Ел экономикасының қозғаушы күші – шағын және орта кәсіпкерлік. Бұл маңызды бағытқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі басымдық беріп келеді. Соңғы жылдары шағын және орта кәсіпкерлік саласы республикамыздың оңтүстік шекарасындағы Шымкентте қарқынды даму үстінде. Бүгінде кәсіпкерлер түрлі мемлекеттік тексерістерден арылып, салықтан босатылды. Осы мамыражай шақ олардың кәсібін әрі қарай өркендетуіне көп мүмкіндік беруде.
Кәсіпкерге кедергісіз қызмет көрсетіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дағдарыс кезінде кәсіпкерлік саласына қолдау көрсету туралы тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында «Бизнеске арналған Үкімет – Shymkent INVEST» кеңсесі жаңа форматта қайта ашылды.
Бұл жоба кәсіпкерлерге бір көзден орталықтандырылған мемлекеттік және сервистік қызметтерді жедел алуға көмектеседі. Мұнда нишалық жобаларды сүйемелдеу, жеңілдетілген 1 пайыздың несие беру, «1000 сауда орны» бағдарламасы бойынша жер телімдерін алу және қаржы секторы, тауарды жылжыту, инвестиция, цифрлы, құқықтық, компетенция және мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Осылайша кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін бірыңғай хаб құрылады. Сонымен қатар мұнда кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге «Бизнес-мектеп», «Бастау-бизнес» оқыту бағдарламалары бойынша кәсіпкерліктің негізі оқытылады.
Кеңсенің ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов өңірдегі экономикалық жағдайды жақсарту бойынша қабылданған антикризистік шаралар өз жемісін беретініне сенімді екенін жеткізді. Сондай-ақ бағдарламада межеленген микроқаржы ұйымын құрып, жеңілдетілген несие, нишалық жобалар мен «Егістіктен дүкен сөресіне дейін» және басқа мемлекеттік бағдарламалардың бүкіл мүмкіндігі барынша қолданылатынын айтты.
Іс-шара барысында сөз алған Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік саласында жыл соңына дейін жалпы 29,5 млрд теңге игеру жоспарланғанын атап өтті.
«Бағдарлама аясында нишалық жобаларды іске асыру қолға алынып жатыр. Қазіргі таңда кәсіпорындармен осы нишалық жобалардың тізімін жасақтау үстіндеміз. Бүгінде 80-нен астам нишалық жобалар жасақталды. Осының аясында біз импорт алмастыруды қамтамасыз етіп, 400 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтып, 100 жаңа тауардың түрін және жаңа 30 кәсіпорын ашуды жоспарлаудамыз. Бұл бастаманы іске асыру мақсатында құрылып жатқан Микроқаржы ұйымы арқылы қаржыландыруды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек, Микроқаржы ұйымы «Еңбек» бағдарламасы аясында бөлініп жатқан қаржыларды да игеруге ықпалын тигізеді», деді Нұрлан Қабыштаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарында «Егістіктен дүкен сөресіне дейін» қанатқақты жобалары іске қосылатын болады. Бұл ретте түркістандық шаруалар өндіретін тауарларды өткізу нарығының бірден бір нүктесі Шымкент қаласы болмақ. Түркістан облысында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін Шымкент қаласында қайта өңдеп, орау және қаптама жасау арқылы тамақ өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға, өзіндік қосалқы шаруашылықтың (ЛПХ) көлеңкелі экономикадан шығуына және қосымша жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылуда
Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы аясында «Shymkent» ӘКК» АҚ қаржыландыруымен «Асар-2» шағын ауданындағы 10 тұрғын үй және Тұран шағын ауданындағы екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы карантин жағдайына қарамастан қарқынын тоқтатар емес.
