• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Маусым, 2020

Бес мың шақырым жолда бес мың ақау бар

176 рет
көрсетілді

Жамбыл облысында жол жөндеу жұ­мыс­тары жүйелі жүргізіліп келе жат­­қанымен, уақыт өткен сайын түр­­лі кемшіліктер де анықталуда. Жа­уап­сыз жұмыстың кесірінен қа­зы­на қаржысының желге ұшып, жы­­лым­ға кетіп жатқанын көруге бо­лады.

Облыстық полиция департаменті әкім­ші­лік полиция басқармасының қыз­мет­кер­лері өңірдегі 5 мың шақырымнан астам көлік жолын тексеру кезінде 5 мыңға жуық ақау тапқан. Осы орайда өңірде 70 лауазымды тұлға сапасыз жолдар мен қозғалыс қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін жауапкершілікке тартылып отыр. Оның ішінде жолдарда, темір жол өткелдерінде жол құрылыстарын жүргізу бойынша талаптарды орындамағаны үшін 60 лауазымды тұлға және жолдардың, темір жол өткелдерінің және басқа да құры­лыс­тардың немесе жол қозғалысын рет­теу­дің техникалық құралдарының жарам­сыз­ды­ғы үшін 10 жеке тұлға бар.

«Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету мақсатында облыстың автомобиль жолдарында 5365 шақырым жол қам­тылып, оларға қатысты 787 тексеру жұ­мыстары жүргізілді. Тексеру барысында 4867 ақау анықталды. Оның ішінде рес­пуб­ликалық маңызы бар жолдарда 975 ақау, облыстық маңызы бар жолдарда 536 ақау, аудандық маңызы бар жолдарда 539 және елді мекендердің көше-жол тораптарында 2802 кемшілік анықталды», дейді Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев. Тексеру нәтижелері бойынша жол ме­ке­мелерінің тиісті басшыларына 787 ұйға­рым беріліп, 705 жауап алынған. Оның 400-ден астамында қаржыландырудың бол­мауынан орындау мерзімі созылып жат­қа­ны айтылған. Автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстауда анықталған кем­шіліктер бойынша жергілікті атқарушы орган­дарға 87 ақпарат, облыстық және аудан­дық прокуратура органдарына 26 ақпа­рат жолданған.

 

Жамбыл облысы