Қазыналы өңірдің экономикасын өркендетуге серпіліс беретін стратегиясы жасақталды. Стратегия негізгі өңдеу өнеркәсібін дамыту, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті, туризм саласындағы мүмкіндіктер және көлік пен логистика саласын дамыту сынды төрт бағытты құрады.
Өңірде биыл өңдеу өнеркәсібінде тамақ өнімдері, машина құрастыру, пластмасса өндірісі салалары сынды жаңа 7 жобаны іске қосу арқылы жалпы инвестиция тарту 11,3 млрд теңгеге жоспарланып отыр. Бұлардың қатарында Түпқараған ауданында «Ақтау-агро» ЖШС құс фабрикасының құрылысы, «Орда» өндірістік компаниясы» ЖШС қант шикізатын қайта өңдеу және оның негізінде қант құмы мен науат өндіру шағын зауытын салу және пайдалану, «Сталелитейный центр» ЖШС болат құю зауытының құрылысы мен Мұнайлы ауданында «Жамалбек» ЖШС құрама жем зауытының құрылысы, «PERAPLASTIC SEZ» ЖШС полипропилен қаптамасын өндіру, «Достық полимер плюс» ЖШС полимерлік қаптаманы өндіру зауыты, сондай-ақ «ОSS Kazakhstan» ЖШС «Мұнай және бұрғылау жабдықтарын өндіру, қызмет көрсету және жөндеу өндірісі» бар.
Бұдан басқа қолданыстағы қызмет етіп тұрған кәсіпорындардың қуаттылық жүктемесін арттыру және жаңа өндірістерін ашу бағытындағы жұмыстар жүргізіледі. Негізгі мақсат өңірдегі 300-ден астам кәсіпорындармен бірлескен жұмысты жандандыру. Бұл жобалар үшін Үкімет тарапынан да бірқатар қолдау тетігі қаралған. Нәтижесінде, биыл жалпы өңірлік өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 4,5%-ға, шикізаттық емес тауарлар экспортын 90 млн долларға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Ал агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттыру бағытында облысқа азық-түлік өнімдерінің көп бөлігі өзге өңірлерден және шет мемлекеттерден келетін болғандықтан агроөнеркәсіп саласында 3 негізгі бағыт қарастырылған. Олар – жаңа жобаларды құру, егіс алқаптарын ұлғайту, істеп тұрған субъектілерге қолдау көрсету. Бұл тұрғыда мал шаруашылығын дамыту аясында жайылымдарды сумен қамту үшін 60-қа жуық қазылған құдықтарға субсидия берілетін болады. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы аясында 300-ден астам жобаға шағын несие беру жоспарлануда және «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша кемінде 35 жобаға қолдау көрсетіледі және «Агробизнес-2020» және өңірлік «Нұр Капитал» бағдарламалары аясында тиімді механизмдер жасақталды.
Өңір халқын жергілікті көкөніс өнімімен қамтамасыз ету көлемін арттыру үшін – жылыжай алаңын 27,4 гектардан 34,4 гектарға жеткізіп, биыл 72 жылыжайға жеткізіп, суармалы жерлерді де арттыру жоспарланған.
Мемлекет басшысының «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» қанатқақты жобасы аясында, сатып алу және сату жүйесін қалпына келтіру механизмі қарастырылған. Бұл жобалар іске асқан жағдайда агроөнеркәсіп кешені саласында 2020 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 24 млрд теңгеге дейін жетіп, қосымша 700-ден астам жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.
Үшінші бағыт болып танылған туризм саласын дамыту бойынша биыл 665 жұмыс орны құрылып, жалпы құны 64 млрд теңгені құрайтын 3 жоба пайдалануға беріледі. Оның арасында «Риксос Ақтау» көпфункционалды туристік-қонақүй кешені, «Достар» қонақүй кешенінің аквапаркі мен «Холидей ИНН» қонақүй кешенінің аквапаркі. Ал Маңғыстау өңірінде айтулы маңызға ие көлік және логистика саласын дамыту бойынша Каспий бассейніндегі қазақстандық порттарының жүк айналымындағы Ақтау портының үлесі – 60%, Құрық порты – 23%, Солтүстік терминал – 17%-ды құрайды.
Қазіргі таңда Ақтау порты контейнерлік хабты құру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл Каспий өңірі мен Орталық Азия елдері үшін порт аумағында контейнерлік парк қалыптастыруға, өз жүгін портқа дейін автокөлікпен де, темір жол жылжымалы құрамы, контейнерлермен де жеткізу және одан әрі жөнелту үшін клиенттерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл шаралардың жүзеге асырылуы теңіз порттарында жүк ағынының ұлғаюына тың серпін береді. Сондай-ақ осы жылы 217,4 шақырымды құрайтын 7 автомобиль жолдарының реконструкциясы мен жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бейнеу, Ақшұқыр, Қызылтөбе, Баянды, Басқұдық ауылдарында 44,4 шақырым жол салынады және 52,2 шақырым жол орташа жөндеуден өткізіледі. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жаңа автомобиль жолдарын салу және қолданыстағыларын жөндеу бойынша 3 облыстық, 7 қалаішілік және 20 ауылішілік маңызы бар жолдар жасалады. Жоғарыда аталған төрт бағыт толықтай жүзеге асса өңірде екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Шығыстарды оңтайландыру да маңызды
Жоспар-жобалары маңызды Маңғыстау шығыстарды оңтайландыру жүйесіне көшті.