Жыл басында екінші деңгейлі банк салымшыларына тиесілі тұрғын үйлерді Жастар жылы аясында қаладағы жас мамандарға берген болатын. Ашынған банк салымшылары өздеріне тиесілі үйлеріне қол жеткізе алмай әбігерге түскен еді. Осы мәселені ескерген жергілікті билік Шымқаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің үлесін арттыруды мықтап қолға алды.
Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысып, «Шымкент Сити» мен «Тұран» шағын аудандарында мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан үйлердің құрылысын аралап шықты.
Шаһар басшысы құрылыс жұмыстарының қандай сапада жүргізіліп жатқанын бақылап, мердігерлерге жұмысты жандандыруды және құрылыста отандық материалдарды пайдалануды міндеттеді. Сондай-ақ жауапты сала басшыларына инфрақұрылым мәселесін кешеуілдетпей тез шешуді тапсырды.
Жалпы, мегаполисте биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы және «7-20-25» бағдарламасының аясында, барлық қаржы көздері есебінен 13 636 пәтерлі 252 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның жалпы ауданы 1 млн шаршы метрді құрайды. Оның ішінде, 78 тұрғын үй бюджет, 48 үй «Shymkent» ӘКК» АҚ және 126 үй жеке салушылар есебінен жүргізіліп отыр. Биыл 136 көпқабатты тұрғын үй немесе 7561 пәтер пайдалануға беріледі.
Еліміздің үшінші мегаполисіндегі «Shymkent» ӘКК» АҚ-мен жалпы ауданы 146 мың шаршы метрден астам 44 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде «7-20-25» бағдарламасы аясында 24 үй, ондағы пәтер саны 1016, ал бюджет қаржысымен жалпы пәтер саны 1213 болатын 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп отыр. Бұдан бөлек көпқабатты тұрғын үйлерге жапсарласып, әлеуметтік, тұрмыстық, сауда-саттық және ойын-сауық орталықтары да салынады.
Тұрғын үйлер «Тұран», «Асар-2», «Шымкент сити», «Шығыс» шағын аудандары мен әкімшілік-іскерлік орталығында және Водопьянова көшесінде салынуда. Бұл тұрғын үйлердің 24-і маусым айының соңында пайдалануға берілсе, 17-і жылдың соңына қарай тапсырылады. Қалған үш тұрғын үй келер жылы берілмек.
Бұл пәтерлердің 1 шаршы метрі 225 мың – 250 мың теңге аралығында сатылмақ. Таңдаған пәтер құнының 20 пайызы болса, қалған қаржыны банк арқылы «7-20-25» бағдарламасымен 7 пайызға, 25 жылға дейін рәсімдеуге болады.
Жылыжайлардың көлемі арта түспек
Шымкент жылыжайлардың отанына айналады. Оған жыл сайын қала аумағында ашылып, жұмыс істеп жатқан ірі агро секторлардың жұмысы дәлел. Шымкент қаласында жылыжай көлемі артып келеді. Биылдың өзінде 6 гектарға жуық жылыжай кешені іске қосылып, қаладағы жабық кешендердің жалпы аумағы 200 гектарға жетті. Жыл соңына дейін тағы 15 гектар өнеркәсіптік жылыжай айналымға қосылады деп жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Шаһардағы жылыжайлардың 62 гектары соңғы үлгіде жабдықталған әлеуетті өндірістер. Жаңа технология бойынша, яғни түркиялық, испаниялық қондырғылармен жабдықталған. Осылайша жылдан-жылға қалада өндірілетін көкөністің сапасы артып келеді.
Шаруалар мегаполис тұрғындарын жыл бойы көкөніспен қамтуды жоспарлап отыр. Былтыр Шымкенттегі жылыжайлардан 7200 тонна өнім жиналып, одан түскен қаржы көлемі 2,4 млрд теңгені құраса, биыл өнім көлемін 10 мың тоннадан асыру көзделіп отыр.
