но­ми­­каны» ор­­нық­тыру жө­нін­дегі іс-қи­­мыл бағ­дар­ла­ма­сы экология­лық ахуал­ды сауық­тырудың бір жолы ретінде қарас­тырылған. Оны өңір жаңа­шылдары италиялық инвес­­тор­лармен бірлесе отырып жүзе­ге асыруда. Былтыр Қарғалы ауданын­да қуаты 48 мега­ват­тық жел-электр бекетінің алғашқы кезе­ңі іске қосылды.

Әйтсе де жоғарыда айтыл­ған­дай, өңірдегі саусақ­пен санар­лықтай кәсіпорындар­дың экологиялық нормативті толық жүзеге асыру жөніндегі қапы­сыз қадам-қимылы жүзде­ген ірі және орташа кәсіпорын шоғырында аздық ететіні де аян. Сол себепті Ақтөбе облы­сының экологиялық жағдайы күрделі күйінде қалып келеді. Өйткені өңір аумағында ауаны ластаушы зиянды заттар көлемі жылдан-жылға өсуде. Бұл тұрғыда Ақтөбе өңірлер арасында төртінші орында тұр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр облысқа келген сапарында орын алған экологиялық проблемаларға баса назар аударған болатын. Экологиялық проблемаларды шешудегі басты тетіктердің бірі – қоршаған ортаға теріс әсерін тигізетін факторларды барынша төмендету. Өңірде істің осы тұсы екі аяғын тең баса алмай тұр деуге болады. Бұл тұрғыда соңғы жылдары заңды тұлғалар өз қадамдарын қоршаған ортаға зиян келтіретін пайдамен өлшеп жүргендері өкінішті-ақ.

Экологиялық қарым-қаты­нас­тарды тұнығы лайлан­баған қоршаған ортаны ластағаны үшін төлеген ірі көлемдегі айыппұл ақшасымен өлшеуге мүлдем болмайды. Ақиқатын айтқанда, қоршаған орта Ата заңымызда көрсетілгендей – мемлекетіміздің басты бай­лығы. Бейнелеп айтқанда, бұл – ұлт денсаулығының кепілі. Мәселен, соңғы кезде медицина мен денсаулық сақтау саласындағы қаржылан­дыру көлемін көтеру қажеттігі жө­нінде жиі айтыла бастады. Дұ­рыс-ақ, бұл – құптауға да, қол­дауға да тұрарлық мәселе. Соны­мен бірге бұрын болмаған ауру түрлерінің өсуіне қандай құбылыстардың әсер еткені ұдайы назарда тұрса, ұтылмас едік. Яғни эколог-ғалымдар аурудың 30 пайызы қоршаған ортаның ластануымен байланысты болатынын мәлімдеп отырған жағдайда, айтылған жайттың өзектілігі тереңдей түспек. Бүгінде ел азаматтары Парламентте талқылау саты­сында жатқан жаңа Эколо­гиялық кодекстен үлкен үміт күтеді.

– Мұнда атмосфералық ауа­ға жіберілген зиянды заттар мен қалдықтарды барынша төмендету үшін ең озық технологияны қолданған отандық және шетелдік компанияларды экономикалық тұрғыдан ынта­ландырудың тиімді тұт­қа­лары қарастырылған. Сонымен бірге экологиялық кодекс жобасында кешенді экологиялық рұқсат ала алмаған кәсіпорындар үшін төлемдердің едәуір өсуі белгіленген. Сондай-ақ экология саласында орын алған құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату мәселелері де кеңінен көрініс тапты. Жаңа экологиялық кодекс жобасындағы мүндай өзге­рістер еліміздегі бірқа­тар алпа­уыт кәсіпорын ие­леріне ұнамауы мүмкін. Сон­дық­тан олар бұл кодекстің қабылданбауына мүдделі болуы ғажап емес. Дегенмен жаңа кодекс еліміздегі күрделі экологиялық проблеманы реттеуге оң ықпалын тигізе алатынына сеніміміз мол, – дейді Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов.

Шын мәнінде, жаңа эколо­гия­лық кодекс елі­міздегі қор­шаған ортаны ластай­тын ірі кәсіп­орын­дардың жауап­кер­шілігін көтеруге ықпа­лын тигі­зіп, экологиялық мәде­ниеттің өсуіне оң әсерін тигізе­тін болса, ел-жұрттың тілегі қабыл болғаны емес пе?!

 

АҚТӨБЕ