Төтенше жағдай және карантин уақытында жоспарланған барлық мәдени, спорттық шара, іссапар, семинар, біліктілікті арттыру курсы, мемлекеттік тапсырыс көлемі азайтылды. Нақтырақ айтсақ, бюджет шығыстары 8,8 млрд теңгеге қысқартылды. Оның бір бөлігі төтенше жағдай кезінде өңірде азық-түлік қорын толықтыруға, эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізуге, карантиндік режімді сақтау шараларына бағытталды.
Маңғыстау облысы әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, қазіргі бюджет көлемі 160 млрд теңге құрап отыр. Оның толық орындалысын қамтамасыз ету үшін оңтайландыру жұмыстары жалғасады.
Қазір денсаулық саласына қолдау көрсету ауқымды іске асуда. Ол үшін медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында арнайы жоспар жасақталған. Биыл Ақтау қаласындағы онкологиялық орталықтың және Жаңаөзен қаласында 50 төсек орнына арналған медициналық орталығының құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласындағы жаңа жедел-жәрдем стансасы және Қызылсай ауылында дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріледі. Көптен бері шешімі табылмай жүрген өзекті мәселе, ол – Мұнайлы ауданындағы орталық аурухана құрылысы. Аталған жобаны тездету үшін Үкімет қарауына ұсынылды. Сондай-ақ қосымша жаңа медициналық нысандарды салуға жеке инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Ақтау қаласындағы 1 шағын аудандағы бұрынғы Ішкі істер қызметкерлеріне арналған емхананы және 37 шағын аудандағы емхана салуға белгіленген жерге емхана салу жеке инвестор арқылы жүргізілетін болады.
Денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық базасын нығайту бағытында бюджет және бюджеттен тыс қаражаттар есебінен 4 млрд теңгеге 61 ИВЛ және 5 УЗИ аппараттары, 58 жедел-жәрдем көліктері, 3 компьютерлік томограф сатып алынды.
Жалпы, инфекцияның алдын алу мақсатында денсаулық сақтау ұйымдарында барлығы 1727 төсек-орындар дайындалды. Сондай-ақ карантин мезгілінде медицина мамандарын ынталандыру үшін мемлекеттік бюджеттен 126 млн теңге бөлініп, мыңға жуық маманға қаржылай қолдау көрсетілген. Маңғыстау облысында медицина саласында маман тапшылығын шешу үшін жыл сайын грант беріледі. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында 522 медицина маманы оқытылуда. Сондай-ақ салаға қажет мамандар басқа өңірлерден де шақыртылуда. Олар үшін Мұнайлы ауданындағы жатақханадан 30 бөлме беріледі, Жаңаөзен қаласында денсаулық сақтау саласының қажет мамандарына 15 пәтер сатып алынды. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы іске қосылғаннан бері 412 маманға үй сатып алуға несие берілді.
Өңір экономикасының дамуына әсер ететін тағы бір бағыт құрылыс саласы десек, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 419 пәтерге арналған тұрғын үй құрылысы мен сатып алу аяқталып, оның 215 пәтері көпбалалы аналарға жалдамалы тұрғын үй ретінде берілетін болады.
Несиелік тұрғын үй бойынша Ақтау қаласында 627 пәтерге арналған 18-ші және 33-ші шағынаудандардағы нысандар құрылысын аяқтау жоспарлануда. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 163 несие беру, аз қамтылған 300 отбасына тұрғын үй сертификаты беріледі. Тұрғын үй құрылысы саласында биыл 1,2 млн шаршы метр пайдалануға берілмек.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өңірде 144 жоба іске асырылып, 8 500 жұмыс орны ашылатын болады.
Білім саласында 61 жоба іске асырылады. Ақтау қаласында 1 жаңа мектептің және Бейнеу ауданындағы 2 қосымша құрылыс есебінен жаңа 924 орындық мектеп салынады. Бұл үш ауысымды оқытудың үлесін азайтуға мүмкіндік береді.
Өңірде шағын және орта бизнес саласы бойынша 53 мыңға жуық субъект жұмыс істеп, 120 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Карантин режімі кезінде шағын және орта бизнес өкілдеріне ауыр салмақ түсуіне байланысты облыс бойынша жыл соңына дейін 17 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері салықтан босатылды.
«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 жобаның сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы кәсіпкерлердің несие пайызын арзандату мен 130 жобаны кепілдендіру, «Еңбек» бағдарламасы аясында 346 жобаға қолдау көрсету жоспарлануда.
Аталған бағыттардың аясында іске асырылатын жұмыстардың нәтижесінде облыста 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Маңғыстау әлеуметтік-экономикалық бағытта осы жоспар-жобалар төңірегінде алға жылжуды ұстаным етіп отыр. Жақсы жобалардың жүзеге асып, игілігін халық көруі – бәрінен маңызды екені белгілі.
Маңғыстау облысы