Сондай-ақ осы салаға маманданған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қалада «Агроиндустриалды аймақ құрылды. Қазіргі таңда жылыжайларға 32,3 млн теңгеге дейін тыңайтқыштардың құнын арзандату бойынша субсидия беріліп, мемлекеттік қолдаулар жүзеге асырылып жатыр. Жуырда Шымкенттегі агроиндустриалды аймақтағы 30 гектар жерге жылыжай кешені салынады.
Шымкентте жаңадан құрылған агроиндустриалды аймақта жалпы инвестиция құны 5,5 млрд теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде, жаңадан 500-ден астам жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар құрылыс барысында 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл туралы қала әкімі М.Әйтеновтің төрағалық етуімен өткен жиында ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы бағытындағы жобаларды сәтті жүзеге асыру мақсатында екі кезеңді қамтитын жол картасы дайындалған.
«Жол картаға сәйкес бірінші кезеңде агроиндустриалдық аймақта 30 гектар өнеркәсіптік жылыжай кешенін салушы инвесторларға жер үйлестіруге қажетті құжаттары жинақталды. Өз кезегінде, жеке инвесторлар жылыжай кешенін салу жобаларын 2020-2022 жылдар аралығында жүзеге асырмақ. Ал екінші кезеңнің жобалары 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын болады», деді басқарма басшысы.
Осы ретте қала басшысы агроиндустриалды аймақты дамыту арқылы қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылық өнімдерінің импортталуын азайту қажет екенін айтты. «Агроиндустриалды аймақтарды құрудағы басты мақсат – қаламыздың инвестициялық мүмкіндігін арттырып, ауыл шаруашылығы саласында инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Жобада ауыл шаруашылығы саласын дамытып, аграрлық секторды экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру көзделіп отыр, сондықтан да тиісті ұйымдастыру жұмыстарына қарқын беру керек», деді М.Әйтенов.
Агроиндустриалды аймақтың негізгі артықшылықтары: инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды шаруаларға тегін жеткізу, кәсіпкерлерге субсидия алуға қолдау көрсету, өнімді тасымалдау мен сақтауды ұтымды ұйымдастыру.
Интернет қызметін жақсарту – басты назарда
Шымкент қаласы аумағы 100 пайыз жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі. Мұндай тапсырманы қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһарды интернетпен қамту мәселелері бойынша онлайн режімде өткен аппараттық жиында берді.
Жыл басында шаһар басшысының жылдық есебінде қалаға қосылған елді мекен тұрғындары байланыс қызметінің нашарлығы туралы базынасын айтқан еді.
Жуырда қаладағы шағын аудандарды жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету жайын баяндаған цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Ақжігітов қала аумағындағы 105 шағын аудан мен тұрғын алаптары интернет желісімен қамтамасыз етілгенін, соның ішінде мобильді интернетке – 74, сымды интернетке – 79, талшықты-оптикалық байланыс арнасына 49 шағын аудан қол жеткізгенін атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінде интернет желісіне қатынау мүмкіндігі бар үй шаруашылықтарының үлесі 90,7 пайызды құраған. Оның ішінде 98,5 пайызы мобильді кең жолақты байланысқа, ал 21,8 пайыз сымды кең жолақты байланысқа қосылған. Ал интернет желісін пайдаланушылар үлесі 80 пайызды, тіркелген интернет абоненттерінің саны 75,5 пайызды құрайды екен. Бұдан бөлек, ол 20 шағын ауданда интернет желісі, ал 16 тұрғын алабында мобильді интернет сапасы нашар екенін айтты.
Жиын барысында байланыс операторлары тұрғындардың денсаулыққа зиян келтіреді деген шағымдарының әсерінен бірнеше шағынаудандарда базалық стансалар алынып тасталғанын айтып, базалық стансаларды орнатуға арнайы жердің қарастырылмағанын жеткізді.
Осы ретте, қала әкімі жылдамдығы төмен аймақтарды 100 пайыз жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамтамасыз етуді тапсырды.
«Қаланың әрбір тұрғыны сапалы интернетке қол жеткізуі керек. Қазір мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі интернет арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан сапасы төмен елді мекендерге көңіл бөліп, 5G жылдам интернет желісін қолға алуымыз керек», деді М.Әйтенов.
Қаладағы кейбір шағын ауданда 5G тұрмақ, 4G желісінің сапасы төмен екенін айтқан шаһар басшысы Шымкент қаласын жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету үшін стратегиялық жоспар құрып, 5G технологиясына өтуді жүктеді. Сонымен қатар әкім салалық басқармаға ұялы байланыстың базалық стансалары мен қажетті жабдықтарды орнатуға тиісті жер учаскесін бөлу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
ХХІ ғасыр жаңа технологиялар ғасыры. Сондықтан ғаламтордың қала түгіл ауыл, елді мекендерде дұрыс қызмет көрсетуін қадағалау кезек күттірмейтін жұмыс. Осыны ескерген қала әкімі шағын аудандарды сапалы интернетпен қамту мәселесі қаралған кеңес өткізді.
Еліміздің үшінші мегаполисін сапалы интернетпен қамту жайы – күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында әкім әр он күн сайын осы салаға жауапты мамандардың басын қосып, интернет сапасын жақсарту шаралары қалай жүргізіліп жатқанын пысықтауда. Қашықтан оқу барысында ата-аналардан интернет сапасының нашарлығы туралы көптеген шағым келіп түскенін айтқан Мұрат Дүйсенбекұлы төтенше жағдай кезінде қала аумағында сапалы интернетпен қамту мен жылдамдығын күшейту мәселесі әлі күнге шешілмегенін көрсеткеніне тоқталды. Осы ретте әкім интернет желісінің жұмыс істеу сапасын жақсарту мақсатында, байланыс операторларымен бірлесе, байланыс желісінің сапасы төмен жерлерді анықтап, өлшем жұмыстарын жүргізуді және сапасы нашар қамтылған аймақтарда қосымша базалық стансаларды орнату бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі келесі басқосуға дейін интернетпен қамту мәселесі бойынша 5 және 10 жылдық даму жоспарын дайындауды тапсырды.
Ескі қалашықтағы қызу еңбек
ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына орай көне Шымкенттің 2200 жылдығын мерекелеу қарсаңында Ескі қалашық шаһардағы тарихи сәулеттік жобаның біріне айналары анық. Бүгінде аталған орында археологтер, реставраторлар мен құрылысшылардан құралған 100 шақты адам аспан асты музейінің құрылысында еңбек етіп жатыр.
2002-2003 жылдары Ә.Марғұлан атындағы археология институты мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың бірлескен экспедициясының көмбе заттарды қазып шығару жұмыстарының нәтижесі Шымкенттің тарихи жасы 2200 жыл деген қорытынды жасауға себеп болды. Зерттеулер қаланың біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтан бастау алатын тарихы тым тереңде екенін дәлелдеп берді. Ескі қалашықтағы мәдени қабаттардың тереңдігі орта есеппен 14 метрге дейін барады. Археологтер ең төменгі қабатынан б.з.д. ІІ ғасырдың басы мен ІІІ ғасырдың аяғы деп көрсетілген керамика бұйымдарының бөліктерін тапқан.
Осылайша археологтердің бірлесе күш салуының нәтижесінде келешек туристік, тарихи орынның 8 мың шаршы метр аумағында аршу жұмыстары жүргізілуі керек еді. Сол аралықта ХІХ ғасырдағы қалалық цитаделдің тарихи тұрпатын қалпына келтіру үшін реставраторлар да қосылды. Құжат қабырғалар мен мұнараны, қырғын кезіндегі және бақылау алаңшаларын, кіру есіктерін қайта қалпына келтіруге жол ашты. Ал 2019 жылдың күзінде тарихи жердегі қазба жұмыстарына құрылысшылар да кірісті.
ШЫМКЕНТ